Экономика
Төрт мәселенің түйіні – шаруаларды қолдау
Өткен сенбіде аудан әкімдігінде «Ойыл несие» несиелік серіктестігі құрылтайшыларының жиналысы болды. «Ойыл несие» несиелік серіктестігінің төрағасы Руслан Қосжанов төрт мәселе бойынша мәлімет бере отырып, жиын үстінде қозғалған мәселелерді аудан кәсіпкерлермен бірлесе талқыға салды.
Бірінші мәселе — берешектерді қайтару, яғни несие алғаннан кейін ақшаны уақыттылы ай сайын көрсетілген соманы салып отыру керектігіне тоқталды. Себебі кейбір кәсіпкерлеріміз кәсібі жүрмегеннен кейін төлей алмай, үстіндегі пайызы өсіп кетіп, қазіргі таңда қарызданып жүргендер де бар екенін айтты. Сондықтан да қарызы бар кәсіпкерлерге ескерту берілді. Ал екінші мәселе — малды сырттан сатып әкелу. Егер біз өзге жақтан малды сатып әкелетін болсақ, онда біздің ауданның мал басы артады. «Мысалы, бір ауылда 500 сиыр болса, сізге екі бас мал керек болып, көршіңізден сатып алдыңыз. Бірақ сіздің 40 бас сиырыңыз 42-ге өскенімен, ауылдың 500 сиыры сол санмен тұратынын ойламаймыз. Ал егер сіз өзге қаладан сатып әкелсеңіз, онда 500 сиыр 502-ге көтеріліп, бір жағынан ауылдың өсімін арттырсаңыз, бір жағынан малдың тұқымдық сапасы да артады», — деп өз сөзін осылай түсіндірген Руслан Амангелдіұлына қарсы уәжін айтушылар да табылды. Ол үшінші мәселе, малдың біздің жерімізге келмеуі. Мал шаруашылығымен айналысатын кәсіпкерлер «Біз өзге тұқымдағы сиырларға қызығамыз. Дегенмен біздің жерімізге , табиғатымызға келмейді. Сатып алғанның өзінде әрі кетсе бір ай жайылар, иә болмаса бір жыл, ең соңында не өліп, не болмаса ауру болып шығады. Сондықтан оны алып келу, қайта алмастыру үлкен мәселе болғандықтан біз көбіне біздің жерге келетін малды, өзіміздің жақын маңнан іздейтініміз содан. Бір жағынан тасымалдау да тиімді» — дейді. Төртінші мәселе — жаңа шаруашылықтардың құрылуы туралы болды. Яғни ауданда малшаруашылығын дамытуға өз үлесін қосатын кәсіпкерлер, болмаса инвесторлар тарту да негізгі міндеттердің бірі болып отыр. Өз сөзін кәсіппен айналысам дегендерге көп мүмкіндіктер бар екенін айтып түйіндеді.
Өміргүл ТЕМІРХАН.