Басты тақырыпРухани жаңғыру

Соңғы «Наурыздың» сыйы

Елбасымыздың «Рухани жаңғыру: болашаққа бағдар» мақаласы аясында бір жыл бойы дәстүрімізді дәріптеп, ұлылығымызды ұлықтайтын, өткенді қайта жаңғыртқан шаралар өтті. Соның бірі де бірегейі халқымыздың төл мерекесі Наурыз тойын тойлау, және ондағы көнеріп бара жатқан салт-дәстүр мен, ырым-тыйымдарды насихаттау еліміз бойынша жүргізілді. Яғни ұлыстың ұлы күнін кең көлемде тойлану барлық жерде орын алды.

Біздің ауданымызда ұлы мереке 14-ші наурызбан басталып бір ай бойы тойланды. Әр селолық округтер бір бірімен бірігіп, тойдың көркін жандандырса, аудан орталығында көше көше боп бірігіп. Мерекенің көркін қыздырды. Әр апта сайын ұлттық мерекені тойлап келген ойылдық  тұрғындар 14 сәуір күні соңғы мерекесін өткізді. О.Қлипанов, М.Төлебаев, Б.Құрманғазин көшелерінің тұрғындары «Жолшы балабақшасының алдын қазақы көріністерге толтырды. Аудандық әкімшілік, «Энергосистема» ЖШС-ің Ойыл бөлімшесі мен «Жолшы балабақшасы мұрындық болған Наурыз тойға тек үш көше емес селоның барша тұрғындары да қатысты. Ағаш үйдің алдында наурыз көже асылып көпшілікке ұсынды. Концерттік бағдарламаларда көшенің өнерпаз тұрғындары ән айтып, би биледі. Көше мерекесінде Күншыққан ақсақал наурыз батасын берсе, Райса әжей өзінің жүрекжарды өлеңін арнап, аналық тілегін айтты. Наурыз мерекесіне аудан әкімі Бұлбұл Бисембайқызы бастаған аудан басшылары да бірге болып, көше тұрғындарының өнерлерін тамашалады. Село әкімі Дәурен Бисебаев осынау шараға белсене атсалысып, жоғары деңгейде өткізуге ауызбіршілік танытқан жандарға алғысын жеткізді.

Сахнада әжелер баланы бесікке салудың көрінісін қойды. Онда әрбір талап-тыйымдар, жоралғылар кезең-кезеңімен айтылып отырды.

Ағаш үйдегі дастархан басында үлкендер жылдың жақсылығын, жаздың жайлы болуын тілеп, бір-біріне жақсы тілектер арнап жатты. Бір айта кетерлігі осы көше наурызында селомызда тұратын өзге ұлт өкілдері халық әндерін тамылжыта шырқады. Көптің көңілін көтерді.

Тағы бір ерекшелігі спорттық ойындарға әжелер де қатысып арқан тартысты. Бұл ең қызықты тұсы болып, әжелердің әлі де талай шаруаны атқаратынына риза болысты. Осы сайыста 1 орын алған «Қлипанов» көшесінің әжелері күштірек болды. Ал ерлер арасында көше наурызына «қонаққа келген» «Сегізсай» командасы алға шықты.

Асық атуда  — Бағлан Мұханбетқалиевтің сақасы өзгелерден нысанаға көбірек тиіп мерген атанды. Бұған дейін көшелердегі наурыз тойында спорттық шаралардан қалмай қатысып, қол күрестен алдыңғы орындарға ие болып жүрген Асыланбек Гильматдинов 16 кг гір тасын көтеру мен бұқа тартыста  білектілігін тағы да дәлелдеді. Қос сайыстың жүлдесін алды. 24 кг салмақтағы гір тасын көтеруде 1орын Қосым Абдуллинге бұйырды.

Көшедегі наурыз тойын өткізуде жомарттық танытқан Серік Мусин, Талғат Сәттібаев, Марат Арыстанов, Алтынбек Шауменов, Исатай Берғалиев, Әлібек Ахметов сынды демеушілердің арқасында спорттық шаралардың жүлдесі қомақты болды. Жарыстың жеңімпаздары демеушілердің осындай ақшалай сыйлықтарына ие болды.

Сол күні Ойылдағы көше Наурызын түйіндеген мерекенің бірі – «Балдырған» балабақшасының алдында өтті. Мереке алаңына құрылған «құрсаулы киіз үй» мен ошақтан ұшқан түтін, таңертеңнен төгілген әуен, бәрі-бәрі көшеге шыққан тұрғындардың еріксіз назарын аудартады. Сәуірдің шуағы ойын балаларына да «көсілуге» мүмкіндік берген кезде шағын саябақ пен балабақшаның ортасы нағыз «базарға» айналды. «Балдырған» балабақшасы ұжымының ұйытқы болуымен өткен мерекеге Б.Бақаев, Амангелді, Ш.Еркінов көшелерінің тұрғындары ықыласпен атсалысты. Мерекелік шара Аманғос ақсақалдың батасымен басталды. Әжелер халық әндерін шырқаса, негізінен үш көше тұрғындарының балалары да өз өнрелерін ортаға салды. Қыздары мың бұрала билесе, бозбалалар термені төгілтті. Ал балабақша ұжымы құдайы қонақты қарсы алып, қыз ұзату салтын сахналады. Жастары «Келіншек» биімен көркемдесе, балалар асық атып, өз шеберліктерін дәлелдеуге тырысты. Ойылдағы соңғы Наурыздың бір ерекшелігі спорттық жарыстардың дені келіншектердің арасында өтті. Яғни, қайратты келіндер қол күрестіріп, гір тасын лақтырып сайысты. Мереке соңында үлкендерге киіз үйде ас берілді.

Көл-көсір пейіл мен дәмді көжеге тойып, сәуірдің шуағына шомылған тұрғындар мұндай шараның мазмұны мен маңызын айтып тарқасты.

Басқа жаңалықтар