Әлеумет

Ақтөбеден Маңғыстауға велосипедпен…

Өмірдің сан-тарау соқпағы, сан-қилы тағдырлар ғасырлар тоғысында тарих боп қала береді-ау шіркін! Кешегі өткен жақсылардың жұрнағы, асылдардың сынығы да арамызда екеніне мән бермейтініміз рас-ақ. Тіпті кейде аңғармай да қаламыз. Айға да алғашқылардың бірі болып ұшқанда біздің ерлеріміз. Меккеге ұшақпен емес, осындай ауыр да ұзақ, айшылық жолдарды жаяу бағындырғандар да жүр арамызда. Солардың ешбірі де Атағың шықпаса жер өрте!» үшін әрекет етпеді.

Әңгімеміздің әлқисасында айтқандай, атақ-даңқ үшін емес, тіпті жоқшылық қысып немесе тоқшылықтан іші пысып емес, алыс жолдарды велосипедпен бағындырып, адамзат өмірінде спорттың маңыздылығын ұғындырумен қатар осындай ісімен кейінгі буынға үлгі көрсеткен біздің бүгінгі кейіпкеріміз ойылдық жерлесіміз, қазіргі таңда Ақтөбе қаласы, Шилісай елді мекенінің тұрғыны Ертарғын Мұхамбетқалиев.
Бірнеше күн бойы Ақтөбеден Маңғыстауға велосипедпен сапар шеккен Ертарғын Мұхамбетқалиев алдымен ата рухына зиярат ету үшін Отпан таудағы Адай атаның басына түнеп, әулие, қасиетті, Пір Бекет атаның басына баруға бағыт қойған. Қиындығы қат-қабат мұндай ұзақ сапарға шығуға екінің бірінің батылы бара қоймайтыны белгілі. Ал, 63 жастағы Ертарғын ақсақал үшін бұл алғашқы тәуекел емес. Олай дейтін себебіміз осыдан тура 5 жыл бұрын Бекет атаның басына арнайы барып келгендігі көпке мәлім.
Араға ұзақ уақыт салмай, 362 әулиенің жатқан жері Маңғыстау топырағына қайта сапар шеккен саяхатшы 63 жасқа келсе де, алда әлі талай-талай ат тұяғы талатындай сапарлар күтіп тұрғандығын айтып, бізді де бір тәнті етті.
Сондай-ақ, ұялы телефон арқылы тілдесу барысында ол: «Денсаулығымда да ешқандай сыр жоқ, бұл сапардың алдында медициналық тексеруден толықтай өттім. Әр адам денсаулығына баса назар аударуы керек. Спорт адамды жас, кәрі деп бөлмейді. Шынықсаң шымыр қылады. Менің енді бір айтарым спортпен қатар тамақтанудың да тәртібі бар. Сондықтан қазіргі таңда еліміз жаман аурудан аман шығуы үшін әрбір азамат денсаулығын күтіп, спорт пен тамақтану тәртібін сақтауы тиіс», — деді.
Жол бойы аялдап, дем алғаннан кейін сапарын жалғастырып отырған Ертарғын Мұхамбетқалиевтың жол бойы жан-жақтан демеушілік көрсетіп, сәт сайын амандығын біліп тұрған Сәрсенбай Дүзмағамбетов, Салауат Алтыбаев, Жанат Есболсынов сынды құрдастарына алғысы шексіз. Оған қоса ардақтап, әрдайым қамқор болып, жанында жайраңдап, қайда барса да керек-жарақтарын қамдап беріп жүрген балалары мен келіндеріне де ыстық ілтипатын жеткізді.
14 күн дегенде Ақтауға аяқ басқан азамат, бұл ісін Тәуелсіздіктің 30 жылдық мерейтойына қосқан аз да болса үлесім деп есептейді.
Оның сөзінше, бұл сапардың мәні тіптен бөлек. Себебі, оның бұл жолғы жоспары бойынша Ақтау, Атырау, Батыс Қазақстан облыстарын велосипедпен жүріп өтуге тиіс екен. «Саяхатты жаным сүйеді», -деген Ертарғын ата алдағы уақытта атағы алты алашқа мәшһүр әруақты әулие-әмбиелердің басына түнеуден бөлек, Қазақстанның барлық қаласын аралауды көздеп отыр.

Муса ӘДІЛБАЙҰЛЫ,
Ойыл селосы.

Басқа жаңалықтар