Спорт

Дәстүрлі дода ұлттық спорт түрімен толықты

АУДАНЫМЫЗДА ЖЫЛ САЙЫН ДӘСТҮРЛІ ТҮРДЕ ӨТКІЗІЛІП ЖҮРГЕН АУЫЛ ЖАСТАРЫНЫҢ ЖАЗҒЫ СПАРТАКИАДАСЫ БИЫЛ АСТАНА ҚАЛАСЫНЫҢ 20 ЖЫЛДЫҒЫНА ОРАЙ АТАҚТЫ ДИХАН Ш.БЕРСИЕВТІҢ АУЫЛЫНДА АЙРЫҚША ДЕҢГЕЙДЕ ӨТТІ. ОЛАЙ ДЕЙТІН СЕБЕБІМІЗ БИЫЛҒЫ СПАРТАКИАДА АУДАРЫСПАҚ, ТЕҢГЕ АЛУ СЕКІЛДІ ҰЛТТЫҚ ОЙЫН ТҮРЛЕРІМЕН ТОЛЫҒЫП ОТЫР.

 

Ауыл жастарының жазғы спартакиадасының ашылу салтанатына арнайы қатысқан аудан әкімі Дастан Сағыров «Жалпы біздің қазақ жұрты ұлттық спорт десе ішкен асын жерге қоятыны жасырын емес. Бүгінгі шарада соның бір жарқын көрінісі іспеттес. Өйткені жыл сайын өткізіліп жүрген жастар спартакиадасына ат спорты қосылып отыр. Бұл игі спорттық шара ата-бабаларымыздың салып өткен ізі, атағы шыққан өңірде болып жатыр. Демек, бүгінгі жастарымызда сол бабалар ізімен биіктен әлемге әйгілі деңгейде көрінулерің керек», — деп барлық спортшыларға сәттілік тіледі. Келесі ретте ауыл ақсақалы Жауғашты Жонысов барлық спортшыларға ақ батасын берді. Әрі қарай 300-ге жуық спортшы волейбол, футбол, қазақ күрес, қол күрес, гір тасын көтеру, 100 метрге жүгіру, асық ату, үстел тенисі, тоғызқұмалақ сынды спорт түрлерінен бақтарын сынады. Жалпы ауыл жастарының жазғы спартакиадасына Берсиев ауылдық округі белсенділікпен дайындалған. Біз ауылдың тазалығы мен тұрғындардың қонақжайлығын екі күннің ішінде-ақ аңғарып үлгердік. Онда осы ауылдың уақытша тізгін ұстап, ауыл әкімінің міндетін атқарып отырған Әділбек Избасов жаста болса іскерлігін көрсетті. Сонымен бірге, ауыл жастары жазғы спартакиадасына аудандық мәдениет үйі өнерпаздарының үлесі зор болды. Оған қоса әр сайысты әділ өтуін қадағалаған төрешілердің де еңбегі орасан. 

Волейбол

Толығырақ тарқатсақ, спартакиаданың алғашқы күнінде волейболдан қыздар арасындағы ақтық бәсекеге Қараой, Қайыңды, Берсиев командалары шықты. Қыздар арасындағы қызу ойында Қараой, Берсиев командалары қайыңдылықтарға есе жіберіп алды. Ойын басынан қарымды ойын көрсеткен қараойлықтар екінші орынды еншіледі. Ал, берсивтік қыздарымыз үшінші орынды місе тұтты. Волейболдан ерлер арасынды бәсеке сол күні түстен кейін басталды. Екінші күні ақтық ойынға суырылып шыққан Кемер, Берсиев, Қайыңды командалары тартысты ойын көрсетті. Жанкүйерлерінің қолдауы жоғары дода да кемерліктер жеңімпаз атанды. Қайыңды командасы екінші орында қалса, Берсиев командасы тағы да үшінші орынға жайғасты.

Футбол

Ал, футболдан былтыр ғана «Өңірлерді дамыту» бағдарламасы бойынша салынған шағын алаңда теңбіл допты ойынға алғаш болып Кемер, Берсиев командалары қосты. Бұл командалардың шағын футболдан әбден шыңдалғаны байқалып тұрды. Келесі айналымдағы кездесулерде де барлық командалар жоғары ойын көрсетті. Нәтижесінде Қайыңды командасы ІІІ орынды қанжығасына ілсе, ІІ орын Қараойлықтар қоржындарына түсті. Ойын басынан ширақ қозғалған Кемер командасы І орынды жеңіп алды.

Айтулы дода да әр команданың ұпай санын жекелей сынға түскен спорт түрлерінен жеткен жетістіктері толықтырды.

Тоғызқұмалақ

Тоғызқұмалақтан өткен сайыста он ойланып, мың толғанған спортшыларымыз команда қоржындарындағы ұпай санын есеппен еселеді. Ұлттық ойын түріне жататын спорттың бұл түрі адамның ой-өрісінің ұшқырлығымен есеп-қисапқа қас шеберлігін талап етеді. Сондықтан бұл бәсекеде спортшыларымыз асығыстық танытпады. Ерлер мен қыздар арасындағы сында Н.Арихов пен А.Есекен жеңімпаз атанды.

Үстел тенисі

Бұл сында нағыз ептілер топ жарды. Жарысты алдымен жігіттеріміз қыздырса, қыздар жағы ойынды әрі қарай жалғады. Бір мезетте өткен әр спорт түрі команда ұпайын еселейтінін жақсы білетін спортшыларымыз қарсыластарына сәлде болса есе жібермеуге тырысты. Нәтижесінде қараойлық Е.Жиенбеков пен сарбиелік Әсима Абайқызы әп-сәтте алға шықты.

Гір тасын көтеру

Спорттың бұл түрі қатаң бақылауға алынды. 24 килограмм гір тасын жұптап көтерген спортшылардың әр көтерген сәті әдіс бойынша саналды. Әр спортшыға 10 минуттан уақыт берілді. Берілген уақыт 48 киллоны бағындыра білгендерге үлкен мүмкіндік болды. Айтқанымыздай бұл мүмкіндікті қалт жібермеген спортшыларымыз өз салмақтарында шеберліктерін көрсете білді. Нәтижесінде 63, 68, 73, 78, 85, 95, +95 килограмм салмақ дәрежесі бойынша А.Балтабаев, Ш.Ботаев, Н.Сәрсенғалиев, А.Төлепберген, А.Амиров, А.Егізбаев, Н.Алимбетовтер жүлденің І орындарына ие болды.

Қазақ күрес.

Түстен кейін тамыздың аңызағы төбеден тамып тұрған кезде

55, 60, 66, 74, 82, 90, +100 салмақ дәрежелері бойынша боз кілемде бақтарын сынаған балуандарымыз қазақ күресінің керемет айла-әдістерін көрсете білді. Мұнда да қазақ күресі палуандарының жанкүйерлері көп болды. Қарсыластарын қас қағым сәтте қарқынды күшпен көтеріп алып, жауырынын шаң қаптырған палуандарымыз жанкүйерлеріне еріксіз таңдай қақтырып, ыстық қолдауға бөленді. Күннің ыстығынан қызып тұрған боз кілемде белдескен палуандарымыз жеңіс үшін аянып қалмады. Сондықтан болар оларға күннің қызуы кедергі бола қоймады. Барлық палуандарымыз чемпионға тән төзімділік танытты. Сонымен қазақ күресінің қорытындысына тоқталсақ, жоғарыда көрсетілген салмақ дәрежелері бойынша Н.Болысбаев, С.Асылханов, Д.Еркаш, Ж.Табынбаев, Н.Бердалиев, Б.Берікұлы, Б.Жетпісбаевтар ауыл спортшылары арасында чемпион атанды.

Қол күрес

Дана халқымыз «Білекті бірді жығады, білімді мыңды жығады» десек бүгінгі дода бірді жығу арқылы жеңіске жетуге болатынын көрсетті. Өйткені нағыз білекті жігіттер күштерін сынға салды. Олардың көбісі күштерінен гөрі әдістеріне көбірек арқа сүйеді. Жалпы нәтиже бойынша  60, 70, 80, 90, 100, +100 килограмм салмақ дәрежесі бойынша Е.Жармағамбетов, Е.Жабасов, Н.Бердалиев, Е.Иманғалиев, Ә.Сұлтанов, Т.Есенғазиндер жеңімпаз атанды.

Асық ату

Асық ату сайысы спортшыларымызға түкте қиындық келтірмеді. Ебін тауып, ұпай еншілеуге көп мүмкіндік болды. Алайда асығыс әрекеттің салдарынан әттеген-ай деген тұстарда кездесті. Бірақ, қолдары жасынан жаттыққан сұрмерген спортшыларымыз ұлттық ойынның абыройын асқақтатты. Нәтижесінде қайыңдылық Б.Қайырбеков пен Д.Құрманғазинаның асықтары әлшісінен түсті. Бір айта кетерлігі бұл спорт түрін былтырғы жылы ауыл жастарының спартакиадасында Саралжын ауылдық округі қосқан болатын.

100 метрге жүгіру

Аса шапшаңдықты қажет ететін 100 метрге жүгіру сайысы бойынша нағыз желаяқтар бақ сынады. Бұл сайыс күннің қызуы баспай тұрып, келесі күні таңертемен өтті. Қыздар арасында қараойлық Гүлдана Төлегенова желаяқ атанса, ұлдар арасында берсиевтік М.Бақытжан қарсыластарынан оза шапты.

Теңге ілу

Ауыл шетінде өткен ат үстіндегі спорт түрлері өте тартысты болды. Ат үстінде отырып жерден теңге алу сайысына тақымды сайып қырандарымыз қатысты. Ойынға мінгіге әбден үйретілген жуас аттар пайдаланылды. Ойыншыларымыз қос тартпалы ерттелген атқа кезектесе мініп, ойынның шарты бойынша теңгеге жеткенше отыз, қырық метр қашықтықтан жүгіріп келіп тегіс жерде арнайы қойылған теңгені ептілікпен еңкейе алды. Жазық жердегі теңгені алуда қараойлық Асыланбек Қартқожаққа тең келер ешкім болмады. Жалпы командалық есеп бойынша да қараойлықтар жеңімпаз атанды.

Аударыспақ

Ал, аударыспақта батыр тұлғалы, күшіне мығым жігіттеріміз атқа қонды. Атап өтсек, далада өткен ұлттық спорт түріне қолдау көп болды. Бір қуанарлығы ат үстіндегі дүбірлі додаға көптоғайлықтар тұлпарларын күні бұрын жаратып әкеліпті. Шыны керек сол күнгі жарысты қыздырғанда осы көптоғайлықтар болды. Оның нақты айғағы аударыспақта қол жеткізген жүлдесі. Тарқата кетсек, 60, 70, 80 килограмм салмақ дәрежесі бойынша Өмірбек Маратов, Ринат Смағұлов, Еркебұлан Егізовтар қарсылас шыдатпады. Жалпы командалық есеп бойынша Көптоғай командасы көптен дара шықты.

Мінекей осылайша қарсыласын қалдырсам деп оза шауып, ойынға тоймай бойларында намысы қайнаған спортшылардың екі күндік спартакиадасының қорытындысына тоқталсақ, жалпы командалық есеп бойынша Қайыңды командасы 192 ұпаймен 3 орынға жайғасса, олардан 4 ұпаймен алға шыққан көптоғайлықтар 2 орынды еншіледі. Ал былтырғы жылы үшінші орынды қанжығаларына байлаған қараойлықтар биыл қызу дайындықпен қарымды ойын көрсетіп ауыл жастары спартакиадасының жеңімпазы атанды. Спартакиада соңында аудан әкімінің орынбасары Асқар Қазыбаев барлық спортшылар мен мен ұйымдастырушыларға, демеушілерге шексіз алғысын білдіріп, алдағы уақытта ауданның спортын бірлесіп әлі де жандандыру керектігін жеткізді. Одан кейін барлық жеңімпаздар мен жүлдегерлерге арнайы алғыс хаттар мен бағалы сыйлықтар табысталды. Келесі жылы спартакиада атақты шопан, Социалистік Еңбек Ері Бекіш Ғалымовтың ауылында өтеді.

Муса ӘДІЛБАЙҰЛЫ,

Ойыл-Берсиев-Ойыл.

 

 

Басқа жаңалықтар