ӘлеуметБасты тақырып

Балаларға қуаныш сыйлаған күн биыл өзгеше өтті

Балаларды қорғау күні - балғын бүлдіршіндеріміз үшін ең қуанышты және жыл сайын асыға күтетін басты мерекелерінің бірі. Сондай-ақ биылғы жыл облыс әкімі Бердібек Сапарбаевтың қолдауымен балапандарымызға арналған жыл болғандықтан бұл жолғы мереке жылдағыға қарағанда ерекшеліктерімен есте қалды.

 

 

 

Жыл сайынғы балалар мерекесі «Бақытты бала» жылымен тап келгендіктен Ойылда жоғары деңгейде аталып өтті. Балалардың қуанышына күннің салқындығы кедергі бола алған жоқ.Ертеңгі жауын сәл басылып, бұлыңғыр, бұлтты, желкем ауа-райын  жергілікті жұртшылықтың ықылас мейірімі қорғады. Аудандық балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің ауласында өткен шараға баласын ерткен үлкенді-кішілі көрермендер көп жиналды. Орталық саябақтан басталған шеру көше бойымен спорт мектебінің ауласын шаттыққа толтырды. Алдымен аудандағы дарынды балалардың тобымен басталған шеру, алаңда қайта жалғасты. Олардың ішінде спорт, мәдениет, білім, тағы басқа салаларда облыстық, республикалық байқауларда топ жарған балалардың жетістіктері жұртшылыққа жеткізіліп, хабарланып отырды. Олардың арасында пәндік олимпиадалар мен ғылыми конференциялар, ауқымды жобалардың, интелектуалдық марафондардың, шығармашылық сайыстардың жеңімпаздары бар. Аудан намысын қорғап, абыройын асқақтатып жүрген болашақтың балғындары мен үздік оқушыларын аудан әкімі Дастан Сағыров жылы лебізін білдіріп төл мерекелерімен құттықтады.

 

 

 

«Құрметті бүлдіршіндер, ата-аналар! Елімізде балаларға алғашқы жобасын облыс әкімі «Бақытты бала» жылы деп атаған болатын. Жыл басталғалы, жазғы демалысқа аяқ баса келе балаларымызға  әр жердің тарихымен танысуға, демалуға жағдайлар жасалып жатыр. Міне соның аясында іргетасымыздың берік болашағы балаларымыз мерекесін қарсы алып отырмыз. Мықты ел болу үшін бала тәрбиесінен бастауымыз керек. Оған ұстаздар мен балабақша тәрбиешілері ғана емес ата-аналарда ат салысуы тиіс. Біздің ауданымыз спорт, білім саласы жөнінен облыс бойынша алатын орны ерекше. Кеше ғана куә болғандай мәдениет саласының үздіктері топ жарып келіп жатыр. Сонымен қатар алдағы ұлттық бірыңғай тестіде жоғары көрсеткіштерге ие болып, Ойылымыздың алдыңғы қатарынан көруіне тілектеспін» — дей келе, аудан басшысы үздік нәтиже көрсеткен балаларды алғыс хатымен марапаттап, ескерткіш сыйлықтарын ұсынды.

Балаларға арналған мерекелік шара концерттік бағдарламамен ұласып, шара өз жалғасын әнмен, көңілді билермен үйлесім тапты. Мерекеге жиналған адамның көптігі де мейрамның шырайын келтірді.  Өз мерекелерінде балаларға ең жақсы көретін балмұздақтарды тегін таратып көңілдерін көтеріп, бір мәз-мәйрам қылып тастады. Жүздеріне күлкі шаттығы ұялаған балапандар бүгінгі күнге дән риза. Мерекенің соңы қомақты сыйлықтары бар лотерея ойындарымен қорытындыланды.

Өміргүл ӘМІРХАНҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар