Ұлттық рух – ұлы мұра Ойылда «Жамбы ату» сайысы өтті

Наурыз – тек көктемнің келуі ғана емес, халқымыздың рухани жаңғыруының, ұлттық дәстүрлеріміздің қайта жаңғырып, бірлік пен татулықтың нығая түсетін мерекесі. Осы орайда, «AMANAT» партиясы Ойыл аудандық филиалы «Ұлттық мұра» партиялық жобасы аясында көше мейрамын ұйымдастырып, ұлттық құндылықтарды дәріптеуде тамаша бастама көтерді.
«Төрлет, төрлет, Наурыз!» атты мерекелік шара аясында қазақтың дәстүрлі спорт түрлерінің бірі – «Жамбы ату» сайысы өтті. Бұл дода «AMANAT» партиясының ауыспалы кубогы үшін өрбіді. Ата-баба мұрасын жаңғыртып, қазақтың ежелгі мергендік өнерін насихаттаған сайыс көпшіліктің ерекше қызығушылығын тудырды.
Мергендік пен ептіліктің бәсекесі
Жарысқа төрт көше тұрғындарынан құралған командалар қатысып, мергендік пен шеберліктің нағыз сынға түсер сәтін көрсетті. Әр команда өз шеберліктерін ортаға салып, жамбыны дәл көздеуде барын салды. Жарыстың қорытындысы бойынша:
🥇 Бас жүлде және «AMANAT» партиясының ауыспалы кубогын – Ахметжан Қойшығұлов көшесінің «Сақ» командасы жеңіп алды!
🥈 Екінші орынды – Бейсұла Құрманғазин көшесінің «Көкжар» командасы иеленді.
🥉 Үшінші орынға – Сәлкен Дәуленов көшесінің «Көк бөрі» командасы лайық деп танылды.
🏅 Белсенділік танытып, ұлттық мұраны дәріптеуге қосқан үлесі үшін Шернияз Жарылқасынұлы көшесінің «Алдаспан» командасы Алғыс хатпен марапатталды.
Барлық қатысушыларға арнайы дипломдар мен бағалы сыйлықтар табыс етіліп, ұлттық мұраны насихаттауда ерекше үлес қосқан жандар құрметке бөленді.
Ұлттық құндылық – болашаққа аманат
Шараның жоғары деңгейде өтуіне Ш.Бекмұхамбетова атындағы Ойыл аудандық өнер және өлке тарихы музейі мен Ойыл аудандық архив мекемесі айрықша атсалысып, ұлттық құндылықтарды дәріптеуге өз үлесін қосты.
«Ұлттық мұра» партиялық жобасы аясында ұйымдастырылған бұл сайыс ата-бабадан қалған асыл өнерді жаңғыртып қана қоймай, жас ұрпаққа мергендік пен ептілікті, рух пен намысты насихаттаудың тамаша үлгісі болды.
Осындай шаралар арқылы халқымыздың төл өнері қайта түлеп, болашақ ұрпаққа өнеге болары сөзсіз. Ұлттық дәстүрді ұлықтау – нағыз мерекенің көркі!
Наурыз құтты болсын! Ұлттық рухымыз асқақтай берсін!