Әлеумет

Ауыл әкімін өзіміз таңдаймыз!

Биылдан бастап ауыл әкімдерін тұрғындардың тікелей таңдауына мүмкіндік берілуі шын мәнінде демократиялық қадам деп бағалауға болады. Яғни, бұл «бақыт» биыл Көптоғай ауылының тұрғындарына «қонып тұр».
Жаңа заңға сәйкес, енді елді-мекендердің басшысын жергілікті халық жасырын дауыс беру арқылы сайлайды. Ал үміткерді саяси партия ұсынуы тиіс, — дейді. Өзін-өзі ұсынуға да болады. Бұл бірінші ретте саяси партиялардың рөлін кеңейту мен дамытуға бағытталған отырғанын түсінеміз. Ауыл әкімдер үшін оны ұсынған саяси партия жауапты болады. Осылайша, әкімнің жұмысы бір адамның емес, бүкіл саяси партияның жауапкершілігі болады. Яғни, ауыл әкімі болғыңыз келсе, белгілі бір партияға барып, сайлауға қатысуға ниет білдіресіз. Егер саяси ұйым сіздің кандидатураңызды құптап, қолдаса, додаға қосады. Сайлауда жұрт жасырын дауыс беру арқылы таңдау жасайды. Жеңіске жеткен азамат елді-мекенді 4 жыл басқарады.
Жасыратыны жоқ, осыған дейін ауыл басшысын аудан әкімі мәслихат депутаттарымен ақылдасып «тағайындады». Яғни, бір аудандағы ат төбеліндей депутаттардың тұтас бір ауылдың әкімін сайлауын осылай демеске лаж жоқ. Демек, бұл демократиялық қо­ғамда биліктің қайнар көзі – халық, — деген ұғымға ұмтылыс.
Бүгінгі күні біздің ауылды алдағы төрт жылда басқаруға ұмтылып отырған үш азаматтың тіркелгендігі туралы хабарды жергілікті баспасөз бетінен оқып отырмыз. Үгіт жұмыстары басталған уақытта олардың бағдарламаларымен танысып, таңдауымызды жасайтын боламыз.
Енді өз әкімімізді өзіміз таңдауға мүмкіндік туғанда ауылдастарымды «Менің бір дауысым нені шешеді дей­сің, біз барған күннің өзінде ештең­е  өзгермейді. Сайланатын адам белгілі ғой» — деп алдын­-ала тон пішіп отырмай, алдағы ауыл әкімін сайлауға бір кісідей шақырамын!

Ермек НИЯЗОВ,
Көптоғай ауылы,
Ойыл ауданы.

Басқа жаңалықтар