ӘкімдікБасты тақырыпСұхбатЭкономика

ШАҒЫН КӘСІП ДАМЫМАЙ

Шалғай ауылдың шырайы Қалай кіреді?

Бүгінгі аудан әкімі Асқар Қазыбаевтың Қайыңды, Көсембай ауылдарындағы тұрғындармен кездесулерінде Ойыл ауданындағы он айда атқарылған жұмыстарды баяндады. Тұрғындардың көтеріп жүрген мәселелері кезең-кезеңімен жүзеге асып келеді. Өткен кездесулерде көшелерді жарықтандыру мен ауылға балалар ойын алаңының қажеттігі айтылған еді. Тұрғындардың бұл тілегі шешімін тапты. Сонымен қатар, биыл ауыл жастары үшін хоккей корты салынады.
Қайыңды ауылдық округі Ойылдың іргелес Қобда, Темір аудандарымен шектесетін шалғай ауылы. Күре жолдан да жырақ. Сондықтан да, тұрғындардың жылдың кез-келген мезгілінде алға тартатын мәселесі жолдың жайы. Әрине, бұл мәселені шешу үшін ауданның өзінің күші жетпейді. Анабір жылдары ел үдере көшкенде «ықпал еткен» фактордың бірі де осы. Бірақ, облыс басшылығының қолдауымен биыл көтерме жолды орташа жөндеу қолға алынды. Яғни, жолдың жартысына қиыршық тас төселіп, қатқылдандыру жұмысы үшін биылғы жылы 340,9 млн. теңге бөлініп игерілді. Мердігер «Ақпан – 2030» бүгінгі күні биылғы жылға жоспарланған жұмысты аяқтауға таяу.
Әрине, бұл мемлекет тарапынан жасалып жатқан жұмыстар. Ал, тек малға иек артқан тұрғындардың тірлігі томаға-тұйық. Шынтуайтында мал да бағылмайды. Айдап сал. Мемлекеттік бағдарламаларға қатысуға ешкімнің құлқы жоқ. Ал, Кәсіпкерлікті дамытудың 2021-2025 жылдарға арналған Ұлттық Жоба бойынша Ойыл ауданына 85 грант бөлініп тұр. Бір гранттың көлемі – 400 айлық есептік көрсеткіш. Яғни, әр адамға 1225200 теңге беріледі. Қайыңды ауылдық округіне бөлінген 10 гранттың Ұлттық Кәсіпкерлік Палатасы арқылы «Бастау – Бизнес» курсын оқып, жобасын қорғаған бір адам ғана алды. Осыдан-ақ, тұрғындардың ұмтылысын аңғаруға болады. Басқа округтерде кәсіпкерліктің негізін игеріп, грант алуға құлшынып тұрғандар көп… Аудан әкімімен кездесуде де мемлекеттің ұсынған мүмкіндігін пайдалануға ұмтылып тұрған адам болған жоқ.
Халқымызда «Ауылына қарап, азаматын таны!» деген тәмсіл бар. Тек мемлекеттің бергенімен ауылдың шырайы қалай кіреді?
Серікбай ҚОЙБАҒАРОВ,
Ойыл – Қайыңды – Көсембай – Ойыл.

Басқа жаңалықтар