Әлеумет

Ауған соғысы: аяқталғанына 30 жыл

Тарих жылнамасынан халық жадында қалған «қажетсіз соғыстың» бірі – Ауған соғысы. Сол соғысқа Ақтөбе облысынан 1700-ден астам адам аттанған. 10 жылға созылған соғыс майданына Кеңес әскерінің ішінде әскер қатарына алынған қазақ сарбаздарының табандылықпен ерлік танытқаны тарих беттерінде өшпестей жазылды. Ондай ерлікті еске алсақ, көз алдымызға от шарпыған қанды қырғын мен қарша бораған оқтың қас-қағым сәтте ажал құштырғаны қабырғаңды қайыстырады. Биыл Кеңес әскерінің ауған жеріне шығарылғанына 30 жыл толды. Осы орайда аудандық мәдениет үйінде «Ұрпаққа үлгі боларлық ерлік» атты мәдени шара өтті. Онда алдымен көпшілік назарына Ауған соғысының суық лебі ескен Ауған даласы, соғыс өткен таулы аймақтағы соғыс техникалары бейнебаян арқылы көрсетіліп, бабалар ерлігінен кеудемізге кернеген рух ұялады. Келесі ретте сахна төрінде өнерпаздар ұсынған композициялық би нағыз ерлік пен қанды қақтығыстың бір легін көз алдымызға алып келді. Одан кейін барша жұртшылыққа құттықтау тілегін жеткізген аудан әкімі Дастан Жарылқасынұлы «Әр жыл өткен сайын Ауған соғысына қатысқан ардагер ағаларымыздың ерлігі ұмытылмай елімізде көптеген іс-шаралар өткізіліп, барлық мектептерде олардың ерліктері ұлықталып келеді. Егеменді елдігіміздің бүгінгі таңда жетіп отырған жетістігі осындай батыр бабаларымыздың төккен қандары мен қайтпас қайсар ерліктерінің арқасы. Сондықтан бабалар ерлігін ешқашан ұмытуға тиіс емеспіз», — деп аудандағы Ауған соғысының ардагерлеріне «Кеңес әскерінің Ауғанстаннан шығарылғанына 30 жыл» мерекелік төсбелгісін және аудан жастарына патриоттық тәрбие беруге қосқан үлесі үшін алғыс хатын табыстады. Ал, ажал оғының қақ ортасынан аман-сау елге оралған Ауған соғысының ардагері Абай Тоқмағамбетов зұлмат жылдардан, соғыстың ауырпалығынан асықпай, салмақты сөздерімен сыр шертті. Кейінгі ұрпақты елдің, жердің байлығын өзіміз игеру жолында аянбай тер төгуге, оянбай жата беруге болмайтынын байсалды үнімен отансүйгіштікке үндеп, қазақ жастарын үздіксіз оқып, білім алуға, білікті маман болуға шақырды. Ардагер ағамыздың жалынды сөздері ұлттық рухымызды оятып, жігерімізді қайрады. Ел үшін қасық қаның қалса да, қалыс қалмау керектігін санамызға сіңіріп алдық. Айтулы шараны әрі қарай аудан өнерпаздары концерттік бағдарламамен жалғады.
Муса ӘДІЛБАЙҰЛЫ,
Ойыл селосы.

Басқа жаңалықтар