Әлеумет

Сирек мамандықпен сыйға бөленді

Әдетте көп мамандықтың атауының өзі қандай міндет атқаратынын айтып тұрады. Оның қызметін кез келген адам түсінеді. Мәселен мұғалім оқытады, дәрігер емдейді, сот… секілді тағы басқа атағынан ат үркетін мамандықтардың бәсі жоғары. Ал, ауылшаруашылық мамандарына келсек бөлек әңгіме. Қызметі көп, құрметі аз. Жауапкершілігі жоғары, жұмысы көрінбейді. Малдың соңында жүргісі келмейтіндер бұл мамандыққа мұрнын шүйіріп қарайтыны жасырын емес. Десек те ауылдың жүрегі, байлығы, табысы, қала, одан қалды елді асырайтын осы ауылшаруашылық саласын бәрі мойындайды. Осы ауылшаруашылық саласындағы мамандықтардың бірі -«Гидротехник».

Су шаруашылығын реттейді. Мұны екінің бірі, әсіресе қазіргі жастардың біле бермеуі мүмкін. «Су — тіршіліктің көзі» десек, осы су шаруашылығымен айналысатын маманның қадірі қаншалықты екенін ұғынуымыз керек. Өрісімізді, егістігімізді осы бір өзен суымен көлдетіп суарып алу солардың жұмысы.  Су бар жер де байлық бар. Әйтпесе бір арнамен ешқайда жайылмайтын өзен суы айдап отырып Атырау облысынан бір-ақ шығады. Одан әрі құмға сіңеді. Мал азығымыздың да, қамбамыздыңда мол болуы суға байланысты. Ал, енді осы мамандықты таңдап, өмір бойы сол жұмыспен айналысып абыройға жеткен адам бар ма деп ойлайтын шығарсыздар. Бар, әрине! Ол мен айтқалы отырған — Айдынғали Қоғабаев. Нағыз су маманы, талай жыл тәжірибесі бар. Қадірі сол 70 -ке иек артса да  ат үстінен түспей, су шаруалылығы саласында сұранысқа ие болып әлі күнге дейін қызмет атқарады.

Әлқисса… басынан бастайын…

Айдынғали Қоғабаев 1948 жылы Ойыл ауданы Құмжарған ауылында дүниеге келді. Н.К.Крупская атындағы орта мектепті бітіргеннен кейін 1966 жылы Алматы су шаруашылық технкумының табалдырығын аттайды. Сол жерден 70-ші  жылы «Техник-гидротехник» мамандығын алып шығады. Арасында Қиыр Шығыста отан алдындағы борышын өтеп келді. Алғашқы еңбек жолын жолдамамен Ойыл су шаруашылық бөлімшесіне мамандығы бойынша бастайды. Осы салада тыңғылықты жұмыс істеп, аға инженер гидротехник, 4 жылдан кейін аудан аралық Ойыл су шаруашылық басқармасының тізгінін ұстайды. Содан бері сүйікті кәсібінен ажыраған жоқ. Мамандығын, тәжірибесін жетілдіру үшін оқудан қол үзбеді. Жамбыл гидромелиоративтік құрылыс институтын, кейін Киевте, Ленинград қалаларында білімін толықтыру үшін ауылшаруашылық академиясында білім алады. Оқу мен тәжірибені қатар ұштастырып ел игілігі үшін қызмет етті. Ауылда сыйлы отбасылардың қатарынан көрінді. Осының бәрі өз жұмысына деген адалдық пен тянақтылық. Оның тәжірибесімен, ұсынысымен жоғарғы жақ та санасты. Облыстық таңдаулы «Гидротехнигі» атанды.  Кеңес Одағының су шаруашылық министрінің «Таңдаулы- инженергидротехник» төсбелгісімен марапатталды.

Салмақты сөзімен, абыройлы ісімен зейнеткерлік жасқа да жетті. Жолдасы Қоңыр екеуі 3 ұл, 3 қыз тәрбиелеп өсірді. Барлығын да оқытып, тәрбиелеп, жоғарғы білімге қол жеткізген әкенің еңбегі текке кетпеді. Қыздары қияға қонып, бір-бір үйдің түтінін түтетіп отырса, ұлдары жауапты қызметтерде жүр. Үлкен ұлы Ақылбек әкенің ізін жалғастырды. Қазір аудандық су шаруашылығы бөлімінің бастығы қызметін атқарады. Ортаншы ұлы Жәнібек құқық қорғау саласында қызмет етсе, қолындағы кенже баласы Жанарбек аудандық төтенше жағдайлар бөлімінде жауапты маман.

Бүгінде көпті көрген Айдынғали ағамыз балаларына сыншы, әсіресе өз мамандығын жалғастырған Ақылбекке ақылшы. 40 жыл су шаруашылығында жасаған ол ауданның әр қалтарысын бес саусағындай біледі. Зейнеткерлікке шыққаннан кейін де қоғамдық жұмыстардан шет қалмады. Ауданның әлеуметтік-экономикалық салаларына қатысты ой-пікірлерін ортаға салды. Өзекті проблемаларды көтерді. Соңғы жылдары «Тамдыкөл» суландыру жүйесі қалыпқа келе бастады. Оның да қолға алынуына себепкер осы ағамыз. «89 жылы барлық жүйені таратып жіберді. Қараусыз қалды. Жекенің қолына  өтті. Дамбалар жырылып, шлюздердің темірі «металломға» кетті. Олар жұмыс істемегесін барлық су тікелей Қызылқоға ауданына қарай ағады. Сол себепті жеріміз қуаңшылықты да бастан өткерді. Бірде Президентке хат жаздым. Хат жеткен болуы керек, 15 күннен соң екі адам келіп, «Тамдыкөл» суландыру жүйесін тексеріп, суретке түсірді. Одан кейін сол кездегі Республикалық су шаруашылығы басқармасының төрағасы Ислам Әбіш ауданымызға келді. Соны пайдаланып тағы қозғадым. Ол кісі менің хатыммен таныс екенін, сол бойынша жұмыстар жүретінін айтып, осы істі маған тапсырды. Ол үшін Алматы, Астана қалаларына барып жобалық-сметалық құжатын дайындадық. 53 млн теңгеге шықты. Сөйтіп 2012 жылдан бастап қолға ала бастадық. «Тамдыкөл» суландыру жүйесі бойынша 14 мың гектар жер қалыпқа келтіріліп, 4 шлюз салынып, бүгінгі таңда 39-ы жұмыс жасап тұр. Ол Қаратал ауылынан басталып Көптоғай селолық округіне дейін қамтиды. Одан кейін 2015-2016 жылдары Саралжын бағытындағы «Қиыл-Тассай» суландыру жүйесінің құрылысы аяқталды. Мұндай жұмыстардың арқасында қазіргі таңда аудан аумағындағы өзен суларын реттеп, көлге су шығару мүмкіндігіне ие болып отырмыз» — дейді ол.

Міне, ағамыз осындай игілікті істердің басы-қасында жүрді. «Үкіметтің қаулысы бойынша судың 59 пайызы бізге, 41 пайызы Қызылқоға ауданына тиесілі. Біз көктемгі суды 15 күн ұстаймыз. Сол уақытта барлық арналарға, көлдерге шығып үлгереді. Қалғанын қоя береміз» — деп көптің көкейіндегі сұрақтың жауабын айтты.

Айдынғали  Қоғабаев «Неведа-Семей» қозғалысының белсенді мүшесі. Оның Олжас Сүлейменов кездесуінің өзі бөлек әңгіме. Біраз жылдан бері араласып келеді. Бұдан он жыл бұрын Олжекең 70 жас мерейтойына шақырыпты. «Маған отбасымызбен бірге тойға шақырған қағазы келді. Ақтөбеден де кісілер болды. Сыйлық алуды ақылдастық. Мен қазақы шапан аламын» — деп едім, аналар «Үлкен кісі оны неғылсын!» —  деп қомсынып қалды. Мейлі, өздерің не алсаңдар, оны алыңдар, мен шапан аламын!» — деп қазақы шапан алдым. Содан Алматыға барып үлкен ресторанда тойы өтті. Ертеңіне бізбен кездесетін болды. Бірақ атақты кісінің қолға түсуі оңай ма, біраз күтуге тура келді. Үлкен дастархан дайындатқан екен соған келді. Мен оның көмекшісіне онымен кездескім келетінін айтып, көмектесуін сұрадым. Жолымыз болып Олжасқа тілек айтудың сәті түсті. Сонда: «Олжеке, Европаның киімін 30 жылдан бері киіп жүрсіз ғой, енді азиялық киімді киіңіз. Мынау менің сыйлығым» — деп шапанды кигіздім. Олжас риза болып, қолымды алып хал-жағдайымды сұрап жатты. Сол бойда қолтаңбасын жазып берді» — деп еске алды ағамыз.

Сыйластықтың соңы мұнымен бітпепті. Он жылдан соң Айдынғали ағамыз да Сүлейменовтың сыйлығын алды. Мерейтойына арнайы құттықтап, «Неведа-Семей» қозғалысына қосқан үлесі үшін алғыс хатын жіберіпті. Бұдан артық сыйлық болар ма, сірә?! Қарапайым мамандықтың иесі Айдынғали Қоғабаев қандай құрметтен де кенде емес. Зейнеткерлікке шыққаннан кейін ағамызды облыс шақыртыпты. Маман тапшы, білікті кадр қат. Сондықтан облыстық су шаруашылығы басқармасының Айынғали ағамыздың амалына, тәжірибесіне сүйенбеске амалы жоқ. Ырғыз, Шалқар аудандарында болып, суландыру жүйесіне еңбегін сіңірді. Тәжірибелі, әрі ақылшы маманның ісін бағалап қос ауданның әкімі алғыс хаттарымен марапаттады. Осы су шаруашылығындағы жарқын жетістіктері үшін облыс әкімі Архимед Мұхамбетов пен «Сазды» су қоймасын қалыпқа келтірудегі жұмысы үшін Бердібек Сапарбаевтың алғыс хатына ие болды.

Бүгінде Қоңыр әжей екеуі әулеттің ақылшысы, баға жетпес қазынасы. Айдынғали ағамыз 8 ақпан күні 70- ке толады. Ол бұл жасқа осындай үлкен жетістіктермен жетіп отыр. Ауданның ең үлкен, еліміз бойынша «Таңдаулы Гидротехнигін» алдағы мерейтойымен құттықтап, деніне саулық тілейміз!.

Самат Нарегеев

Басқа жаңалықтар