Экономика

«БАҚ ҚАЙДА БАРАСЫҢ?»

Қазақтың ұлы даласы – түрлі ұлт пен ұлыстың киелі мекені. Ежелден бауырмалдық пен кеңпейілділікті ту еткен халқымыз «Көрші көңілі – алтын» деп, бөтенді жатсынбай, өзегінен теппей, тіпті өз үйінің төрінен орын беріп отырған. Осы ұстаным – бүгінгі Қазақстанның ең басты құндылықтарының бірі. Кейбір елдер үшін этникалық әралуандылық қауіп көзі саналар, ал біз үшін бұл – ата-бабадан қалған аманат, елдігіміздің, кемелдігіміздің белгісі. Бұл – біздің жалпыұлттық қазынамыз әрі стратегиялық артықшылығымыз.

Біздің бүгінгі жеткен жетістігіміз – тек табиғи байлықтың, өндірістің, ғылымның жемісі ғана емес. Ол – ынтымақ пен бірліктің, өзара түсіністік пен құрметтің арқасында келген нәтиже. Қарапайым ғана шындық бар: келісім бар жерде – береке бар, бірлік бар жерде – тірлік бар. Әр азамат өз жауапкершілігін сезінсе, әр ұлт пен ұлыс бір шаңырақ астында өз орнын тапса, міне, нағыз тәуелсіздік сол болмақ.

«Бақ қайда барасың?» десе, «Бірлігі жарасқан елге барамын» деген сөз текке айтылмаған. Біз бүгінде қандай қиындық келсе де, ауызбіршілікпен еңсеріп келеміз. Себебі біз бір мақсат, бір мүдде жолында жұмылған жұдырықтай болдық. Бұл – жүрегінде оты бар, еліне адал әрбір қазақстандықтың үлесі.

Ақиқаттың жүзі суық демейік, шындықты мойындау – ерлік. Біз өзіміздің әділетті қоғам құру жолында екенімізді ашық айтып келеміз. Бұл жолда тек ұранмен емес, нақты іспен сөйлеу керек. Әділет – әр азаматтың тағдырына бей-жай қарамау, әрбір адамның үні естілуі. Сонда ғана шынайы реформалар жүзеге асады. Сонда ғана болашаққа батыл қадам жасай аламыз.

Әділетті Қазақстан – бұл жай ғана ұран емес, бұл – жүрекпен қабылдайтын, ақылмен салмақтайтын ұлы мақсат. Біз тыныштық пен келісімде өмір сүруге болатынын дәлелдедік. Өз тағдырын өзі шеше алатын ел екенімізді көрсеттік. Бұл – әрбір азаматтың өміріндегі ең үлкен сенім, ең басты құндылық.

Ұлттың рухы – әділетте. Елімізде қалыптасқан өзара сенім мен құрмет – сонау тарих тереңінен бастау алған баға жетпес мұра. Осы мұраны сақтап қалу – әрқайсымыздың парызымыз. Себебі «Қоғамның болашағы – ұрпақтың бойына сіңірген құндылықта» демей ме дана халқымыз?

Біз осы бір жолда – тар жол, тайғақ кешуде – ешқашан мақсатымыздан айнымаймыз. Себебі біздің жүрегімізде елге деген шексіз махаббат, болашаққа деген берік сенім, тарихқа деген құрмет бар. Осы құндылықтармен қаруланған елдің ертеңі жарқын болмақ.

Биғали АХМЕТОВ,
Еңбек ардагері.

Related Articles

Back to top button