Спорт

Талапты жастар турнирді тартысты өткізді

Жуырда "Nur Otan" партиясының құрылғанына 21 жыл толуына орай партияның Ойыл аудандық филиалы Ойыл балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінде мекеме қызметкерлері мен студент, оқушылар арасында гір көтеру және шағын футбол сынды спорттың екі түрі бойынша турнир өткізді.

Аудан әкімі, «Nur Otan» партиясы Ойыл аудандық филиалының төрағасы Асқар Қазыбаев спорттық шараны салтанатты түрде ашып, барлық спортшыларға сәттілік тіледі. Әрі қарай жалғасақ, гір көтеруге оннан астам спортшы қатысты. Бұл сайыс өте тартысты болды. Күшіне сенгендер қалып, гір тасын көтеру тәсілін толық меңгергендер озды. Толықтай тарқатсақ, гір тасын көтеруден Аян Русланұлы ІІІ орыннан көрінсе, Асылан Нұғыманов ІІ орынды еншіледі. Ал, І орынды облыстық додаларда топ жарып жүрген Жігер Аманжолов жеңіп алды.  Шағын футболдан 7 команда қатысты. Шағын алаңда шебер ойын көрсеткен «Ойыл қазақ орта мектебі» командасы жеңіс тұғырынан көрінсе, ІІ орынды Ақтөбе қаласынан арнайы келген «Ақтөбе» командасы алды. Ойын басынан жеңіске ұмтылған «Қайрат» командасы үшінші орынды місе тұтты. Аудан біріншілігінің жабылу салтанатында «Nur Otan» партиясы Ойыл аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Сәкен Займолдин жеңімпаздарды марапаттарымен құттықтап, мақтау қағаздарын және естелік сыйлықтарын табыстады.
P.S.
Сондай-ақ, «Ақтөбе» командасы ойыншысы Ислам Сатыбалдин мен «Қайрат» командасының ойыншысы Нұрхан Құлбаев үздік ойыншы атанса, «Сәт» командасының ойыншысы Қаңтарбай Шарипов үздік қорғаушы атанды. Шыңғыс Шалабаев пен Нүркен Байдуллинге үздік қақпашы номинациялары бойынша марапаттар тапсырылды.

Муса ӘДІЛБАЙҰЛЫ,
Ойыл селосы.

Басқа жаңалықтар