Әлеумет

Бар несібін еңбекпен тапқан

«Әйел бір қолымен бесікті тербетсе, бір қолымен әлемді тербетеді» дейді дана халқымыз. Бұл жерде әлемді тербетпестен бұрын бесіктегі періштемізді пәктікпен тербетіп, тәртіппен ер жеткізу басты парызымыз. Демек, «Ел боламын десең, бесігіңді түзе!» — деген осыдан қалса керек. Мінекей «Отан отбасынан басталады» — деген мақалды ту етіп, мұздай бесік таянып, бес бала тәрбиелеп, «ұлын ұяға, қызын қияға» қондырып отырған жандардың бірі Рысты Майлыбаева апамыз. Бүгінде айналасына тары-талқанымен таныс Рысты апай одан бөлек шұлық, қолғап тоқиды. Алпыстан енді ғана шыққан ол, өзінің күш-жігерінің арқасында аудан орталығындағы ашық базарда шағын саудасын жүргізеді. Сырт көзге беймаза көрінген «пысық кемпірдің» есіл-дерті еңбек ету. Оны жан-жағындағыларға да жиі айтып отырады.

Аудандық ауруханада 35 жыл кіші қызметкер болып жұмыс жасап, зейнеткерлікке шыққан Рысты апамыздың бұл ісі еріккендік емес. Керісінше үйде де, түзде де ерінбей еңбек етіп, адал нан табудың үлгісін көрсетіп жүр. Жолдасы Алпысбай ағадан осыдан 18 жыл бұрын Алланың ісімен айырылып қалса да, оның балалары да әдептен озған емес. Үлкен ұлы Нұрлан бір кездері аудандық мешіттің бас имамы қызметін атқарса, қазір Алла жолында адал қызмет атқаратын аймаққа таныс молда. Одан кейінгі балалары да бос жүрген жоқ. Сүт кенжесі Айгүл аудандық ауруханада психолог қызметін атқарады. Рыста апа барлық балаларына дән риза. Қазіргі таңда қыздан шөбере сүйіп отырған аяулы ана немерелерінің санын айтпады. Аллаға сансыз шүкіршілік етеді. Әйтсе де оны бір нәрсе алаңдатады. Ол екі қолға бір күрек ұстап білек сыбанып еңбек етуге арланатындар сыңайлы. Көп жасамаса да, өмірден көргенін мысал етіп, көңіл тиегін ағыта сөйлеген апа «бүгінгідей бейбіт заманда «жұмыс жоқ» деп жүрген жандарға қарап, қарным ашады» деген шындығын жасыра алмады. Өткен өмірі өнегеге толы Рысты апа аудандық «Замандас» әжелер клубының мүшесі. Ол қолы қалт етсе қоғамдық шараларға қатысып, кейінгі жас буынға тәлім-тәрбие беріп келеді.

Муса ӘДІЛБАЙҰЛЫ.

Басқа жаңалықтар