Спорт

Аяжан жүзден дара шықты

Ақтөбе қаласында өткен Қазақстан Республикасына Еңбек сіңірген жаттықтырушы, Құрметті спорт қайраткері, Ойыл ауданының құрметті азаматы, жерлесіміз Қабидолла Нұршинді еске алуға арналған тоғызқұмалақтан жасөспірімдер мен қыздар арасындағы ашық турнирге Ойыл балалар-жасөспірімдер спорт мектебінен команда жасақталып, арнайы қатынасып келді. Аталған облыстық ашық турнирге 100-ден астам жасөспірім қатысқан. Нәтижесінде тоғызқұмалақтан Спорт шеберлігіне үміткер,  Ойыл балалар-жасөспірімдер спорт мектебінің тәрбиеленушісі, Ә.Дербісалин атындағы Саралжын орта мектебінің 6 сынып оқушысы Аяжан Сағынтайқызы турнирдің жеңімпазы атанды. Осылайша жерлесіміздің атындағы жүлдеге қол созып, жүзден дара шыққан Аяжан тоғызқұмалақ бойынша аудан спортының мәртебесін көтеріп, тың серпін берді. Аяжан Сағынтайқызы 2019 жылы Повладарда өткен Республикалық чемпионаттан 3 орын алып, тоғызқұмалақтан спорт шеберлігіне үміткер атанған. Бірінші сыныптан бастап тоғызқұмалақ үйірмесіне қатысқан оның аудандық, облыстық жарыстардан алған жүлделері жетерлік. Оның ұлттық ойын түрінен тұғырдан көрінуіне тәрбиелеп, үйреткен ұстазы, яғни жаттықтырушысы Нұрлан Ихсановтың еңбегі бір бөлек әңгіме. Сондықтан болар Аяжан тоғызқұмалақ ойынына баулып, шапшаң, әрі шебер ойнап, жүйрік есептеуге үйреткен жаттықтырушысына алғысы шексіз. Ендеше бізде тоғызқұмалақтан облысымыздың чемпионы Аяжанның әлем чемпионы атануына тілектеспіз!

Муса ӘДІЛБАЙҰЛЫ.

Басқа жаңалықтар