ӘкімдікБасты тақырып

Аудан әкімі ауылдарды аралады

Өткен жұмада аудан басшысы Дастан Сағыров бірқатар мекеме басшыларымен бірге арнайы іссапармен Көптоғай, Қараой, Сарбие ауылдық округтерінде болды.

Онда алдымен Көптоғай ауылдық округіне барып, округ әкімі Ерлан Асылбаевтың алты айлықтың қорытындысы бойынша кезекті есебін тыңдады. Есеп беру жиынында Ойыл өзенінің бойында жатқан ауыл тұрғындарына бау-бақша мен суармалы егісті қолға алу керектігі көбірек айтылды. Одан соң, мектеп пен балабақшаны аралады. Құрман орта мектебі ауласына абаттандыру, жасыл желек отырғызу жұмыстарын әлі де қолға алу керектігін айтса, балабақшаның бүгінгі күйі бірқалыпты. Сонымен бірге Көптоғай ауылдық округіне қарасты Қарасу елді мекенінің көктем кезінде қатынастың, яғни өзеннен өту үшін үнемі айтылып келе жатқан проблемасы бойынша енді ғана қолға алынып жатқан шағын өткелдің жұмысымен танысты.Сондай-ақ аудандағы кадр өзгерісіне байланысты аудан әкімінің орынбасары қызметіне тағайындалған Асылан Кенжебаевпен таныстырды.

Сол күні түстен кейін Қараой ауылдық округінде болған аудан әкімі Дастан Жарылқасынұлы округке кіргеннен бастап, ауыл әкімі Сәкен Ғазизұлының жасап жатқан жұмыстарына тікелей куә болды. Қараойда бұдан екі-үш күн бұрын болған аудан әкімі Қараой халқының белсенділігі мен ауызбіршілігіне тағыда оң бағасын беріп қайтты. Қараойда абаттандыру, тазалық сынды жасалған жұмыстар жетерлік. Сондықтан болар тұрғындармен кездесу жиыны тез аяқталды.

Тұрғындармен кездесуін Сарбие ауылдық округінде жалғастырған аудан әкімі Дастан Сағыров аталған округке қарасты Қаракөл елді-мекенінде болып, ауылдың ахуалымен танысты. Одан кейін ауыл әкімі Нұрлан Атағалиев округ орталығында алты айлықтың қорытындысы бойынша есеп берді. Ауыл тізгінін ұстағанына ұзақ уақыт болмағандықтан ба, ауыл әкімінің біраз нәрседен хабарсыз, тіпті кейбір цифрлар мен мемлекеттік бағдарламаларға талдау жасалмағанын аңғардық. Әйтсе де аудан әкімі Дастан Жарылқасынұлы көптеген шараларды қолға алып, әкімдіктің жұмысын жандандыруға тың идеялар мен тапсырмалар берді. Сонымен бірге округтегі әлеуметтік нысандарды арнайы аралады.

Муса ӘДІЛБАЙҰЛЫ,

Ойыл-Көптоғай-Қараой-Сарбие-Ойыл.

 

Басқа жаңалықтар