ӘкімдікБасты тақырып

«Халықтың қауіпсіздігін қамтамасыз ету» жобасы Өткен аптада Ойылда бірнеше бағыт бойынша жұмыс атқарды

ӨТКЕН БЕЙСЕНБІДЕ АУДАН ӘКІМДІГІНІҢ МӘЖІЛІС ЗАЛЫНДА МЕМЛЕКЕТ БАСШЫНЫҢ «ҚАЗАҚСТАНДЫҚТАРДЫҢ ӘЛ-АУҚАТЫНЫҢ ӨСУІ: ТАБЫС ПЕН ТҰРМЫС САПАСЫН АРТТЫРУ» АТТЫ ҚАЗАҚСТАН ХАЛҚЫНА АРНАЛҒАН ЖОЛДАУЫ МЕН «ХАЛЫҚТЫҢ ҚАУІПСІЗДІГІН ҚАМТАМАСЫЗ ЕТУ» ЖОБАСЫНЫҢ ЖҮЗЕГЕ АСЫРЫЛУЫ БОЙЫНША ЖИЫН ӨТТІ. ОЙЫЛ АУДАНЫНДА ТӨРТ БАҒЫТҚА БӨЛІНГЕН ТОП ӘР ЖЕРДЕ КЕЗДЕСУЛЕР ӨТКІЗІП, ЖҰМЫС ТОБЫНЫҢ САПАРЫН ТҮСІНДІРДІ.

Ал, жиынға облыстан арнайы келген меймандармен бірге мекеме басшылары мен қызметкерлері, ақсақалдар мен жастар және қоғамдық ұйымдар өкілдері қатысты. Жиынды әрі қарай ағымдағы жылдың 5 қазанында Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты Қазақстан халқына арналған Жолдауын ауылдар мен елді мекендерге шығып кеңірек түсіндіру мақсатында ауданға арнайы келген меймандар кезекті түсінік жұмыстарымен жалғады. Елбасы Жолдауындағы міндеттердің барлығы – халықтың, қарапайым тұрғындардың денсаулығын, әл-ауқатын көтеруге және халық қауіпсіздігін қамтамасыз етуге арнады. Сондықтан жиын негізінен осы бағытта өрбіді. Алғаш болып сөз алған Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университетінің оқытушысы, экономика ғылымдарының докторы, профессор Халел Құсайынов қазір экономикамыз жыл сайын көтеріліп келе жатқандығын ол бәріміздің бірлесіп жасап жатқан еңбегіміздің жемісі дей келе білім мен ауыл шаруашылығы саласына тоқталды. Бұл салаларды әлі де дамыту үшін Елбасының Жолдауы зор мүмкіндіктерге толы екенін де баса айтты. Одан кейінгі кезекте Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының Ақтөбе облыстық ұйымы төрағасының орынбасары Жанғабыл Қабақбаев «біз бүгін сан ғасырлардан бері ата-бабамыз армандаған азаттыққа қол жеткізіп, бейбітшіліктің боз ала таңында берекелі, бақытты күн кешіп жатырмыз. Қой үстіне боз торғай жұмыртқалаған заманға жеттік. Әлеуметтік желіні еркін пайдаланып, ұлттық арналар мен күнделікті жаңалықтардан хабардармыз. Баяғыша мейман дос, қонақжай қалпымызда өмір сүріп, ешкімді шеттеткен жоқпыз. Бүгінде егемендіктің арқасында Қазақстанда қазақ ұлтының өз салмағы 67 пайызға жетті. Ақтөбе қаласында тұрғылықты халықтың 82 пайызы қазақ ұлтының өкілдері. Сондықтан ағайын Тәуелсіздікке жету барда, сол Тәуелсіздікті баянды ету бар. Міне осы орайда біз бірлік пен ынтымаққа сызат түсірмей, әрқайсымыз отан сүйгүштік қасиетімізді кемітпеуіміз керек», — деп ойын еркін жеткізді. Келесі ретте Ақтөбе облысы Қазақстан халқы Ассамблеясы хатшылығының меңгерушісі Нұрбақыт Барбосынов Елбасы Жолдауындағы мақсаттар мен міндеттер атқарушы органдарға берілген тапсырма деп түсініп, Жолдауға үлкен қолдау білдіру керектігін баяндаса «Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» Ақтөбе облыстық филиалының бас маманы Қамбар Мұқашов айтулы сала бойынша толыққанды мәлімет берді. Тарқата кетсек, әлеуметтік медициналық жүйесі әр Қазақстандық үшін өте қолайлы. Өйткені сіздің әлеуметтік медициналық сақтандыру қорына салатын жарнаңызды 2020 жылға дейін жұмыс беруші өз қаражаты есебінен аударатын болады. Отаның барлық түрін тегін жасалуға мүмкіндік бар. Егер кімде кім жұмыссыз болса жұмыссыздық орталығына тіркелу қажет. Бізде мемлекет жұмыссыз, он сегіз жасқа дейінгі балалар, мүгедектер, жұмыс жасамайтын оралмандар, жүкті әйелдер, студенттер, көп балала аналар, түрмеде жазасын өтеп отырғандарға жарна аударады.

Атап өтсек, дәл сол күні Ақтөбе облысы Қазақстан халқы Ассамблеясы хатшылығының меңгерушісі Нұрбақыт Барбосынов «Нұр Отан» партиясы Ойыл аудандық филиалы ғимаратында қоғамдық қабылдау өткізді.

Осы жоба аясындағы енді бір топ «Тәуелсіздіктің 20 жылдығы» атындағы мәдениет және демалыс орталығында тұрғындармен кездесу өткізді. Бұл жиынға аудан әкімі Дастан Жарылқасынұлы қатысып келген қонақтарды таныстырып өтті. Айта кетсек, Ақтөбе облыстық ауылшаруашылық басқармасының мал шаруашылығы бөлімінің бас маманы Нұржан Қабиев, Ақтөбе облысының жұмыспен қамту үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшысының орынбасары Гүлзада Алматбаева, Ақтөбе облысы кәсіпкерлік басқармасы басшысы Айзада Тоқсанбаева сынды қызметкерлер келіп халықтың хал-ахуалын тындап кеңестер берді. Бір жарым сағатқа созылған жиында көптеген мәселелер айтылды. Жалпыламай келген қонақтардың сөзіне тоқтала өтсек, «Ойыл ауданында халықтың мұқтаждығын ескеріп, әлеуметтік мәселелерін шешу мақсатында жәрдемдесуге келіп отырмыз. Бүгін 11 адамнан құралған медициналық топ жұмыс атқарады. Олар Ойыл ауданының төрт ауылында қызмет көрсетеді. Сонымен қатар, жұмыс барысында халықтың денсаулығын тексеруге оның ішінде балаларды және де алыс ауылдарға стомкар қызметі — балалардың тісін емдеуге, күтінуіне кеңес беру мақсатында ұсынылайын деп отыр. Сондай-ақ шұғыл ота жасалатын болса, медициналық топ тұрғындарға облыстық дәрігерлер тарапынан көмек көрсететін болады. Ал, енді бір топ мүмкіндігі шектеулі азаматтардың, аз қамтылған отбасылардың үйін аралап, олардың тұрмыстық жағдайларымен танысып қандай мұқтаждықтары бар соған сәйкес көмек көрсету шараларын алатын болады. Сонымен қатар еңбек ұжымдармен кездесіп еңбек заңдылықтарының сақталуы, міндетті зейнетақы аударымдарының жүргізілуі, сонымен қатар міндетті сақтандыру қорына ақша аударымдары сынды мәселелерді анықтап, нақты жұмыс жүргізуге келіп отырмыз» — деді Ақтөбе облысының жұмыспен қамту үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшысының орынбасары Гүлзада Алматбаева. Әрмен қарай келген қонақтар да сөз кезегін алып, өздерін толықтай таныстырып қандай салада көмек көрсете алатындықтарын айтып кетті. Жиналыс соңы әр сала мамандарының халықты ашық қабылдау өткізуімен жалғасты.

Облыстан арнайы келген топтың негізгі мақсаттарының бірі дәстүрлі дінімізді насихаттап, жастардың жат ағымның етегіне еруден сақтау. Осы орайда облыстық білім беру басқармасы жанынан құрылған арнайы комиссия тобы Ойыл аграрлық колледжінде студенттермен кездесті. «Дін мен қоғам» тақырыбын негізге алып қазіргі жағдайға байланысты баяндама жасалды. Сонымен қатар шеберлік сағаттар өткізіліп, арнаулы парақшалар таратылды. Одан кейін жобаның 1 бағыты бойынша «Кең көлемдегі ақпараттық түсіндіру жұмыстары және өзекті мәселелерді шешу» бағытындағы жұмыс тобының да мақсаты діни экстремизмнің алдын-алу және радикалды діни ағымдардың ұстанымдарын халыққа түсіндіру. Аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Мұратбай Айдарбаев келген қонақтарды таныстырып, студенттермен кездесуді жалғады. Топтың құрамында облыстық дін істері басқармасының бас маманы Нұрпейіс Сәрсенбаев, облыстық «Нұр Ғасыр» мешітінің найбы Нұрбол Смағұлов, «Аңсар» ақпараттық талдау орталығының теолог маманы Жандос Мирманов болды. Олар жоспарға сай күн тәртібіндегі мәселелерді талқылап жастарға қоғам ағысындағы өзгерістер мен жаңалықтарды жеткізді. Түстен кейін аудандық орталық ауруханасында болған жұмыс тобы ақ халаттылар ұжымымен жиын өткізіп, екпе туралы, одан бас тартқан ата аналармен жұмыс істеу жайында сөз қозғалды. Жалпы ауданымызда діни ахуал тұрақты. Саусақпен санарлық өзге бағытта жүрген жандармен түсінік жұмыстары ұдайы жүргізілгендіктен нәтижесіз емес. Ал қазіргі таңда екпеден бас тартқандар жоқ деп айтуға болады.

Осы жобаның бірінші бағыты бойынша «Кең көлемдегі ақпараттық түсіндіру жұмыстары жəне өзекті мәселелерді шешу» бағытындағы жұмыс тобы сол күні күні аудандық полиция бөлімінің жеке құрамымен кездесті.
Кездесу барысында Ақтөбе облыстық полиция департаментінің қызметкері Дархан Ахметов, облыстық орталық «Нұр Ғасыр» мешітінің наиб имамы Нұрбол Смағұлов пен «Аңсар» ақпараттық талдау орталығының теолог маманы Жандос Мирмановтар діни экстремизмнің алдын-алу және радикалды діни ағымдардың ұстанымдары туралы түсіндірді. Сондай-ақ полиция қызметкерлерінің сауалдарына жауап беріп, ақпараттық жадынамалар мен арнаулы кітаптарды таратты.

Жобаның аясындағы жемістер

Үшінші топ мүшелері төрт округте кездесулер өткізсе, дәрігерлер 668 адам адамға әртүрлі медициналық көмектер көрсетті. Олардың 11-не аудандық ауруханаға, үшеуіне облыстық ауруханаларға жолдама берілді. Ал, дәрігер-хирург Ерлан Сұлтангереев екі адамға Ойылда ота жасады. Стоматолог дәрігерлер болса, 206 балаға тіс күтімі туралы кеңестер берді.

Осы жобасы аясында аудандық мəдениет үйінде «Қазақ əндері» дəстүрлі əн орындаушыларына арналған шеберлік сағаттары ұйымдастырылды. Шараға облыстық Халық шығармашылығы орталығының дəстүрлі əншілері Қоянбай Тобағабылов пен Бағдат Балмағамбетовалармен бірге аудан орталығынан мəдениет саласының қызметкерлері мен білім саласының музыка пəні мұғалімдері, үйірме жетекшілері қатынасты.

Сондай-ақ, Ойыл балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінде шағын футболдан турнир өтті.

Жарыс қорытындысы бойынша 3 орын Көкжар мешіті, 2 орын Ойыл ауылдық округі, 1 орын Ойыл балалар-жасөспірімдер спорт мектебі иеленді. Сонымен қатар білекті жігіттер қол күрестіріп, күш сынасты. Шағын футболдан және қол күресінен жеңімпаздар аудандық дене шынықтыру және спорт бөлімінің грамоталарымен және медальдарымен марапатталды.

Басқа жаңалықтар