Басты тақырып

Көрісу күнінен бастау алған

Ойыл селосының көшелерінің бірлескен Наурыз мерекелері 21 күні аудандық білім бөлімі мен оқушылар үйінің басшылығымен Көкжар-Жолмырзаев көшелерінің қиылысында жалғасты. Аудандық мәдениет үйінен төмен қарай Көкжар көшесінің және Ш.Берсиев көшесінің тұрғындары жұмылған мерекеге көше бойында орналасқан мекемелер мен кәсіпкерлер де атсалысты.

Өнерлі жастардың ордасы – оқушылар үйінің үйірме мүшелері Наурыздың нақыштарын көріністерге арқау етсе, ыстық көже мен палау, айран, бәрі де «жақсыны көрмекке» келгендерге тегін таратылды. Ыстық көжемен бой жылытқандарға жастар ыстық ықыласпен ән-сәлем жолдады. Дәстүрді жаңғыртқан көріністерді тамашалаған көрермендер ауа-райының «капризін» де көп елеген жоқ. Білек күштерін сынаған жігіттер өз байрақтарына ие болды. Жұртшылықты аудандық білім бөлімінің басшысы Ербол Тілепов құттықтаса, Өтеген Сағатов ақсақал бата берді.

24 наурыз күні аудандық Мәдениет үйінен жоғары қарай Көкжар көшесі мен Н.Байғанин, Ә.Молдағұлова көшелерінің тұрғындары және әртүрлі әлеуметтік нысандардың қызметкерлері де жұртшылыққа өздерінің мерекелік тартуларын ұсынды.

Мұнда да ұйымдастырушылар көл-көсір көже, ақжарма тілекпен бірге мерекелік ойындар, әртүрлі спорттық сайыстарға ұйытқы болды. Балалар асық атып, мергендіктерін сынаса, жұртшылық ертегі кейіпкерлерімен кездесіп, олардың мерекелік лебіздеріне құлақ түрді. Әдемі ән әуелеп, әсем жырмен сусындатқан наурызда қуанышпен көрісіп жатқан көше тұрғындары «Жардай атанды жығатын жазғытұрғы суық желді» де елеген жоқ.

 

 

Басқа жаңалықтар