МӘТЕНТӨБЕ – ҰЛТТЫҚ ТАРИХЫМЫЗДЫҢ ТІРІ ШЕЖІРЕСІ

Мәтентөбе – тек өткеннің ізі емес, ұлттық тарихымыздың тірі шежіресі. Бұл жердің табиғи келбеті, көне таңбалары мен халық жадында сақталған аңыз-әңгімелері оның тарихи әрі рухани маңызын айқындай түседі.
Ойыл ауданы Қайыңды ауылдық округінің әкімі Даурен Бисебаевтың қолдауымен Мәтентөбеге барып, тарихи орынмен жақынырақ таныстық. Бұл сапар өңірдегі осындай киелі мекендердің туристік әлеуеті өте жоғары екеніне тағы бір мәрте көз жеткізуге мүмкіндік берді. Тиісті инфрақұрылым қалыптастырылып, жол көрсеткіштері мен ақпараттық тақталар орнатылып, тарихи деректер ғылыми тұрғыдан жан-жақты зерттелсе, Мәтентөбе өңірдің маңызды тарихи-танымдық және рухани туризм орталықтарының біріне айналары сөзсіз.
Бұл – тек Сапура Мәтенқызы мен оның әкесі Мәтен батырдың тарихи мұрасын дәріптеу ғана емес, сонымен қатар өскелең ұрпақтың туған өлке тарихын терең танып-білуіне, ұлттық құндылықтарды құрметтеуіне ықпал ететін маңызды қадам.
Төбенің басында табиғи қара тастар орналасқан. Сол тастардың бірінің бетіне қашалған көне белгілер ерекше назар аударады. Уақыт әсерінен таңбалардың бір бөлігі көмескіленгенімен, олардың ізі бүгінге дейін сақталған. Сондай-ақ төбе маңындағы ерекше қара тас өзінің өзгеше пішінімен көзге түседі.
Жергілікті тұрғындардың айтуынша, бұл жер Сапура Мәтенқызының әкесі – Мәтен батырдың есімімен тығыз байланысты. Ел аузындағы деректерге сәйкес, батыр осы маңда жерленген болуы мүмкін. Сондықтан бұл тарихи орын халық арасында бүгінге дейін «Мәтентөбе» атауымен сақталып келеді.
Осындай киелі тарихи орындарды сақтау, ғылыми тұрғыдан зерттеу және кеңінен насихаттау – баршамыздың ортақ міндетіміз. Өткенін құрметтеген, тарихи мұрасын қадірлеген елдің ғана болашағы баянды болмақ.



