Басты тақырып

БІЛІМ САЛАСЫНЫҢ АРДАГЕРІ 90-ҒА ТОЛДЫ

«Ұстаздық еткен жалықпас, үйретуден балаға» - деген ұлы Абай атамыз. Ардагер ұстазымыздың жас ұрпақтың санасына сыналай енгізетін тәлім-тәрбие, үлгі-өнегесі өлшеусіз. «Ұстаздық — ұлық емес, ұлы қызмет. Себебі, ұрпақтарды ұстаз тәрбиелейді. Болашақтың басшысын да, данасын да, ғалымын да, еңбекқор егіншісін де, кеншісін де ұстаз өсіреді…

Ойыл ауданының білім саласында елеулі үлес қосқан жаратылыстану-математикалық пәндерінің ұстаздары баршылық. Саналы ғұмырының жарты ғасырдан астам уақытын ұстаздық қызметке арнаған Рухан Ертілеуқызы 90-ға толды. Білім саласының ардагеріне сый-құрмет көрсетілді. Жергілікті билік өкілдері Рухан әжейді арнайы құттықтап барды. Толығырақ тарқатсақ, Ойыл ауданы әкімінің орынбасары Мұратбай Айдарбаев пен білім бөлімінің басшысы Серік Меруенов, аудандық білім қызметкерлерінің кәсіподағы ұйымының төрайымы Гүлмира Избағамбетова қарт ұстазға сый-сыяпаттарын табыстап, құттықтау хатын ұсынды. «Еңбегіңіздің зейнетін көріп отырған шақта да Сіз ұрпақтарыңызға игілік пен ізгіліктің, пайым — парасаттың үлгісін танытудан жалыққан емессіз. Қоғамның әрбір жаңалығын жылы қабылдап, шәкірттердің бойына жеткізе білгеніңізбен қатар, бойыныздағы бар жинап-терген біліміңізді білім алушылардың санасына сапалы етіп сіңіре білдіңіз. Балаларыңыздың шебер, парасатты шығуын мақсат еттіңіз. Алдағы уақытта денсаулығыңыз мықты, көңіліңіз шат-шадыманға толы болып, ұл-қызыңыз, немерелеріңіздің қызығына тоймай жүре беріңіз», -деген жылы тілектерін білдірді. Тоқсанға толған қарт ұстаз арнайы құттап келгендерге шексіз алғысын білдіріп, риясыз әңгімесін білім саласындағы еңбек еткен жылдардың естеліктерімен жалғады. Сондай-ақ қазіргі ел өміріндегі тың жаңалықтар мен өзгерістер жолынан хабардар екенін де айтып, «Білімді ұрпақ тәрбиелеу арқылы жасампаз мемлекет құруға болады», — деген ойын ашық жеткізді.

Муса ӘДІЛБАЙҰЛЫ,
Ойыл селосы.

Басқа жаңалықтар