Әлеумет

«Жастар өнер орталығының» іргесіне аманат-хат салынды

Өңіріміздің басшысы Бердібек Мәшбекұлының бастамасымен облыс көлемінде мемлекеттік-жеке меншік әріптестік жобасы аясында сәулеті мен келбеті жарасқан ғимараттар бой көтеруде. Бүгінгі күнде аудан орталығында мемлекеттік-жеке меншік әріптестік жобасы бойынша жеке кәсіпкер Сәуле Дәулеталинаның қолдауымен құны 170 миллион теңге тұратын қазіргі заман талабына сай келетін «Жастар өнер орталығы» ғимаратының іргетасы қаланғалы тұр. Осы орайда өткен сенбіде «Жастар өнер орталығының» алғашқы құрлысы болашаққа хат қалдыру дәстүрімен басталды. Болашақ ұрпаққа аманат қалдыру мақсатында салынғалы тұрған ғимаратқа арналған капсулаға аманат хатын ҚР мәдениет қайраткері, мәдениет саласының ардагері Амангелді Жұманов пен «Замандас» аналар клубының төрайымы, Халықтық «Ақ әже» ансамблінің мүшесі Гүлжан Булаева салды. Келесі ретте Сәуле Меңдіғұлқызы жаңадан салынғалы тұрған ғимараттың құрылысы наурыз айында толықтай аяқталатындығын жеткізе отырып, өнердің ордасына айналған ауданнан өнерлі, елімізді әлемге мойындататындай өнер майталмандары шықса деген тамаша тілегін білдірді. Сонымен бірге «Жастар өнер орталығының» іргетасын қалау рәсіміне орай құрбандыққа қой шалынып, құран бағышталды.

М.ҚҰБАЕВ,
Ойыл селосы.

Басқа жаңалықтар