МәдениетРухани жаңғыру

Мәдениет ұлттың мәйегі

Мәдениетсіз қоғам жоқ, мәдениет-адамдықтың өлшемі. Ел мәдениеті театрға, мәдениет үйі, басқа да мәдени ошақтарға, сән-салтанатты, барлық жағдайы бар демалыс орындарына байланысты. Оларды игілікке пайдалана білу де мәдениеттің бір саласы. Ал біздің шағын ауданымызда олардың бәрі бар. Қазір рухани саламыз жан-жақты дамып, жергілікті жұртшылық игілігін көруде.

Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың «Болашаққа қадам: қоғамдық сананы жаңғырту» бағдарламалық мақаласын іске асыру мақсатында Ойыл ауданында «Рухани жаңғырудың негізі –мәдениет» атты мәдениет  қызметкерлерінің форумы өтті. Сол күні орталық саябақтың іші ұлттық көріністерге, бұйымдарға, мәдени шараларға толды. Төл өнеріміздің ортақ мерекесіне ақ жаулықты әжелер, аталардан бастап балаларға дейін атсалысты. Бұл мерекеден мүмкіндігі шектеулі балаларымыз да шет қалмады. Арнайы шақырылған олар тақтайшаға сурет салып, әдемілеп бояп, қонақтардың назарына ұсынды. Аудан басшысы мүмкіндігі шектеулі балалардың өнеріне ерекше көңіл бөліп, жылы сөздерін арнады. Форумға облыс орталығындағы мәдениет саласының өкілдері келді. Қонақтар аудандық мекемелердің көрмесін аралап, Ойылдың өнері мен өлкесін, тұлғалар мен тарихи жәдігерлерімен танысты.

Жергілікті жас дарындардың өнерлері, қабілеті, алдағы жоспарлары туралы мәліметтер беріліп таныстырылды. Мәдениет саласына қатысы бар мекемелер, сала ардагерлері, тағы басқа көптеген өнер иелерінен құралған салтанатты шеру болып өтті. Олардың қатарында алақандай ауданымызда тұрып, Қазақстан республикасының еңбек сіңірген әртісі атағын алғандар бар. Форумда соңында аудан әкімі аудандағы мәдениет саласының дамуына жоғары баға беріп, Елбасымыздың «Рухани жаңғыру: болашаққа бағдар» мақаласы аясында атқарылған жұмыстар, өткізілген мәдени –көпшілік шаралар туралы айтты. Жалпы аудан болсын, облыс орталығы болсын мәдени шараларда белсенділік танытатын ойылдықтардың жұмысына ризашылығын білдіріп, мерекелерімен құттықтады.

Одан кейін концерттік бағдарламаға ұласқан мерекеде барлық аспаптар ойналып, ауданымыздағы әншілер өнерлерін көпшілікке ұсынды. Мұнда жекелеген әншілермен қатар, мәдениет үйінің қызметкерлері, халықтық «Өлке сазы», «Ақ әже» ансамблі, «Шапағат» отбасылық ансамблі, «Наз» дуэті, Үлгілі «Әсем» би ансамблі, «Жас талап» драма үйірмесі,  Вокал үйірмесінің оқушылары, «Көкжар жұлдыздары» вокалдық тобы, «Сұңқар» клубтары өнер көрсетті. Жалпы мәдени саламыз да ауыз толтырып айтарлықтай нәтижелеріміз көп. Жоғарыда аталған топтар облыс, республикалық байқауларда жүлде алып, жеңімпаз күндерді жиі еселеп тұрады.

Басқа жаңалықтар