ӘкімдікБасты тақырыпРухани жаңғыру

«Jas barys» жастарға серпін берді

Жуырда Ақтөбе облысындағы Өнер орталығында облыстық «Jas barys» жастар форумы өтті. Шараға облыс әкімі Бердібек Сапарбаев, ҚР Қоғамдық даму министрлігі Жастар және отбасы істері комитеті төрағасының орынбасары Асхат Оралов, әртүрлі салада еңбек етіп жүрген қыз-жігіттер, жастар ұйымдарының төрағалары мен белсенділері, еріктілер, спортшылар, кәсіпкерлер, барлығы 1200 адам қатысты. Сонымен бірге айтулы форумға біздің ауданнан да арнайы делегаттар, яғни белсенді деген он жас арнайы барып, қатысып келді. 

Форумның негізгі мақсаты — Елбасы Жолдауынан туындайтын міндеттерді жастар арасында кеңінен насихаттау, сондай-ақ, жастардың бойына патриотизмді қалыптастыру, олардың рухани дамуы, еңбек, білім беру және денсаулық сақтау салаларындағы әлеуметтік құқықтарын қамтамасыз ету. Жиында алғаш боп сөз алған ҚР Қоғамдық даму министрлігі Жастар және отбасы істері комитеті төрағасының орынбасары Асхат Оралов еліміздің болашағы жастар екенін атап өтті.
— Шығыстың ұлы ойшылы әрі философы Әбунасыр әл-Фараби бір сөзінде: «Елдің болашағын көргің келсе, сол елдің жастарына қара» деген екен. Барлығыңызға мәлім, Елбасы өткен айда халыққа арнаған Жолдауында Қазақстандағы отбасы институтын кешенді қолдау — мемлекеттік саясаттың негізіне айналуы тиіс екенін айтты. Және келесі жылды Жастар жылы деп жариялауға ұсыныс білдірді. Ақтөбенің жастары осыны қолдайды деген сенімдеміз.
Елбасы әрдайым жастарға ерекше көңіл аударып, еліміздің, халқымыздың болашағы жас ұрпақтың қолында дейді. Сондықтан
біз, жастар белсенділік танытып, еліміздің одан сайын өркендеуіне аянбай үлес қосуымыз керек, — деп лебізін білдірді.
Одан соң бір топ жас сөз сөйлеп, өздерінің форумға қатысты ой-пікірін ортаға салды. Солардың бірі — ауылдағы қыз-жігіттердің атынан Аслан Әбуов:
— Әр сала бойынша үздіктер бас қосқан облыстық форумға қатысу — мен үшін зор мәртебе.
Еліміз Тәуелсіздік алғалы жеткен жетістіктеріміз аз емес.
Қазақстан әлемнің дамыған 50 елінің қатарына кірді.  Осының барлығында жастардың сіңірген еңбегі зор.
Елбасы Жолдауында айтқандай, ауылдарда өмір сүруге қолайлы жағдай жасасақ, шетелде оқып келген жастарымыздың өзі ауылда
еңбек етері анық. Осы орайда көзі ашық, көкірегі ояу жастардың атынан біршама ұсыныс айтқым келеді. Мәселен, шағын және орта бизнесті ауылдан бастап дамытатын болсақ, экономикамыз жоғары болатын еді. Сондай-ақ, ауылдарда лингвистикалық мектеп ашсақ, үштұғырлы тіл саясаты одан әрі қарқынды дамитыны сөзсіз.
 Елімізді, соның ішінде экономика мен экологиямызды дамытатын — ғылым. Ол үшін ауылдарда зертханаларды көптеп ашсақ, бізден де
Нобель сыйлығының иегерлері шығатынына күмән жоқ.
Абай айтқан бес асыл қасиетті бойымызға дарытып, оны әрі қарай игеру үшін өз-өзімізге талап қойсақ, біз алмайтын асу жоқ. Жастар,
алға! — десе, жас кәсіпкер Бақыт Молдагереева  өзіне сенгендердің ғана жұмысы алға басатынын, еңбек еткеннің етекте қалмайтынын атап өтті. Ал көршілес Орынбор облысынан форумға арнайы келген жас кәсіпкерлер комитетінің төрағасы Дмитрий Чернов мұндай шаралардың маңызы зор екенін айта келе, Қазақстан мен Ресей жастары арасындағы байланыстың нығая беруіне тілектестігін білдірді.  Тағы бір қатысушы — облыстық филармония жанындағы қазақ камералық хорының көркемдік жетекшісі Мирбол Құспанов Ақтөбеден дарынды балаларға арналған музыкалық мектеп-интернат пен Жастар үйін салуға ұсынысын білдірді. Оның ойынша, бұл —жастарға жасалған үлкен қолдау болар еді.
Жастардың ұсыныс-тілегін, Жолдауға қатысты ой-пікірін тыңдаған облыс әкімі Бердібек Сапарбаев:
— Мемлекеттің, ұлттың болашағы — жастар. Сіздер — бақыттысыздар. Өйткені Тәуелсіз Қазақстанның перзентісіздер.
Сіздердің көз алдарыңызда Қазақстан дамып, көркею үстінде. Ел
Президенті Нұрсұлтан Назарбаев сіздер үшін барлық жағдайды жасап жатыр. Оның бір көрінісі — келесі жылды Елбасы Жастар жылы деп атады. Ең бастысы, жалқаулықты қойып, жақсы білім алып, Отандарыңыздың дамыған 30 елдің қатарына енуіне үлес қосуларыңыз керек.
Біз де Елбасының тапсырмасын орындау мақсатында биылғы жылды «Бақытты бала» деп атаған едік. Бұған қатысты жұмыстар келер жылы да жалғасады. Жаңа көптеген ұсыныс-тілектер айтылды. Оның барлығын сараптаймыз.
Форумның атын «Жас барыс» деп атауымыздың өз мәні бар. Өйткені барыс — батыл аң. Ақылды. Ата-бабамыз да бұл аңды ерекше құрметтеген. Жастарымыз да сол сияқты болса, Қазақстанымыз өсіп-өркендей береді.
Жастарға қатысты барлық бағдарламалар жалғасын табады. Оның ішінде жыл бойына жалғасатын «Жасыл ел» бағдарламасы бар.
Сіздерді облыс басшылығы атынан форумның өтуімен құттықтаймын. Біз сіздермен бірге жұмыс істеуге әрқашан дайынбыз, — деп жүрекжарды тілегін білдіріп, артынша әртүрлі салада еңбек етіп жүрген 15 жасты марапаттады. Олардың арасында
мәдениет, спорт, журналистика саласындағы жас мамандар, еріктілер, т.б. бар. Форумның соңында жастар Үндеу қабылдап, Елбасының ұсынысына сай алдағы жылдың Жастар жылы деп бекітілуін қолдайтынын, елге адал қызмет етуді азаматтық борышы санайтынын тілге тиек етті.
Айта кетейік, форумның жұмысы таңертең Шығармашылық академиясы орталығының үлкен залында «Жетістікке жетудің 10 құралы» атты семинар-тренингтен басталған-ды. Оны жүргізген — Алматы қаласынан келген сала маманы Эмин Әскеров. 29 жасқа дейінгі барлық санаттағы қатысушы жастарға, мұнымен бірге, «Жастар – жарқын болашақ бастауы», «Өңірдегі еріктілер қозғалысының бүгіні мен ертеңі», «Экономиканы басқару — аумақты дамытудың бағдарламасы», «Білімді, кәсіби жастар — ел ертеңі» атты түрлі бағыттағы секциялық жұмыстар ұйымдастырылды. Оған аудан жастары да тартылды.

Басқа жаңалықтар