Басты тақырыпМәдениетСпорт

Ойыл күндері ойдағыдай өтті

«Туған жерім-нұрлы елім!» атты Ақтөбе қаласындағы Ойыл ауданының күндері «Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Н.Ә.Назарбаев» атындағы орталық саябақта «Құтты болсын, ұлы тойың, думан ел» атты мәдени көпшілік шарасымен түйінделді. Онда киелі Көкжар өңірі туралы бейнебаяндар көрсетілсе, көздің жауын алатын көрмелер мен көріністер де көпшілік назарына тарту етілді. Тарқатып айтсақ, ат шаптырым аумағы бар орталық саябақ ішіне құдды бір Ойыл ауданы орнап қалғандай әсер қалдырды. Себебі саябақта тары өсіретін алқаптар мен Ойыл өзенінің шағын көшірмесі жасалды. Өзенде жүзіп жүрген балықтар мен Ақшатаудың боры бейнеленген көрмелер бәрінің назарын аударды. Онда балалар мен жастар Ойылдың балығын аулап мәз болды. Одан кейінгі қатарда орын алған Барқын құмымен бірге қылқанды қарағайларына дейін жеткізілді. Жиналған жұртшылыққа Барқын құмының қасиеті, Барқын орманы туралы мол мағлұмат білді. Ақшатаудың борынан жасалған бұйымдарды да таңырқай тамашалады. Тіпті Ойылдың емдік қара балшық тұздарына дейін сол жерден табылды. Қышыма, бөрітпе сында сан түрлі ауруларға ем тұзды балшықты қалалықтар кеш бата таласып салып алып жатқанын аңғардық.

Мұның өзі қала тұрғындарының Ойыл десе ойға алары көп болатындығының куәсі тәрізді. Жүн түтіп, келдек терген әжелердің көріністері нағыз қайнаған еңбектің қызған шағын көз алдымызға әкелді. Мұның бәрін аралаған облыс әкімінің орынбасары Ербол Нұрғалиев пен Ақтөбе қаласының әкімі Ілияс Испанов расында әр ойылдықтың бойындағы қызу дайындық пен қарқынды белсенділікке куә болды. Ал, концерт «Елорда — Астана» әдеби музыкалық көрініспен басталды. Алдымен алаңға сценарий бойынша «Астананы бір көрсем» деген арманы асқақ жігіттер трактормен шығып актерлік шеберліктерін көпшілік алдында көрсете білді. Одан кейін ойылдық өнерпаздар орындаған әрбір ән мен күй, мың бұралған би де бірінен-бірі асып тұрғандығын көрсетті. Сондықтан болар, концерт аяқталмастан саябақтан шыққан жанды көрмедік.

Сонымен бірге түрлі спорттық ойындар ұйымдастырылып, балаларға базарлық үлестірілді. Шара кезінде «Бақытты бала» жобасына арналған «Біз бақытты баламыз» атты көрме қойылды. Облыс әкімі Бердібек Сапарбаевтың атынан Ақтөбе қаласындағы жасөспірімдерді уақытша оқшаулау, бейімдеу және оңалту орталығына музыкалық орталық және ойылдық бүлдіршіндерге «Аквапаркке» тегін кіргізетін Сертификаттар табыс етілді. Әрі қарай спорттық ойындарға оралсақ, көлік сүйреу, дөңгелек аудару, қошқар көтеру сынды сайыстарға нағыз күштілер қатысты. К-700 тракторының дөңгелегін аударуға кіл ккүшіне мығымдар шықса, қошқар көтеруге қызығушылық танытқандар көп болды. Нәтижесінде қошқар көтеруден қала тұрғыны А.Қуандықов жеңіске жетсе, дөңгелек аударудан А.Ерланов алға шықты. Көлік сүйреуден жерлесіміз Т.Есенғазин жүлдені ауданның қоржынына түсірді.

Басқа жаңалықтар