Экономика

Президент құнды жәдігерлерді ЮНЕСКО-ның бүкіләлемдік мұралар тізіміне қосуды тапсырды

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Ұлттық құрылтайдың V отырысында сөз сөйледі. Президент өз сөзінде Ұлттық құрылтайда еліміздің рухани-мәдени мұрасын әлемге таныту туралы бастамалар көтерілгенін және сәйкес жоспарлы жұмыс жүргізіліп жатқанына тоқталды, деп жазады Egemen.kz

Президент құнды жәдігерлерді ЮНЕСКО-ның бүкіләлемдік мұралар тізіміне қосуды тапсырды

Фото: Қызылорда облысы әкімдігі

«Мысалы 14 жылда алғаш рет аса құнды «Хандар шежіресі» қолжазбасын ЮНЕСКО-ның «Әлем жады» деректі мұралар тізіміне енгіздік. Биыл жазда Корея Республикасының Пусан қаласында Бүкіләлемдік мұралар комитетінің кезекті отырысы өтеді. Сол кезде «Маңғыстаудың жерасты мешіттерін» ұйым тізіміне қосу мәселесі қаралады.

Қазір Қазақстан материалдық емес мәдени мұралар тізіміне өз нысандарын белсенді түрде енгізіп жатқан 25 елдің қатарына кіреді. Бірақ мұнымен тоқтап қалуға болмайды. Төл тарихымызды зерделеу, өнеріміз бен мәдениетімізді өркендету үшін әлі көп жұмыс істелуге тиіс. Бұл шаралар алдағы уақытта да жалғаса береді», деді Президент.

Сондай-ақ Мемлекет басшысы ғалымдардың Қызылорда жеріндегі Сауысқандық пен Түркістан облысындағы Арпа өзенінен жалпы саны 17 мың петроглиф тапқанын, осындай құнды жәдігерлеріміз бен ұлттық дәстүрлерімізді ЮНЕСКО-ның бүкіләлемдік мұралар тізіміне қосуды тапсырды.

«Елімізде танымдық әрі тағылымдық мәні зор тарихи орындар мен құнды жәдігерлер аз емес.

Мысалы таза ағаштан салынған Жаркент мешіті – қытай сәулетшілері мен ұйғыр шеберлерінің қолынан шыққан бірегей туынды. Алматыдағы «Вознесенск кафедралды шіркеуі» де – айрықша тарихи нысан.

Татулық пен достықтың символы саналатын осы екі ғимаратты «Бірлігіміз – әралуандықта» қағидатының іс жүзіндегі көрінісі деуге болады. Ұлы даланың әрбір тау-тасы халқымыздың сан ғасырлық жылнамасынан сыр шертеді. Соның бірі – қойнауы қазынаға толы Қаратау петроглифтері.

Төрт мың жылдық тарихы бар таңбалы тастар төл өркениетіміздің тамыры тым тереңде жатқанын көрсетеді. Ғалымдарымыз Қызылорда жеріндегі Сауысқандық пен Түркістан облысындағы Арпа өзеннен жалпы саны 17 мың петроглиф тапқан. Осындай құнды жәдігерлеріміз бен ұлттық дәстүрлеріміз ЮНЕСКО-ның бүкіләлемдік мұралар тізімінде болуға әбден лайық деп санаймын. Құзырлы министрлікке осы мәселелерге қатысты жұмысты қолға алуды тапсырамын», деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Айта кетейік, Қызылордада Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен Ұлттық құрылтайдың V отырысы өтті. 

Президент Құрылтайда сөйлеген сөзінде Арал теңізі мәселесіне тоқталып, оның жаһандық маңызын атап өтті.

Ал Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин Бурабайдағы құрылтайдан кейін 6 заң қабылданып, 10 заң жұмысқа алынғанын жеткізді.

Related Articles

Back to top button