Білім

«Ана тілі — ұлтымыздың анасы»

Тұңғыш Президентіміз Н.Ә.Назарбаев «Қазақстанның болашағы-қазақ тілінде. Ата тілі — бәріміздің анамыз, ұлтымыздың анасы» — деп атап көрсеткендей, біз ана тіліміздің тұғырының мықты болуына негіз қалаған бабаларымыздың өсиетін ұран етіп, мәртебесін көтеруіміз керек. Ол үшін өз дінімізді, тілімізді қастерлеп, құрметтей білуіміз керек. Оған дәлелді би-шешендеріміздің бірнеше жырларынан аңғаруымызға болады. Шешендік сөз терең ойға, ұтқыр шешімге, тапқыр қисынға құрылады. Шешендік сөздер — қоғам өміріне, табиғат құбылыстарына байланысты терең ой, бейнелі шебер тілімен айтылған халық шығармасы, тапқырлық сөздер мен тұжырымдар, қазақ ауыз әдебиетіндегі шағын көлемдегі дидактикалық жанр.

Осы орайда Ойыл аудандық балалар кітапханасында «Таза мінсіз асыл сөз» атты аудандық оқушылар арасында байқау өтті. Байқаудың басты мақсаты-мемлекеттік тілдің қолданылу аясын кеңейту, тіл мәдениетін көтеру, шешендік өнерді насихаттау, дамыту. Байқауға 11 мектептен 11 оқушы қатысты.

Байқау талабының бірінші бөлімінде үміткерлер сәлемдесу арқылы өздерін көпшілікке таныстырса, «Өнерге әркімнің-ақ бар таласы» деген екінші бөлімде би-шешендердің сөздерінен үзінділер, қиссалар, дастандар айтудан сайысқа түсті. Үшінші бөлім «Таза мінсіз асыл сөз» деп аталды. Бұл турда қатысушылар жұмбақтап айтылған шешендік сөздердің, мақал-мәтелдердің мән-мағынасын толық түсіндірді.

Әр бөлімнен мүдірмей өткен қатысушыларымыз көрермендердің көңілінен шыға білді. Сәлемдесу бөлімі бойынша әр қатысушы өздерінің ұшқыр қиялдарынан жаңаша бір дүниелер ойлап тауып, жан-жақты таныстырды. «Таза мінсіз асыл сөз» бөлімі бойынша жұмбақтап айтылған сөздердің мағынасын барынша өз ойларымен жан-жақты талқылап берді. Байқауда қатысушылар өздерінің тыңғылықты дайындықпен келгенін көрсетіп, бір-бірінен қалыспай оза шапты. Қазылардың шешімімен үшінші орын Көсембай негізгі мектебінен келген Ақнұр Нұрлыбековаға бұйырса, екінші орынға Саға мектеп-балабақшасының оқушысы Жібек Рысқұлова мен Қаракемер мектеп-балабақшасының оқушысы Назерке Елемесовалар иеленді. Ал, бас жүлде Ш.Берсиев атындағы орта мектебінің оқушысы Әділет Елеуовтің еншісіне тиді.

Әсел СИСЕНОВА,
Ойыл селосы.

Басқа жаңалықтар