Экономика
Ауыл шаруашылығы саласының әлеуеті зор
Құсайын СӘРСЕМБАЙ, облыстық ауыл шаруашылығы
және жер қатынастары басқармасының басшысы:
«Мемлекет басшысы кезекті Жолдауында ауыл шаруашылығы саласының әлеуеті зор екенін, қолда бар мүмкіндіктерді әлі де толық пайдаланбай отырғанымызды айтты. Біз алдағы үш жыл ішінде агроөнеркәсіптегі өңделген өнім үлесін 70 пайызға жеткізуіміз керек. Бұл — нақты міндет. Жұртты өнім өңдеуге ынталандыру қажет. Ол үшін салық саясатына да қатысты тиімді жолдар айтылды. Жер — біздің ортақ байлығымыз және ол тиімді игерілуі керектігіне тоқталды.
Әрине, ауылшаруашылық саласының орны бөлек. Президент жыл сайынғы Жолдауында бұл саланы назардан тыс қалдырмай, сәйкесінше Үкіметке тапсырмалар береді.
Қасым-Жомарт Тоқаев өз сөзінде азаматтардың тұрмысын жақсартуды көздейтін жүйелі экономикалық өзгерістерге баса назар аударды. Жолдаудағы тоғыз бөлім де маңызды. Мәселен, қарғын суды жинап, диқандардың қажетіне жарату үшін оны дұрыс сақтауды, гидрология бекеттерін жөндеп, жаңғырту қажеттігін атап өтті. Су үнемдеу технологиясын қолдану, ауыл шаруашылығы өнеркәсібі үшін қолжетімді несие беру, әділ әрі тиімді тариф саясатын жүргізу, көлік инфрақұрылымын жаңғырту, білікті мамандар даярлау, жаппай цифрландыру және азаматтардың қауіпсіздігін жан-жақты қамтамасыз ету сияқты басымдықтарды айрықша атап өтуге болады.
Кезекті Жолдауда осы салаға нақты бағдарлар айтылып, нұсқаулар берілді. Енді нақты іске көшетін уақыт жетті. Біз саланы ілгерілетіп қоймай, одан нақты табыс табуды да ойлауымыз керек».