Басты тақырып

СПОРТ САҢЛАҚТАРЫНА ҚҰРМЕТ КӨРСЕТТІ

Өткен аптада биыл Алматы қаласында пауэрлифтингтен өткен әлем чемпионатында жеңімпаз атанған, ауыр атлетикадан спорт шебері, әлем чемпионатының күміс жүлдегері, пауэрлифтингтен екі дүркін Азия чемпионы, спорт ардагері Қадыржан Ізғарин мен Ақтөбе облысының спорт ардагерлері кеңесінің төрағасы Бақтығали Сапарұлы келді. Алдымен спорт ардагерлерін аудан әкімі Асқар Қазыбаев қабылдады. Кездесу барысында аудан басшысы аудан спортын дамытудағы жасалып жатқан жұмыстарға тоқталып, жастар арасында салауатты өмір салтын насихаттауға, спорттың дамуына қосқан үлестері үшін алғысын білдірді. Сондай-ақ, «Ойыл ауданына 100 жыл» мерекелік медалын тағып, арнаулы естелік сыйлығын табыстады. Қабылдауда Ойыл аудандық мәслихатының хатшысы Сәкен Займолдин де естелік сыйлығын табыстап, спорт ардагерінің иығына шапан жапты.

«Біздің спортшы ардагер ағамыз салауаттылықты жастарға насихаттап келеді. Біз осындай танымал ардагерлерімізді әркез назардан қалдырмаймыз. Оның жастарға қамқорлығы, белсенділігі мен спортқа деген жауапкершілігі өзгелерге үлгі»-, дейді аудан басшысы.

Әрі қарай, Ойыл дене шынықтыру-сауықтыру кешенінде жас спортшылармен және жаттықтырушылармен кездесіп, шеберлік сағатын өткізді. Ауданымызда байрақты бәсекелерге енді-енді қадам басқан балғын спортшылар қызығушылық танытып, шеберлік сағатына үлкен белсенділікпен ат салысты. Сондай-ақ, көкейлерінде жүрген сұрақтарына жауап алып, жолын берсін деген тілекпен естелік суретке түсіп, жетістікке жетудің жолы еселеп төгілген маңдай тердің арқасында екенін ұғынды.

P.S Кездесу соңынан кейін спортшы ардагерлер табиғат аясында орналасқан «Көкжар-Бәйтерек» жазғы демалыс лагерінің демалушы оқушыларымен кездесті.

Гаухар АБАЙҚЫЗЫ,
Ойыл селосы.

Басқа жаңалықтар