ӘлеуметРухани жаңғыру

Мақтан тұтар түлегіміз көп!

Елбасымыз Н.Ә.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру » мақаласы аясында «Туған жер» жобасына байланысты Ш.Бекмұхамбетова атындағы мектеп-гимназиясында түлектермен кездесу өтті. Сан мыңдаған түлектерін өз ұясынан ұшырған мектебіміз өз түлектерін құшақ жая қуана қарсы алды.

Бүгінгі таңда Абай атамыз айтқандай: «Сен де бір кірпіш дүниеге, кетігін тап та бар қалан» — демекші, мектеп түлектері бүгінгі таңда еліміздің қарыштап дамуына үлкен үлесін қосып жүр. Кездесуге келген түлектер ішінде осыдан 50 жыл бұрын 1968 жылы мектеп бітірген медицина ғылымдарының кандидаты, хирург Бақыт Сұлтангереев, Қарағанды көмір бассейнінде жұмыс жасаған кенші Фарид Ахметжанов, ауылшаруашылық мамандары: Ахмет Мұраталиев, Мұрат Толыбеков, қазіргі кезде республикалық «Казавтожол» мекемесінде басшылық қызметінде еңбек етіп жүрген Нұрланбек Өмірбаев және жан- жақта түрлі абыройлы қызмет атқарып жүрген түлектеріміз келді. Мектеп –гимназия ұжымы салтанатты жиын ұйымдастырып, қонақтар Ш.М.Бекмұхамбетованың ескерткішіне гүл шоқтарын қойды. Түлектер мектеп оқушыларына кәсіби бағдар беру бағытында өздерінің мамандықтарының қыр-сырларына тоқталып, ақыл-кеңестерімен бөлісті. Сондай-ақ уақыт талабына сай техникалық мамандықтарды таңдауға шақырды. Сонымен қатар мектеп тарихынан сыр шертетін түлектерге арналған мұражай ашылып, сол жылдардағы естеліктермен толықтырылды.
Мұражайды Ахмет Мұраталиев салтанатты түрде ашып, өз ризашылығын білдірді. Биылғы жылы қанат қағып, ұшқалы отырған түлектермен бірлесе отырып, мектеп ауласына 10 түп тал екті. Бұл да игіліктің бастамасы. Ұрпақтар сабақтастығы мен жалғастығын білдіргендей…
Бүгінде мектеп әкімшілігі «Туған жерге тағзым» акциясы шеңберінде 820 түлекпен тығыз байланыс жасап келеді. Осы кездесуде түлектер 700 мың теңге көлімінде демеушілік көрсетті. «Бүгінгі мектеп түлегі- ертеңгі ел тірегі» екенінің дәлелі.

Ж.ТЫНЫШЕВА,
Ш.Бекмұхамбетова атындағы мектеп-гимназиясының мұғалімі.

Басқа жаңалықтар