Экономика

Елімізде 130 мың орындық 86 жаңа мектеп ашылды

Оқу жылының басынан бері өңірлерде 130 мың оқушыға арналған 86 мектеп іске қосылды. Мемлекет басшысының бастамасымен жүзеге асырылып жатқан «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында 74,8 мың оқушыға арналған 27 мектеп, оның ішінде Астанада 9 мектеп ашылды, деп хабарлайды Оқу-ағарту министрлігі.
ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың кезекті Жолдауында айтылғандай, «Орта білімнің сапасы – табысты ұлт болудың тағы бір маңызды шарты. Әрбір оқушының білім алып, жан-жақты дамуы үшін қолайлы жағдай жасалуға тиіс. Сол үшін «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы қолға алынды.
Біз 2025 жылға дейін 800 мың баланың заманауи мектепте оқуына жағдай жасаймыз. Осылайша, апатты жағдайдағы және үш ауысыммен оқитын мектеп мәселесін толық шешеміз. Бұл ауыл және қала мектептерінің айырмашылығын едәуір азайтады».
Жобада білім беру ортасының функционалдығы мен қауіпсіздігіне ерекше назар аударылған. Бастауыш және жоғары сынып оқушылары үшін бөлек блоктар қарастырылған. Талаптардың қатарында қазіргі заманғы техникалық құралдарды енгізу арқылы қауіпсіздік шараларын арттыру, ерекше білім беру қажеттіліктері бар балалар үшін кедергісіз орта құру және мектептерді заманауи пәндік кабинеттермен қамтамасыз ету бар.
«Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында 2025 жылдың соңына дейін заманауи форматтағы 217 мектепті пайдалануға беру жоспарлануда.
Білім беру инфрақұрылымын қолдау қоры арқылы 18 мектеп ашылды, тағы 41 мектеп республикалық және жергілікті бюджет қаражаты, сондай-ақ инвестициялар есебінен қолданысқа берілді.

Басқа жаңалықтар