Әлеумет

Зұлмат жылдар зардабы… Жас ұрпақтың жадында

Қазақ тарихындағы қаралы жылдардың бірі 1937-1938 жылдардағы жаппай қуғын-сүргін жылдары. Зұлмат жылдарының зардабы мен салдарынан елімізде 140 мыңға жуық адам оның ішінде біздің ауданымыздан 260 адам жазықсыз қуғын-сүргінге ұшырап, лагерлерге айдалды. Тұңғыш Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың жарлығымен 1997 жылдың 31 мамырынан бастап саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күні еліміздің барлық өңірінде атап өтіліп келеді. Жай ғана аталып өтпейді. Бұл күн тарих бетінде қаскөй саясаттың қанқұйлы қасап-қыспағынан қапыда мерт болған алаш ұлдарын көкіректі қарс айырып, бір сәт күрсінетін күн болып мәңгі есте сақталады. Осы орайда бүгін «Тәуелсіздіктің 20 жылдығы» атындағы мәдениет және демалыс орталығында саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу шарасы өтті. Онда алдымен мәдениет өнерпаздары «Аманат» көрінісмен өткен күннің яғни, ел басына күн туған қиын-қыстау кезеңнің бір сәтін көз алдымызға әкелді. Шара үстінде сөз алған аудан басшысы Дастан Жарылқасынұлы тарих бетіне өшпес таңба болып түскен ақтаңдақтар ақиқатын бүгінгі буын жадынан шығармай бабалар рухына тағзым ету басты парыз екендігін жеткізді. Сонымен бірге қуғын-сүргін құрбандарының ұрпақтары атынан сөз алған Қазыбек Нұрымгереев атамызды өткен күн өрнектерінен гөрі еліміздің бүгінгі саяси ахуалы қатты алаңдататын сыңайлы. Себебі «Nur Otan» партиясының өкілі, ел президенттігіне үміткер Қасым-Жомарт Тоқаевқа дауыс беруге шақырды. Ал, келесі ретте сөз алған Қуаныш Әміров ағамыз керісінше өткенді ескермей болашақты құру мүмкін еместігін ашық айтты. Айтулы шарада Рашид Есенбекұлы жиылған көпшілікке «Ерте солған гүлдер» әнін тарту етсе, аудандық орталықтандырылған кітапхана қызметкерлері кітапхананың қорындағы жаппай жазалаудың сол бір қиын-қыстау жылдарға зерттеулер мен тағдырлары тәлкекке түскен саяси қуғын-сүргін құрбандары туралы кітаптардан жасақталған кітап көрмесімен таныстырды. Әрі қарай жазықсыз жапа шегіп, асыра сілтеудің құрбаны болған азаматтарды еске алу құрметіне бір минут үнсіздік жарияланып, қуғын-сүргін қанқұйлы саясатының құрбаны болған бабаларымыздың рухына Ойыл аудандық мешітінің бас имамы Нұрсұлтан Серікұлы құран бағыштады. Шара соңында барша жиылған жұртшылық қуғын-сүргін құрбандарына арналған ескерткішке гүл шоқтарын қойды.

Муса ӘДІЛБАЙҰЛЫ,
Ойыл селосы.

Басқа жаңалықтар