ӘкімдікБасты тақырып

ТӨРТ АУЫЛДАҒЫ КЕЗДЕСУ

«Қазақстан Республикасының Президенті туралы» Қазақстан Республикасы Конституциялық заңының 17 және 21-баптарына сәйкес және қоғамды одан әрі демократияландыру, елде жүргізіліп жатқан реформалар туралы халықты хабардар ету, жергілікті атқарушы органдардың ашықтығын, жауапкершілігін, есептілігін арттыру мақсатында аудан әкімінің әр ауылда, кентте, ауылдық округте, аудандық маңызы бар қалада тоқсан сайын кемінде бір көшпелі кездесуін өткізу туралы Қазақстан Республикасының Президенті Қ. Тоқаевтың 2022 жылғы 3 наурыздағы № 826 қаулысына сәйкес аудан әкімі Асқар Қазыбаев Көптоғай ауылдық округінің тұрғындарымен кездесті. Төрт ауылда өткен кездесуде аудан басшысы ауданда атқарылған жұмыстармен қатар «Ауыл аманаты» жобасын түсіндіріп, тұрғындарды жобаға қатысуға шақырды.

Алдымен Амангелді ауылында кездесті. Жастары белсенді ауылдың қажеті — балабақша. Бұл мәселені мемлекеттік-жеке меншік әріптестік арқылы шешу жолдары ойластырылып жатқанын айтқан әкімге тұрғындар атынан ауыл мұғалімі Мейірім Әбдірзақ жерлестерінің тілегін жеткізсе, Қарасу ауылында «Ауыл аманаты» жобасына қызығушылар көп болды. Тұрғындарды негізінен ауылдағы кепілдік мүлікті бағалау жайы толғандырады. Бірақ, бір айта кетерлігі, төрт түлігін тең өргізген бұл ауылда ресми тіркелген жұмыссыз адам жоқ десе де болады. Тек бір адам ғана. Сондықтан, негізі кәсібімізге кедергі болмай ма деп алаңдайды көпшілігі. Асқар Қайырғалиұлы оның жай-жапсарын жан-жақты түсіндірді. Шұбарши ауылындағы кездесуде қыстың қамымен етек-жеңін жинақтап, шаруаның қамын күйттеген тұрғындардың тарапынан сауал болған жоқ. Округтің орталығындағы кездесуде аудан басшысы негізінен тұрғындардың соңғы жылдары әртүрлі мінберде көтеріп жүрген мәселелеріне тоқталды. Әрине, Көптоғай ауылдық округіне көгілдір отын құбырын тарту жұмысы келесі жылы басталатыны қуантқанымен, көптің көңілін күпті қылған канадалық тәсілмен салынған күре жолдың жағдайы. Рас, аудандық бюджеттің күшімен жолдың көктемгі су жырған жерлері ғана жөнделді. Көтерме жолға күрделі жөндеу жүргізу әрине алдағы күннің еншісінде…
Барлық ауылдағы кездесуде де тұрғындардың жаңа жобаға құлшыныс аз. Алайда, ешқандай банк 2,5 пайызбен несие бермейтінін ескерсек, бұл ауыл үшін үлкен мүмкіндік. Сондықтан, мұндай мүмкіндікті пайдалануға тырысу керек.
Серікбай ҚОЙБАҒАРОВ,
Ойыл -Амангелді-Қарасу-Шұбарши-Көптоғай-Ойыл.

Басқа жаңалықтар