Әлеумет

«Алаш» сыйлығын алды 

Жуырда Қазақстан Жазушылар одағының Нұр-Астана бөлімшесінде халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығын тапсыру рәсімі өтті. «Алаш» сыйлығына ие болған қаламгерлердің арасында Ақтөбе топырағынан шыққан екі жазушы бар: олар — Табыл Құлыяс пен Мәди Айымбетов.
Табыл Құлыясқа сыйлық сатиралық шығармалары үшін беріліп отыр. Жазушының осы жанрдағы шығармалары 1955 жылдан бері жарық көріп келеді. Ол — «Кесілген бұрым», «Ақ мылтық», «Бетім жоқ, масқара!», т.б. кітаптардың авторы. Сондай-ақ Табыл Құлыяс ХХ ғасырдағы қазақ даласындағы ашаршылық тақырыбы бойынша іздене жүріп, архив құжаттары арқылы жазылған көптеген мақалалар да ұсынды. Ол — осы тақырыпты терең зерттеуге ден қойған қаламгерлердің бірі. Табыл Құлыяс — Ойыл ауданының құрметті азаматы.
Жазушы Мәди Айымбетовке «Алаш» сыйлығына «Тіршілік миниатюралары» атты кітабы үшін берілді. Мәди Айымбетов бұрын қалың оқырманға, негізінен, әңгіме жанрының шебері ретінде танылса, ал 2013 жылы алғашқы «Дүние керуен» романы жарыққа шыққан еді. Қазір жазушы екінші романын жазып жатыр.
Мәди Айымбетов — Байғанин ауданының құрметті азаматы.
Біз жерлестерімізді беделді әдеби сыйлыққа ие болуларымен құттықтап, шығармашылық табыстар тілейміз.

И.ЖАЙМАҒАМБЕТОВА.

Басқа жаңалықтар