Экономика

«Көктемнің бір күні жылға азық» немесе қысқа көкөністі дайындаудың дұрыс жолдары қандай?

Біздер, Ойыл ауданының тұрғындары, көкөністі ерте жазда жеткілікті мөлшерде пайдаланбайтынымызды қоса алғанда, қысқа әрі мол, әрі сапалы көкөніс түрлерін дайындап алып жүрміз бе? Менің көріп жүргенім мен пайымдауымша, бірен-саранымыз, оның ішінде басқа ұлт ағайындарымыз болмаса, қалғанымыз тек мерекелік дастархандар мен келетін қонақтарымыз үшін ғана дайындайтынымыз таза шындық.

Енді, осы көкөністі қысқа әрі жеткілікті, әрі сапалы дайындап алатын орыс немесе басқа ұлт өкілдерінен қалмау үшін дәл қазір не істеуіміз, неден бастауымыз керек?

Менің ойымша, ең алдымен мол көкөністі, соның ішінде картопты сақтап алу үшін кең, типтік жобада салынған «погребтен» бастауымыз керек. Әйтпесе, еңбектің бос кетері айдан анық. Сонан соң көктемге дайындықты күзде бастауымыз қажет, жеміс ағаштары мен көкөністің сарымсақ, жуа, сәбіз т.б. сияқты түрлерін қар түсерден бұрын, дұрыс білмейтін біреулердің айтуынша емес, тек бәрін интернет арқылы әбден дұрыстап қарап, толық көз жеткізгеннен кейін ғана отырғызуымыз керек (интернет ең сенімді кеңесші).

Ең бастысы, қазіргі уақытта бақшаны аулаға егу тиімсіз (су бағасының қымбаттығы, әрі сапалы ауыз суының обалдығы, ауладағы жердің тарлығы, әрі құнарсыздығы). Қалай болмасын, ойдағы «орыс огородын» бұрынғыша қалпына келтіруіміз кажет. Бұл қалпына келтіру жұмыстары 1997-1998 қаржылық дағдарыс жылдарында жаппай қолға алынған, оның ішінде өзім де болғанмын, бірақ талпыныстың, тәжірибенің және жағдайлардың төмен болғандығынан әрі қарай жалғасуы ұзаққа бармады. Қазіргі уақытта ерінбейтін, ерік күштері мол бірен-саран ағайындарымыз, әсіресе орыс ағайындар сол әрі суы тегін, ауладан гөрі бірнеше есе көлемді, әрі құнарлы жердің жемісін көруде. Айта кететін жағдай, әрине жерді қызғанбаймыз, бірақ азғантай орыс ағайындар осы құнарлы жерлерді көбірек алып қалуға тырысуда.

Енді біздер, ойдағы құнарлы жерімізді бұрынғы «орыс огородынан» да мықты қылуға талаптануымыз керек. Бұл жерде Абай атамыз айтқандай «талап, еңбек, терең ой» керек. Кеш қалмай тұрғанда, жерлерді заңдастырып бөліп алудан бастап, электр желісі мен орталықтандырылған су жүйесін тарту немесе су шығарудың тиімді жолдарын (бригадалар құру), огородтарды қажетті құралдармен, әсіресе қоршауға қажет құралдармен қамтемелеу үшін кәсіпкерлерге тапсырыс беру жұмыстарын қолға алу қажет. Бұған, әсіресе қолдары бостау, тәжірибелері молдау зейнеткер ағаларымыз, одан әрі мүмкіндіктері молырақ мекеме басшылары бастап шықса, келісті болар еді.

Осыларды айта келе біздер, аудан тұрғындары, әрбір отбасы қысқа соғым сойғанмен қатар әрі жеткілікті, әрі сапалы (селитра қосылмаған, құнарлы жерде өскен) көкөніс түрлерін (картоп – 10 қапшықтан кем емес, жуа, сәбіз, қызылша – әрбіреуі 1 қапшықтан кем емес, тосаптар мен тұздалған өнімдер 20-30 банкадан кем емес т.б.) сақтауға қорлап алуларымыз қажет. Сонда ғана біздің және балаларымыздың денсаулықтары дұрыс болары хақ.

Мыңжасар ДОСОВ,

Ойыл селосының тұрғыны.

 

Басқа жаңалықтар