Білім

Ш.Бекмұхамбетова атындағы мектеп-гимназиясы «Ең үздік білім беру мекемесі»

Бүгінгі күн – кешегінің жемісі, ертеңгінің болмысы», — дейді дана халқымыз. Қай мемлекеттің болсын ертеңi – бiлiмдi жастардың қолында. Сол білім нәрімен сусындатып, жан-жақты дамыған азамат тәрбиелеу- ұстаздардың нәтижелі еңбегі деп білеміз. Заңғар жазушы М.Әуезовтің сөзімен айтар болсақ, «Халықпен халықты, адам мен адамды теңестіретін білім болмақ» — десе, көреген ұлт көшбасшысы Н.Ә.Назарбаев: «Ұлттық бәсекелестік қабілеті бірінші кезекте оның білімдік деңгейімен айқындалады» — деп тұжырымдайды. Осындай білім  сапасын арттырып, оқушының танымдық-тілдік қабілетін шыңдайтын Ойыл тарихында алғаш ашылған жаңа білім ордасы – Ш.Бекмұхамбетова атындағы мектеп-гимназиясының «гимназия» болып қалыптасқалы бергі атқарған игі істері мен жеткен жетістігі ұшан – теңіз. Бұл білім ордасының ойы озық, шығармашылығы шырқау, ізденісі ілгері ұстаздары білім бәсекелерінде бірнеше мәрте белсенділік танытып, шәкірттерін баптаудан еш  жалықпаған, ал оқушылары білім мен өнер бәйгесінен оза шапқан дарынды үздіктер болса, білім баспалдағына нық қадаммен көтерілген білім ордасының өзі қандай үлгідегі сайыс болса да, қатарынан қалыс қалмауды мақсат еткен. Ұстаздары шығармашыл, шәкірттері қабілетті ұжым бірлікпен облыстық «Ең үздік мектеп ауласы», «Ең үздік мұражай», «Ең ұйымшыл кәсіподақ», «Ең үздік асхана», «Ең үздік аудан мектебі»атағын иеленіп,аудан әкімінің жыл сайынғы 1млн, 300 мың, 500 мың теңге көлемінде  грант иегері атанса, Қазақ –Түрік лицей директоры Я.Мызрактың «Жарқын болашақ» атты YII республикалық KATEV олимпиадасының белсене қатысқаны үшін «Алғыс хатымен» марапатталды. Ақтөбе облысының әкімі Б.Сапарбаевтың «Bilim Media Group» ақпараттық технологиялар ресурстық орталығына қосылу үшін қаржылай көмекке ие болды. 2017-2018 оқу жылында Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігі М.Оспанов атындағы Батыс Қазақстан Мемлекеттік медицина университетінің ректоры Е.Ж.Бекмұхамбетовтың дайындаған түлектеріміздің ең көп көлемде «студент» атанғанын және жоғары деңгейде өз білімдерін көрсетіп жүргені үшін мектеп-гимназияға «Алғыс хат» табыстады. «Самұрық-Қазына» АҚ Компаниялар тобының ұйымдастыруымен өткен «Биіктерге бірге!» үздік спорттық жоба байқауына қатынасып, 7 млн 500 мың теңге көлемінде «М+»типті спорттық жабдықтар кешенін алуға «Сертификат» жеңімпазы.

Жылма-жыл өткізіліп келе жатқан ҰБТ-дан мектеп-гимназия түлектері ең жоғары балл көрсеткіштерін көрсетіп, 100 % грант иегерлері атанып, жоғары білім деңгейлерін көрсетіп жүр. Соның бірегейі –Хайролла Нұрзат Асхатұлы. Ол Президенттің тағайындаған  халықаралық «Болашақ» стипендиясының иегері. Бүгінгі таңда «Marshall School of Business» университетінде Оңтүстік Колифорнияда білім алып, Қазақстан Студенттер Ассоцияциясының Президенті және «КазАльянс USA» вице- президенті болып тағаындалды. Былтырғы оқу жылында түлеп ұшқан шәкіртіміз Красавина Диана Алексеевна Абай атындағы Алматы Қазақ ұлттықпедагогикалық университетіне оқуға түсіп, бүгінгі таңда зеректігі мен зор білімінің нәтижесінде, Польша мемлекетінің Варшава қаласында келісімшартпен білімін жалғастырып, тәжірибе алмастыруда.

Күні  кеше алған ең үлкен тағы бір қуанышқа толы жетістіміз- заманауи талапқа сай жасақталған мектептің материалдық-техникалық базасы мен ақпараттық деректерінен құралған білім ұйымының портфолиосы сапалы құрылымымен сыннан сүрінбей өтіп, II Республикалық шығармашылық  байқауының «Бас жүлдесін» қанжығалап, «Ең үздік білім беру мекемесі» атағын иеленіп, ұйымдастыру алқасының  Халықаралық ғылым академиясы және жаңа технологиялар қорытындысы бойынша «Премия-2018» кубогын иемденді. Сонымен бірге терең танымымен, тынымсыз еңбегімен тың серпіліс танытып жүретін үздік ұстаз, мектеп-гимназия директоры, Ұлыкпанова Роза Сәуірбайқызы «Ең үздік білім беру мекемесінің басшысы» номинациясы бойынша марпатталып, төсбелгісін  иеленсе, өз ісіне мұқият, жауапкершілік  пен іскерлік қабілеті жоғары ұстазымыз, оқу ісі жөніндегі орынбасары, Салиева Айгүл «Үздік маман-2018» атағымен, озық ойлы,өзінің іс-тәжірибесімен бөлісіп, жас буынға көмегін көрсетіп жүретін тәжірибелі ұстазымыз Аманғалиева Бибінұр Ерсайынқызы оқу жылының қорытындысы бойынша «Премия-2018» байқауында «Үздік методист-2018» атағын иеленіп, жүлделі дипломмен марапатталды. Мектепте өтетін барлық игі шаралардың басы – қасынан табылатын іскер де еңбекқор тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Гүлназ Сағатова «Үздік маман-2018» номинациясымен марапатталып, ұжым мұғалімдерінің көшін бастап берді. Бұл — білім ордасы үшін үлкен мәртебе, зор табыс, асқақ абырой. Мерейі мен беделі асқақтаған гимназияның жеткен жетістігі мен бағындырар асуы мол болғай деп тілейміз!

Айдана АМАНЖОЛОВА,

Ш.Бекмұхамбетова атындағы мектеп-гимназиясының мұғалімі.

Басқа жаңалықтар