Басты тақырып

КӨТЕРМЕ ЖОЛҒА КӨП ЖӨНДЕУ ҚАЖЕТ!

АУДАН ӘКІМІ АСҚАР ҚАЗЫБАЕВТЫҢ АУЫЛ ТҰРҒЫНДАРЫМЕН КЕЗЕКТІ КЕЗДЕСУ ЖИЫНЫ ӨТКЕН ЖҰМАДА ҚАРАОЙ АУЫЛДЫҚ ОКРУГІ МЕН ҚҰБАСАЙ ЕЛДІ МЕКЕНІНДЕ ЖАЛҒАСТЫ. КЕЗЕКТІ ІС-САПАРЫН ҚҰБАСАЙ ЕЛДІ МЕКЕНІН БАСТАҒАН АУДАН ӘКІМІ ШАҒЫН АУЫЛДЫҢ ТҰРҒЫНДАРЫНЫҢ КӨКЕЙІНДЕГІ ҰСЫНЫС-ПІКІРЛЕРІН ТЫҢДАП, КЕЗЕКТІ САУАЛДАРЫНА ЖАН-ЖАҚТЫ ЖАУАП БЕРДІ.

Құбасайлықтарды толғандырып отырған негізгі мәселе ауыз су мен жол қатынасы. Ауыз мәселесіне келсек, Құбасайға былтыр кешенді модульді ауыз су орнатылған болатын-ды. Қазір бұл жүйе ауыл тұрғындарын таза ауыз сумен қамтуға жарамсыз. Бұл мәселе бойынша тез арада жөндеу жұмыстарын жүргізу үшін ауыл әкімі Айбек Сұлтанова тапсырма берілді. Сондай-ақ құбасайлық шаруа қожалықтар мал азығын қамту үшін әкімшілік жерінен қосымша жер берілсе деген ұсыныс айтты.

Ал, Қараойда жол мәселесі өзекті болып тұр. Себебі көктемгі су тасқыны салдарынан көтерме жолдың бірнеше жерін жарып кеткен. Қазір тұрғындар ол жерлерден көтерме жолдан түсіп, айналып өтіп жүр. Бұл ашық-жарықта жүре беруге болғанымен жауын-шашынды күндері қатынасты қиындататыны айтпаса да түсінікті. Аудан әкімі Асқар Қайырғалиұлы айтулы мәселеден хабардар екенін ашып айтты. Қазір көтерме жолға жөндеу жұмыстарын жүргізу үшін арнайы қаржы қаралып, мердігер іздеп жатқандығын жеткізді. Сонымен қатар осы Қараой бағытындағы жолды асфальттау жұмыстары басталып жатқандығын мәлім етті. Сондай-ақ тұрғындар тарапынан мал азығын дайындауға қосымша жер сұралып, мал ауруына байланысты ұсыныс-пікірлер айтылды. Аудан әкімі Асқар Қазыбаев шаруа қожалықтарға мемлекеттен берілетін қолдаулар мен пайызы төмен несиелерді тиімді пайдалану керектігін баяндап, ауыл тұрғындарын тазалық жұмыстарына белсенділік танытуға шақырды.

Кездесу соңында аудан әкімі Асқар Қазыбаев пен бірқатар мекеме басшыларға ауыл тұрғындарын жеке сауалдары бойынша қабылдау өткізді.

Муса ӘДІЛБАЙҰЛЫ,
Ойыл-Құбасай-Қараой-Ойыл.

Басқа жаңалықтар