ӘкімдікБасты тақырып

Марапатқа ұласқан мерейлі мереке

Жуырда аудан орталығында «Тәуелсіздік» күніне орай көптеген іс-шаралар өткізілді. Аудан тұрғындары бірлесіп атсалысқан мәдени көпшілік шаралар түстен кейін аудандық мәдениет үйінде салтанатты шарамен жалғасты. Салтанатты шараның шымылдығы алты құрлық мойындаған азат елдің айғақты әнұранмен ашылды. Одан кейін ауданның мәдениет өнерпаздары ұсынған Тәуелсіздік жолында жанын пида етіп, ұлт үшін күрескен ұлықтарын ұлықтаған компазициясы көпшіліктің жүрегінен жол тапты. Баршаға рух берген компазиция көпшіліктің еңсесін тіктеп, еріксіз ширатып алды. Жиылған жұртшылықтың жанарынан азаттықтың ақ таңында тату-тәтті күн кешіп, мәңгілік ел болуға ұмтылып жатқандарына сансыз шүкіршілік ететінін аңғардық. Міне осы сәтте барша жерлестерді «Тәуелсіздік» күнімен құттықтаған аудан әкімі Дастан Сағыров «Біз бабалар ерлігімен келген Тәуелсіздік таңында тыныштықта өмір сүріп келеміз. Осы уақытқа дейін бізге Тәуелсіздіктің тарту көп болды. Егер бірлесіп, ауызбіршілікте еңбек ете берсек, бұл жолда талай асулар мен құзар шыңдарды бағындыра береріміз сөзсіз. Сондықтан баршаңызды болашақ ұрпақ үшін аянбай тер төгіп, келешегіміздің кемелдене беруіне ерінбей еңбек етуге шақырамын» — деп сөзін жалғады. Әрі қарай ауданның даму жолында қалтқысыз қызмет етіп келе жатқан жас кәсіпкерлер мен әр саланың қызметкерлерін алғыс хаттармен марапаттады. Атап өтсек, марапатқа ұласқан мерейлі мерекеде Ойыл ауданы «Берсиев» атындағы кеңшарда мал дәрігері, «Ойыл» кеңшарында мал дәрігері, ферма басқарушысы, «Жетікөл» кеңшарында партия комитетінің хатшысы, Ойыл аудандық мамандандырылған шаруашылық бірлестігінің директоры, сол шаруашылықта кәсіподақ комитетінің төрағасы болып қызмет жасаған. Соңғы жылдары ауыл мешітінің имамы болып жастарды имандылыққа тәрбиелеген Жақсылық Бисалиев пен Н.К.Крупская атындағы Ойыл қазақ орта мектебінде тарих және қоғамтану пәндерінің мұғалімі, Ойыл ауданы ішкі істер бөлімінде кәмелетке толмағандар істері жөніндегі учаскелік инспекторы, Ойыл ауданы ішкі істер бөлімінің аға тергеушісі, облыстың Ырғыз, Темір, Шалқар, Әйтеке би аудандарында ішкі істер бөлімінің бастығы, Шалқар ауданы әкімдігіне бөлім басшысы және аудан әкімінің орынбасары қызметтерін абыроймен атқарған Елемес Шотановқа «Ойыл ауданының құрметті азаматы» атағы берілді. Салтанатты жиынның соңында аудан өнерпаздары мерекелік концерттерін тарту етті.

Муса ӘДІЛБАЙҰЛЫ,
Ойыл ауданы.

Басқа жаңалықтар