ӘкімдікӘлеуметБасты тақырып

«ҚЫС–2022»

РЕСПУБЛИКАЛЫҚ КОМАНДАЛЫҚ – ШТАБТЫҚ ОҚУ – ЖАТТЫҒУЫ ӨТТІ

Өткен сәрсенбі күні ауданда «Қыс – 2022» республикалық командалық — штабтық оқу-жаттығуы өтті. Ең алдымен аудан әкімдігінің мәжіліс залында Азаматтық қорғау қызметі құрылған мекеме қызметкерлеріне төтенше жағдайлар орын алған кезде атқарылуға тиіс іс-шаралар пысықталды. Жиынға Азаматтық қорғау қызметі құрылған мемлекеттік мекеме басшылары мен аудан әкімінің орынбасары Мұратбай Айдарбаев қатысты.
Әрі қарай Ақтөбе-Ойыл-Шұбарқұдық тас жолының тоғысқан жеріндегі алаңға арнайы техникалар мен құтқарушы топтар жиналып, саптық қарауы өткізіліп, күш-құрылымдардың дайындығы пысықталды. Саптық қарау өткізілгеннен кейін оқу-жаттығудың практикалық бөлігі өтті. Практикалық жаттығуды жүргізу барысында авариялық-құтқару қызметтері және азаматтық қорғау құралымдарының қысқы кезең жағдайларында авариялық-құтқару әзірлігі тексерілді.
Аудан әкімінің орынбасары Мұратбай Айдарбаев төтенше жағдайларға әркез дайын болу керектігін айтып, құтқарушы топтардың дайындығын тексерді.Одан кейін оқу-жаттығу Ш.Бекмұхамбетова атындағы мектеп-гимназиясында төтенше жағдай кезінде адамдар мен үй жануарларын қауіпсіз аймаққа көшіру, қабылдау және орналастыру бойынша тыңғылықты тәжірибесін көрсетті. Екі күн ішінде тіршілікті қамтамасыз ету нысандары мен жол қызметтерінің дайындығын тексеру мақсатында азаматтық қорғау қызметтерінің түрлі сипаттағы төтенше жағдайларға дайындығы мен іс жүзінде әрекет етулері пысықталды.
Осылайша, аудандағы қыс мезгілінде төтенше жағдайлардың алдын алу, төтенше жағдай кезінде адам шығынын болдырмау және төтенше жағдайда ережеге сәйкес дер кезінде іс-қимыл атқаруды дұрыс ұйымдастыру мақсатында өткен оқу-жаттығу жұмыстары сала мамандарын бір пысықтаудан өткізді.
Қорытындылай келгенде, аудан құтқарушылары қыстың қаһарына толық дайын екендіктерін дәлелдеді.
Өз тілшіміз.

Басқа жаңалықтар