ӘкімдікӘлеуметБасты тақырып
АУЫЛДЫҢ КӨРКІНЕ АТСАЛЫСУ – АЗАМАТТЫҚ ПАРЫЗ!
«Атадан мал қалғанша, тал қалсын!» — деген қазақтың қанатты сөзі қай уақытта да мәнін жоймайды. Қаракемер ауылынан түлеп, жан-жаққа қанат қаққан жігіттер туған жерді түлетуге әрқашан үлес қосып келеді.
Жақсылықтың жанашыры болып жүретін Марат Арыстанов бұл жолы жан-жақтағы жерлестерін ауылды абаттандыруға жұмылдырып отыр.
«Мәдениет табалдырықтан басталады» — дегендей, Сарбие, Қараой бағытындағы күре жолдың қиылысы Қаракемердің қақпасы іспетті. Сондықтан, тазалық жұмыстары сол жерден басталды. Жылдың әртүрлі мезгілінде жолдың бейнетін көріп келе жатқан жүргізуші мен жолаушының бел суытатын жеріне айналған қиылыс солардың «демалысынан» жиналған қауырсын құты, қаңылтыр қалбыр, шыны ыдыстар 25 қапқа жүк болды.
Одан кейінгі абаттандыру жұмысы – бұрынғы мектептің орнындағы ауыл азаматтарының күшімен қоршалған саябаққа тал отырғызумен жалғасты. Алғашқы талдың көшетін отырғызу құрметі көп жыл Қаракемер ауылындағы ферма меңгерушісі болған Аманжан Әбдуов ақсақалға ұсынылды. Саябаққа қырық түп қарағаш, терек көшеттері отырғызылды. Туған жерге арналған бір күн ауылдағы футбол алаңын қалпына келтірумен аяқталды. Яғни, ойын алаңының қақпаларын дәнекерленіп, қираған жерлері түзетілді.