Экономика

Енді жеке меншік мектептерде оқитын осал отбасылардың балалары да әлеуметтік көмек алады

2024 жылы еліміздің бала құқықтарын қорғау саласындағы бірқатар заңға өзгерістер енгізілген болатын. Солардың бірі – әлеуметтік көмектің кеңеюі. Бұрын облыс аумағындағы жекеменшік мектептегі әлеуметтік жағдайы осал отбасынан шыққан оқушыларға тиісті нормативтік құжат болмауына байланысты әлеуметтік көмек көрсетілмеген. Жаңа оқу жылынан бастап меншік нысанына қарамастан жекеленген санаттағы барлық оқушыларға толығымен қолдау көрсетілетін болады. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында Ақтөбе облысы білім басқармасының басшысы Бұлбұл Күзембаева мәлімдеді.

«Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, өткен жылы жекеленген санаттағы балаларға мектепке қажетті оқу киімдері мен құрал-жабдықтармен қамтамасыз ету үшін жалпыға міндетті білім беру қорынан 761 млннан астам теңге қарастырылды. Аталмыш қаражатқа 17,5 мың балаға көмек көрсетілді» — деді Бұлбұл Күзембаева.

Сонымен қатар өткен жылы «Мектепке жол» республикалық қайырымдылық акциясы аясында өңірде бірқатар жұмыстар атқарылды. Көктемгі су тасқынында зардап шеккен бірқатар отбасылардың балаларын мектепке дайындауға ірі кәсіпорындар мен жеке кәсіпкерлер атсалысты. Олардың қолдауының нәтижесінде 18 мыңнан аса балаға мектеп формасы, спорттық киім, қысқы киім, оқу құралдары түрінде көмек көрсетілді.

Басқа жаңалықтар