ТАЗАЛЫҚ — ТӘРБИЕНІҢ ТЕМІРҚАЗЫҒЫ
«Тазалық табалдырықтан басталады» демекші, айналамыздың ажарын ашатын, рухани кемелдігімізді көрсететін - қоршаған ортаның тазалығы. Көктемнің шуағымен бірге Ойыл өлкесіне де жан бітті. Жер-жерде қызу тазалық, көгалдандыру және көріктендіру жұмыстары жүріп жатыр. Әсіресе, бұл бастамалардың алғы шебінде жүргендердің бірі - Ойыл аудандық ауруханасының ұжымы.

«Тазалық — саулық кепілі» деген ұранды ұстанған ақ халатты абзал жандар тек денсаулыққа ғана емес, қоршаған ортаға да жанашырлықпен қарап отыр. Аурухана ұжымы аудан көлемінде жарияланған көктемгі екі айлық сенбілік аясында өздеріне тиесілі аймақтарда белсенділік танытты. Көшелер мен әлеуметтік нысандар маңы, мекеме ауласы — бәрі тап-тұйнақтай етіп тазартылды. Бұл игі іске бас дәрігер Сәндібек Нұрбаевтың өзі бастамашы болып, ұжым мүшелерін жігерлендіре білді.
Аурухана ұжымы тазалық жұмысымен шектелмей, табиғатты түлету ісіне де үн қосты. «Ағаш еккен — ұрпаққа мирас қалдырғанмен тең» деген ниетпен емдеу мекемесінің аумағына 100 түп ағаш отырғызылды.
Бұл — бір күндік науқан емес, келешекке жасалған қамқорлық, елді мекеннің келбетіне қосылған елеулі үлес.
Әсіресе, жеміс ағаштарын отырғызу — аурухана ұжымының тек экологиялық міндеттерін ғана емес, рухани құндылықтарын да жоғары деңгейде орындап отырғанын көрсетеді.
Тазалық — тек сенбілікте ғана көрінетін шара емес. Ол — өмір салтына айналуы тиіс құндылық. Бұл ұстанымды аудан жастары да қолдап отыр. «Таза Қазақстан» экологиялық жобасы аясында өткен «Таза бейсенбі» акциясы — соның айғағы.
Аудан әкімінің орынбасары Мұратбай Айдарбаев бастаған жастар 3 шақырым аумақты күл-қоқыстан тазартып, екі тонна қалдық шығарды. Бұл — бір күндік еңбек емес, елдік мүддеге қосылған үлес.
Тазалық шараларына аудандық мәслихат, ардагерлер кеңесі, Ойыл балалар-жасөспірімдер спорт мектебі, қоғамдық ұйымдар да атсалысты. «Бірлік болмай — тірлік болмас» демекші, ел болып жұмылғанда ғана ортақ мекеніміздің келбеті көркеймек.
Бұқараның белсенділігі — билікке серпін, ұрпаққа үлгі. «Туған жерге туыңды тік» десек, сол туған өлкені таза ұстау — әр азаматтың перзенттік парызы. Бұл — ұран емес, ұлағат. Бұл — науқан емес, нағыз намыс. Ендеше, табиғаттың тынысын тыңдап, туған жердің келбетін көркейтуге үлес қосайық! «Тазалық — иманның жартысы» деген дана халқымыздың өсиетін естен шығармайық. Өзімізден басталатын игі іс — өзгеге үлгі, ұрпаққа аманат болсын!