Ауылдарды дамыту жобасы – тұрақты өсім кепілі

Биыл да ауылды дамытуға ерекше көңіл бөлініп отыр. Ұлттық экономика вице-министрі Б. Омарбековтің айтуынша, тек 2024 жылдың өзінде 500 ауылда 200 млрд теңгеге 1000 жоба жүзеге асырылуда. Бұл – мектеп, балабақша, медицина пункті немесе ауылішілік жол сияқты халыққа ең қажет нысандар. Осындай істердің нәтижесінде ауыл тұрғындарының жағдайы жақсарып, олардың қалаға жаппай көшуі азаяды.
«Ауыл аманаты» жобасы бойынша да биыл 50 млрд теңге бөлінді. Бұл қаражат ауылдағы кәсіпкерлікті қолдап, жаңа жұмыс орындарын ашуға бағытталған. Алдағы үш жылда 25 мыңнан астам жобаны қаржыландыруға тағы 450 млрд теңге бөлу жоспарланғаны да қуантады. Ақтөбе облысында да ауыл шаруашылығы мен шағын бизнесті дамытуға жағдай жасалып отыр. Жаңа дүкендер, шағын өндіріс орындары, қызмет көрсету орталықтары ашылып, ауыл экономикасына серпін беруде.
Яғни, мемлекет ауылды назардан тыс қалдырмай, нақты қаржылай қолдау жасап келеді. Бұл – халықтың тұрмысын көтеріп, ауылды жаңа деңгейге шығаратын үлкен мүмкіндік.