ӘлеуметБасты тақырып

Ақтөбе облысында Қазақстан бойынша алғаш рет

«БІЛІМ ALL» жобасы бастау алды

Ақтөбе облысында шағын жинақты ауыл мектептеріндегі білім сапасын арттыруға бағытталған маңызды жоба бастау алды. Шараға облыс әкімі Ералы Тоғжанов, педагогтер мен шағын жинақты мектеп директорлары, мемлекеттік мекеме басшылары қатысты.Облыстағы 424 мектептің 66% немесе 281-і ауылдық жерлерде орналасқан. Оның 204-і – шағын жинақты.
«БІЛІМ ALL» жобасы 10575 оқушысы бар 120 шағын жинақты мектепті қамтиды. Бұрын аталған мектептердің білім көрсеткіші төмен болатын. Басты себеп — білікті мамандардың тапшылығы мен материалдық-техникалық базаның әлсіздігі. «Мемлекет басшысының қолдауымен Қазақстанда балалардың жан-жақты дамуы мен сапалы білім алуына барлық жағдай жасалған. Дегенмен жасыратыны жоқ, қала мен ауыл мектептерінің білім сапасындағы алшақтыққа әсер ететін факторлар бар. Осы мәселелерді шешу үшін бірқатар шаралар қабылдануда. Бүгінгі күні 114 мектепке кабинеттер сатып алу, мектеп жиһазын жаңарту, оның ішінде кітапханалары мен асханаларын жаңарту бойынша жұмыстар жүргізіліп жатыр. 2025 жылға дейін 282 мектеп модернизацияланады. Ауыл балаларының білім сапасын арттыруда бүгін өз бастауын алып жатқан «БІЛІМ ALL» өңірлік жобасының оң әсерін тигізетініне сенімдімін», — деген облыс әкімі бастаманы қолдаған ұстаздар қауымына алғысын білдірді.
«Алға ауданындағы 29 мектептің 13-і шағын жинақты. Мәселен біздің мектепте 58 бала оқиды. Бұл жоба білікті педагогтерден жақсы білім алуға, ал ауыл мұғалімдері үшін үлкен тәжірибе жинақтауға және біліктілігін арттыруға тамаша мүмкіндік», – деп атап өтті Алға ауданының Қарақобда мектеп-балабақшасының директоры Еркінбек Зиядинов. Балаларды үздік нәтижелерге қол жеткізген, жоғары сапалы білім көрсеткен Ақтөбедегі 6 жетекші мектептің үздік 25 мұғалімі оқытады. Олардың қатарында Дарынды жасөспірімдерге арналған «Білім-инновация» мамандандырылған лицей-интернаты, М.Құсайынов атындағы дарынды балаларға арналған мамандандырылған лицей-интернаты, мамандандырылған физика-математикалық лицей-интернаты және тағы да басқа білім ордалары бар. Бір сөзбен айтқанда, математика, физика, химия, биология, ағылшын тілі пәндерінің мұғалімдері онлайн-сабақтар өткізетін болады. «Қала мен ауылдағы білім деңгейін теңестіру мақсатында қолға алынып жатқан жобаның қатысушысы болу — біз үшін үлкен мәртебе. Дарынды балалар ауылда да бар. Бірақ маман тапшылығының кесірінен олардың барлығын дер кезінде тани алмай жатамыз. Алдағы уақытта бұл жобаның ауқымы кеңейетініне сенімім мол», — деді М.Құсайынов атындағы дарынды балаларға арналған мамандандырылған лицей-интернатының математика пәнінің мұғалімі, — «Ақтөбе облысының үздік педагогі» Нұрбек Абдуллин.
А.ІЛИЯС.

Басқа жаңалықтар