Денсаулық

ЕКПЕ ЕРМЕК ЕМЕС!

Наурыз айының соңы аймақта қауіпті індет күшейіп, ауданымыз қызыл аймаққа енгені бәріне мәлім. Қауіпті індетті жұқтырғандар саны неге сейілмей тұр? Осы орайда аудандық аурухананың бас дәрігері Сәндібек Нұрбаевпен арнайы тілескен едік. Ендеше ауданның бас дәрігерімен болған шағын сұхбатымызды назарларыңызға ұсынамыз.

— Коронавирус пандемиясы ауданымызда алғаш анықталып, індеттің беті өршіген тұста дәрігерлердің еңбегі орасан зор болды. Оның үстіне ол кездегі індетпен күресуге қажетті аппараттың жетіспеушілігі де жасырын емес. Бүгінгі күнде науқастарды емдеуге арналған аппараттар жеткілікті ме?

— Қауіпті індет ауданымызда жаңадан тарай бастаған кезде аппарат жетіспеушіліктер болғаны рас. Әйтсе де біздің елдің атымтай жомарт жандары бірлесіп, бірнеше тыныс алу аппараттарын алып берді. Оған қоса ауруханамыз арнайы аппараттармен толықты. Қазіргі таңда 3 мобильдік топ құрылды. Науқастарға арналған 60 кереует жасақталды. 4 ауыр жағдайдағы науқастарға арналған кереуетіміз бар. Дәрі-дәрмектер де толықтай жеткілікті. Осы тұста адам жанына араша түсіп жүрген дәрігерлеріміздің еңбегі зор. Үйлеріне төбе көрсетпестен күні-түні науқаспен жұмыс жасаған ақ халаттылардың абыройлы қызметі әрқашан биік тұрары сөзсіз.

Қазақ даласында медицина дамымай жатып, «Ауырып ем іздегенше, ауырмайтын жол ізде!», — деп айтып кетуінің өзі тұтастай ұлттың даналығын көрсетіп тұрғандай. Қазір дүниені дүр сілкіндірген қауіпті індет біздің ауданға да салқынын салып үлгерді. Әлем ғалымдары бұл індетпен ауырмаудың жолы екпе деп егжей-тегжейлі айтып қойғалы қашан? Ендеше келесі сауалымыз біздің ауданда екпені кімдер алып жатыр? Қандай екпе салынуда?

— Әрине, дерттен қорғанудың ең тиімді жолы екпе алу екенін біз сан мәрте айтып келеміз. Аудан тұрғындары арасында түсінік жұмыстары үнемі жүргізіліп келеді. Қазіргі таңда 350 адам екпе алды. Олардың ішінде медицина қызметкерлерінің 80-90% екпе алса, ұстаздардың екпе алуы әлі де төмен деңгейде. Әйтсе де, полиция бөлімінің қызметкерлері мен мемлекеттік қызметшілердің арасында екпе алып жатқандар бар. Қазіргі таңда ерікті түрде екпе алушыларға «Спутник-V» екпесі салынуда. Бұл нағыз адам денсаулығына қауіпсіз әрі нағыз сапалы екпе. Екпе алғандар арасында ешқандай ауырсыну немесе келеңсіз жағдайлар орын алған жоқ.

— Қазіргі ахуал мәз емес. Аһ ұрып отыра беру аурудың бетін қайтармасы анық. Санитарлық бекет қойылғаннан кейін індет сейіле бастады. Оның себебі неде?

— Бізге әлі де босаңсуға болмайды. Жасыл аймаққа енгенмен жағдай түзеліп кетпейді. 2281 адам ПТР тест тапсырып, 144 адамнан коронавирустің белгілері анықталды. 74 адам пневмониямен ауырып, емделіп шықты. Қазіргі таңда 12 науқас емделіп жатыр. Өкінішке орай бір адам қауіпті індеттен көз жұмса, тағы бір науқас дәрігерлердің қатаң бақылауында. 140 адам үй карантинінде жатыр Айрықша айта кететін жайт әр адам санитарлық талаптарды ескеріп, жеке бас гигенасын сақтау қажет. Сонымен қатар адам көп шоғырланатын жерлерге бармауы керек.

— Сұхбатыңызға рақмет!

Сұхбаттасқан: Муса ӘДІЛБАЙҰЛЫ.

Басқа жаңалықтар