Әлеумет

Көктемгі тазалық

Еншімізде екі айлық бар

Жетінші сәуір күні «Ауданның елді мекендері аумағында көгалдандыру, санитарлық тазарту және абаттандыру шараларын ұйымдастыру туралы» аудан әкімінің өкімі шығып, екі айлық жарияланды. Бұл шара 4 маусымға дейін жалғасады. Екі айлық кезінде елді мекендерді санитарлық тазарту, абаттандыру және жасыл желектендіру бағытында аудандық іс шаралар жоспары бекітілді.

Мәселен, биылғы жылдан бастап барлық елді мекендерде жасыл желектерді түгендеу, тиісті күтім жұмыстарын жүргізу, зиянкестерден қорғау, отырғызылатын көшеттерді таңдау дендрологиялық жоспарға сәйкес жүргізіледі. Ауылдық округтер әкімдіктерінің берген мәліметіне сәйкес 2022 жылға жоспарланған көгалдандыру жұмыстары кезінде Ойыл ауданы орталығы мен аудан елді мекендерінде бұрын егіліп шықпай қалған орындарға барлығы 1750 түп көшет отырғызылады. Былтыр Ойыл ауылдық округі аумағынан бөлінген 100 га жердің  20 га учаскесіне жасыл аймақ құрылып, көшеттер отырғызылған еді. Биыл тағы 20 га учаскеге механикалық тәсілдермен 3215 түп ағаш отырғызуға  және күтім жұмыстарына қаржы бөлініп, жұмыстар басталып кетті. Жасыл аймаққа егілген көшеттерді сумен қамтамасыз ету үшін  үш скважин құдығы қазылып пайдаланылуда. Ал, көшелерде егілген талдарды биылғы жылы пластик труба жүргізіп суару іске асырылады. Жасыл аймаққа отырғызылған екпелердің әрі қарай өсуі үшін кемінде төрт жыл бойы күтім жұмыстарын жүргізіліп, қорғау шаралары ұйымдастырылатын болады.

Ал, санитарлық тазарту жұмыстарына келетін болсақ, екі айлық кезінде әр апта сайын сенбіліктер өткізіліп, оған аудандағы мекемелер, кәсіпорындар  қызметкерлері және жастар, еріктілер жмылдырылады.

Ауылдық округтер бойынша санитарлық тазарту жұмыстары барысында тұрмыстық қалдықтардан тазарту, шығару, белгіленген орындар айналасын қоршау, жиналған қоқыстарды түйдірту сияқты жұмыстар жүргізілмек.

Көшелердің тазалықтарын қадағалауға жауапты мекемелер бекітіліп олардың араласуымен көшелердегі көктемгі уақытта су жырған жерлерді тегістеу, жиектастарды, талдарды әктеу, қураған ағаштарды кесу, ғимараттардың сыртқы келбеттерін талапқа сәйкестендіру, саябақтар мен шағын бақтардың аумақтары қалдықтардан тазарту басталды.

Автомобиль жолдарының айналасын шашылған шөлмектерден, пластик құтылардан, қағаздан, металдар мен резиналардан, тұрмыстық заттардан тазартып, тиісті күйге келтіру бағытында жұмыстар жалғастырылады.

Өзен, су жағалаулары тасталған қалдықтардан тазартылады.

Қазақстан Республикасының Экологиялық Кодексіндегі өзгерістерге сәйкес аудан елді мекендерінде қатты тұрмыстық қалдықтармен жұмыс істеуде пластикалық қалдықтарды, макулатураны, шыныны, металды бөліп алу, сұрыптау жұмыстарын жүргізу, табиғатты ластамау туралы түсіндіру, насихаттау жұмыстары жүргізіледі.

Ауылдық округтер елді мекендер аумағында екі айлық санитарлық тазарту және абаттандыруға бағытталған сенбілік жұмыстарын ұйымдастыру іс-шаралары жоспары шеңберінде тұрғындар  арасында ауылдың тазалығын арттыру, көркейту, сыртқы келбетін жақсарту, тұрғындарды тазалыққа, еңбекке ынталандыру мақсатында «Үлгілі үй», «Үлгілі аула», «Үлгілі ауыл» тақырыбында конкурстар ұйымдастыру, байқау Ережесіне сәйкес іс шаралардың өтуі қорытындысын ұйымдастыру комитетінің шешімі бойынша тамыз айындағы конституция мерекесі күніне шығару жоспарлануда.

Нұржау ТҰРҒАМБЕКОВ,
Ойыл аудандық сәулет құрылыс, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы.

Басқа жаңалықтар