ӘкімдікБасты тақырып

Меже мен міндет ұштасса…

Жуырда Қайыңды ауылдық округінде болған аудан әкімі Дастан Сағыров ауылдың бүгінгі жай-күйімен танысты. Сапары барысында алдымен Көсембай ауылының тұрғындарымен кездесті.

Көсембайда да көптің тілегі – балабақша

 

 

 

 

 

Алдымен өзін таныстырып, ой-жоспарларымен бөліскен аудан басшысы тұрғындарды жеке сұрақтарымен қабылдады. Ең бірінші ауылдың ертеңіне алаңдаған мектеп директоры Айнагүл Керей мектеп жанындағы шағын орталықтың шағын ауылдағы балабақша мәселесін шеше алмай отырғандығын жеткізді. Әуелгіде 15 балаға лайықталып салынған орталықта бүгінде 18 бала тәлім алуда. Ал, ауылда мектепке дейінгі балабақша жасында 39 бала бар. Мектеп директоры бұл мәселені жедел шешу үшін өзінің ойын ұсынды. Яғни, ауылдағы сатылымға шығарылған үйді мемлекеттің меншігіне сатып алса, «Туған жерге – тағзым!» акциясы аясында ауылдың алыс-жақындағы түлектері толық күрделі жөндеуден өткізіп, ауласын қоршап беруді қолға алмақ. Аудан әкімінің қабылдауына жазылған Әлия Ақылбекова айтуынша, ауылдың төңірегіндегі жайылымдық жерлердің түгел жекеге берілуі — қосалқы шаруашылықты кеңейтуге кедергі болып отыр. Жөкен Абылаева болса, ауылдағы оңды-солды салынатын құрылыстарды бақылауды өтінді.

Аламан бәйгенің дүбірі  айтулы мерекемен үндесті

Аудан әкімі Дастан Сағыровтың кезекті іссапары дәл мереке күні де жалғасын тапты. Іссапар кезінде 7 мамыр Отан қорғаушылар күніне орай Қайыңды ауылдық округіндегі арнайы ұйымдастырылған аламан бәйгеге куә болды. Тоқтала кетсек, қайыңдылықтар айтулы ұлттық ойын түріне биыл төртінші мәрте ұйытқы болып отыр. Сондықтан аудан әкімі ауыл азаматтарына шексіз алғысын білдіріп, алдағы уақытта да ұлттық спорт түрлерін жандандыра түсу керектігін айрықша атап өтті. Әрі қарай жалғасақ, бәйге алаңына құйрық-жалы түйіліп, сақадай сай тұрған 11 сәйгүліктің тұрпаты ауыл жұртшылығын тамсандырды. Аламан бәйгенің өтуіне «Құттығай» шаруа қожалығының төрағасы Есентай Меңдіғалиев мұрындық болды. Ал, сөре сызығында ауыздықпен арпалысқан шабандоздарға аудан әкімі Дастан Жарылқасынұлы сәттілік тілеп, сәйгүліктердің дүбіріне белгі берді. Күні бұрын өз бабында күтіп, жаратылған тұлпарлар 15 шақырым қашықтыққа шауып өтті. Ауылдастардың қиқуы мен қолдауына бөленген аламан бәйгенің мәресінен Есентай Меңдіғалиевтың тұлпары бірінші болып келді.

Ақсақалдың батасы абыройлы іске шақырды

Қайыңды ауылдық округінің орталығында болған аудан әкімі Дастан Сағыров еңбек ардагері Мұрат Тілегеновтың шаңырағында болып, ардагермен ашық әңгіме құрды. Өз кезегінде алдағы уақытта жасалынатын жұмыстармен бөліскен аудан әкімі ақсақалдардың ұйытқы болуымен ауыл жұртшылығын елдің көркейіп, өсіп-өркендей беруіне белсене атсалысуға шақырды. Арнайы жайылған дастарханнан дәм татқан аудан басшысының жұмысына Мұрат ақсақал сәттілік тілеп, батасын берді.

Ауылды абаттандыру

Сонымен қатар аудан әкімі әлеуметтік нысандарды аралап, жай-күйімен танысты. Әр саланың қызметкерлерімен ашық сөйлесіп, ауылды абаттандыру жұмыстарын қолға алу керектігін ескертті. Одан кейін «Сенім» шаруа қожалығында болып, шаруашылық төрағасы Есенқұл Құрманғазинмен арнайы тілдесті. Мал басын көбейту, асылдандыру жұмыстарын жандандыру сынды жүйелі тапсырмалар мен мемлекеттік бағдарламаларға қатысып, ауыл шаруашылығын әлі де дамытуға шақырды.

Муса ӘДІЛБАЙҰЛЫ,

Ойыл-Қайыңды-Ойыл.

Басқа жаңалықтар