Әлеумет

«ӘРЕКЕТ БОЛМАЙ БЕРЕКЕТ БОЛМАЙДЫ»

«Ер дәулеті — еңбек» — демекші, біздің өңірде еңбектің нанын татып, кәсібін дөңгелетіп отырған жандар аз еместігін газетіміздің өткен санында да айтқан болатынмын. Міне осындай еңбекке ерте жасынан араласып, алға ұмтылған жандардың бірі, біздің бүгінгі кейіпкеріміз Бернияз Шомпақов. Ол алдымен «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасының ұйымдастыруымен «Бастау бизнес» кәсіпкерлік негіздері оқыту курстарынан білім алды. Одан кейін «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» арқылы 6 пайыз жеңілдетілген несие алып, жаңа кәсібін ашты. Бұрын ауданда пластик терезе жасайтын цехтарда 5 жылдай жұмыс жасап, осы кәсіптің қыр-сырын толық меңгерген Бернияз қазіргі таңда өз алдына бөлек пластик терезе жасаумен айналысады. «Кедейлік кетсін десең еңбек ет, молшылық жетсін десең еңбек ет» дегенді ұстанған жігіт алғашында бұл кәсіпті ашу оңай болмағанымен пластикалық терезе жасауды ауласындағы шағын гараждан бастап кеткен. Алдағы уақытты кәсібін кеңейтуді көздейді. Оның басты айғағы үйінің алдынан жаңа цехтің іргетасын құйып, қабырғасын қалауды бастап кетіпті. Құрылыс жұмыстары тезірек бітсе, қыстың қытымыр мінезіне қарамастан кәсібін тоқтатпайды. Қазір аудан басында үй салып жатқандардың қатары көп. Шаңырақ көтеріп, отбасылық өмірге қадам басқан әр жас отбасы жеке үй салуға ниетті. Демек әр салынған үйге терезе қажет. Оның ішінде осы пластик терезе шексіз сұранысқа ие. Бернияз сондықтан да осы кәсіпті таңдаған. Бір шаршы метр терезені 18-20 мыңға бағалайды. Әр тұтынушы үйінің көлеміне қарай өзіне қажетті көлемде терезе жасата алады. «Еңбек етсең ерінбей, Тояды қарның тіленбей» демекші, қазір оған түсіп жатқан табыс, жасалынып жатқан жұмыстың жемісі екені даусыз. Ол, «Әрекет болмай берекет болмайды», — дейді. Расымен де оның бұл сөзі көпке ой тастайды. Тіпті енжарды еңбекке шақырып тұрғандай әсер етеді.

Муса ӘДІЛБАЙҰЛЫ,

Ойыл селосы.

Басқа жаңалықтар