Әкімдік

Келелі істер күн тәртібінен түспейді ағымдағы жылы ауқымды істер атқарылады

Өткен сәрсенбі күні облыс әкімі Оңдасын Оразалин Ойыл ауданына арнайы іссапармен келіп, аудан әкімінің дәстүрлі есеп беру жиынына қатысты.Алдымен аудан әкімі Асқар Қайырғалиұлы өткен жыл ішінде атқарылған жұмыстардың жайын баяндап, алдағы жоспарларымен таныстырды. Есеп беру жиынына Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің Мемлекеттік инспекторы Жайсаң Ахметов, аудан тұрғындары, аудандық мәслихат депутаттары, жергілікті кәсіпкерлер қатысты.

Сөз кезегі келгенде тұрғындар көкейкесті мәселелерді қозғады. Мәселен, ақжарлық Дархан Өтегенов мектеп жылуының, яғни қатты отынның сапасыздығы мен шалғай ауылдағы жол қатынасы мәселесін қаузаса, қаракемерлік Гүлзипа Иманчиева ауылға ауыз су қажеттігін жеткізді. Ал, жергілікті кәсіпкер Қуаныш Қыстаубай ұсақ жандықтың әр басына қанша жер тиісті екенін сұрап, ұңғымалы құдық қаздыртуда көп шығынды қажет ететін проблемалар жөнінде бірнеше сауалын қойды. Еңбек ардагері Ғазиз Займолдаұлы Қараойға балабақша керектігін жеткізе отырып, аудандағы кадр тапшылығы байқалатындығын баса айтса, аудандық аналар клубының төрайымы Гүлжан Булаева аудан әкімінің атқарған жұмысына оң бағасын беріп, жастарды еліміздің өркендеп-көркеюі үшін тынымсыз еңбек етуге шақырды. Қойылған сауалдарға аудан әкімі мен облыстық басқарма басшылары рет-ретімен жауап берсе, жиында көтерілген мәселелер бойынша тоқталған облыс әкімі Оңдасын Сейілұлы нақты атқарылатын жұмыстарды ғана атап өтті.
Атап өтсек, өңір басшысы негізінен жол, газ, ауыз су мәселелеріне көбірек тоқталды. Көп қаражатты қажет ететін ауқымды істер алдағы уақытта жалғасын таба беретіндігіне сенім білдірді. Бір қуанарлығы ағымдағы жылы ауданымыз үшін шешімін тауып тұрған игілікті істер жетерлік. Биыл Көсембай, Ақкемер, Ақшатау елді мекендеріне ауыз су құбыры тартылып, Қараталға газ тарту, аудан орталығына жаңа спорт кешенін салу жоспарда тұр. Оған қоса Қараой бағытындағы жолдың 60 киллометріне дейін асфальттау жұмыстары жүргізіліп, Ойыл-Қызылқоға бағытындағы жолды да асфальттау жұмыстары шешімін тауып тұр.
Жиын барысында аймақ басшысы аудан әкіміне суармалы жерлерді игеру, елді мекендерге газ құбырын тарту мәселесін шешуді тапсырды.
Облыс әкімі Оңдасын Оразалин аудан тұрғындарының ұсыныстары мен пікірлерін мұқият тыңдап, аудан әкіміне халықпен тығыз байланыста жұмыс жасау бойынша нақты тапсырмалар берді.
Облыс басшысы Оңдасын Оразалин аудан әкімінің есебін тыңдап, өзінің оң бағасын беріп өтті.
— Ойыл ауданы — атакәсіп — ауыл шаруашылығымен айналысып келе жатқан келешегі зор аудан. Кезінде бұл жерде Көкжар жәрмеңкесі өтіп, ел тарихында қалар көптеген игі істер атқарылды. Ауданда ауылшаруашылық, өндіріс, шағын және орта бизнес, құрылыс саласында да алға ілгерілеу байқалады. Аудан көрсеткіштері де жаман емес. Көтерілген мәселелердің барлығы да өзекті. Бірақ бәрі де ретімен шешіледі. Атқарушы органдар ел тұрғындарымен тығыз байланыс жасап, түсіндірме жұмыстарын жүргізуі тиіс. Қолда бар мүмкіндікті дұрыс пайдаланып, ел ертеңіне аянбай қызмет етуіміз қажет, — деді облыс әкімі Оңдасын Оразалин.
Аймақ басшысы аудан тұрғындарынан өзінің әлеуметтік желісіне келіп түскен сұрақтарға тоқталып, орындалу барысын қадағалауды тапсырды.
Атап өтейік, өткен жылы Ойыл ауданының кәсіпкерлері тарапынан 664,0 миллион теңге инвестиция тартылып, Ойыл ауылында жаңа 10 азық-түлік дүкені, 1 тойхана, қонақ үйі бар автобекет және жылыжай салынған.
2019 жылға арналған халықты жұмыспен қамтамасыз ету бойынша кешенді жоспарға сәйкес 2236 адам жұмыспен қамтылып, 505 жаңа жұмыс орындары ашылған.
Есепті мерзімде 501 отбасына 337,6 миллион теңге атаулы әлеуметтік көмек тағайындалып, азаматтарға төленген. Республикалық бюджеттен бөлінген қаржы есебінен жаңа бизнес идеяларын іске асыру үшін 69 адамға 26,7 миллион теңгеге гранттар берілген.
Есепті кездесу барысында облыс әкімі бірнеше аудан тұрғындарымен жеке қабылдау жүргізіп, ұсыныс-пікірлеріне жауап берді.
Жеке қабылдауға келген 7 тұрғын аймақ басшысына арендалық тұрғын үй, әлеуметтік көмек, жайылымдық жер, мемлекеттік несие рәсімдеу мәселелері бойынша сұрақтар қойып, жауаптарын алды.
Өңір басшысы аудан әкіміне және мемлекеттік мекемелердің басшыларына аталған мәселелерді орындау үшін заң аясында шешім қабылдауды тапсырды.
Жиын соңында облыс әкімі Оңдасын Оразалин іске асырылып жатқан жұмыстарға қанағаттанарлық бағасын беріп, алдағы уақытта атқарылатын жұмыстарға байланысты нақты шаралар қабылдауды тапсырды.

Муса ӘДІЛБАЙҰЛЫ,
Ойыл селосы.

Басқа жаңалықтар