ӘлеуметБасты тақырып

«Жас қалам» қанат қақты!

Қазақылықтың қаймағы бұзылмаған ауданымыз шүкір, қалам ұстаған қаламгерлерден кенде болған жері жоқ. Кешегі Шернияздай ақынды дүниеге келтірген өңір, одан кейін Табыл Құлияс, Құрал Тоқмырзин сынды жазушылардың  мекені болды. Одан бері Сәрсен Жұмағалиев, Нұрымжан Жұмағалиев, Сырым Бақтыгереев, Алмат Пангереев, Аманғос Орынғалиұлы, Идош Асқар, Арыстан Аймағамбетұлы, Жалғас Хасенов, Болат Төлеубаевтар журналистиканың жілігін шағып, мақаланың майын ішкендер. Бәрі де «Ойыл» газетінен «түлеп  ұшты...»

Бүгінгі  күні аудандағы баспасөздің тізгінін ұстап отырған Серікбай Қойбағаров, қолтаңбасын қалдырған Тыныштыбай Шалабаев, Жанар Есенқұлқызы, Әсемгүл Шәкенова Қазақстан журналистер одағының аудандағы санаулы мүшелері. Жоғарыда аталған қаламгерлердің ізбасары болып әдебиет әлеміне ерте енді… Қазір олар аудандағы журналист деген жұртты жоқтатпай, туған жерде қызмет етіп жүр. Ойылдың әнұранын жазған әрі ақын, әрі сазгер, әрі әнші Жолдыбай Айтқұлов пен айтыскер ақын Нұрлыбек Қалауов туралы әңгіме бір бөлек… Қазіргі таңда киелі өңірдің сары құмында өсіп, сағынышын өлеңмен басатын ақын жастарымыз баршылық. Тарихы терең туған жердің табиғаты қарасөзбен, қара өлеңге сұранып тұрғандай. Әлеуметтік желілерде олардың мекеніміздің әр тасын, қырын жырға қосқан туындылары таңдай қақтырады. Отызға жетпей қара өлеңнің ордасына  еркін кіріп, оқырмандарын жинап алған олар бүгінгі жас буынның үлгі алары іспеттес. Азамат Әбілқайыр, Төлеген Байқуат, Артур Қалдығұлов, Әлихан Жақсылық , Муса Әділбайұлы, Ерқанат Сәрсембаев, Дәулет Дулатұлы тағы басқа қатарлас ұландарымыз Шернияздың  ізін жалғайтыны көңіл қуантады.

Осындай алдыңғы буын аға-апалары барда кейінгі жас буынның қанаты талмас. Олардан талай таланттар шығар сөзсіз. Басында айтылған ұлы тұлғаларымыздың шығармаларын дәріптеп, насихаттап жас ақындарға бағыт бағдар беріп, жол сілтеу мақсатында «Жас қалам» шығармашылық клубы құрылды. Аудандық орталық кітапхананың директоры Ақмарал Наурызованың ұйымдастыруымен, ұжым қызметкерлерінің қолдауымен өткен атпада бірқатар жас толқынмен кездесу өтті.  Кітапқа құмар жас буынға клубтың алдағы жоспарлары айтылды.  Бастапқы бастамасында бір екі жас өзінің өлеңдерін де оқыды. «Жас қаламның»  қанат қағар тұсында, бала қыранды қомдап жіберсек,  әдебиет әлеміне еркін қарыштауына сеп болар еді. Бұдан былай  шығармашылық ортада жиі шақыртулар, пікірсайыстар, басқосулар, аға буынмен жүздесулер, «жүзден жүйрікті» іріктейтін байқаулар болып тұрады.  Ал, аудандағы жалғыз төл басылым болашақта журналист болуға құштар, жазушы болуға талпынған жастардың  алғашқы туындыларын жариялап, шығармашылық тұсауын кесетін ордаға айналмақ. Ендеше, «Жас қаламның» ірге тасының дұрыс қалануына бәріміз бірге атсалысайық, қадірлі жыр сүйер қауым!

Самат НАРЕГЕЕВ,

«Жас қалам» клубының жетекшісі.

Басқа жаңалықтар