«Әлия – қаһармандық дастаны»

Жеңістің 80 жылдығы және Кеңес Одағының Батыры Әлия Молдағұлованың 100 жылдығы аясында жер-жерде шаралар өткізіліп жатыр. Соның бірі — Кеңес Одағының Батыры Ә.Молдағұлованың облыстық мемориалды музейінде «Әлия — қаһармандық дастаны» тақырыбында экскурсия жүргізіліп, деректі фильм көрсетілді.
Аталған музейдің аға ғылыми қызметкері Сәулеш Тажбенова келушілерге бұрыннан бар жәдігерлермен қоса, жаңа экспозицияны да таныстырды. Жаңа қондырғылармен жабдықталған көрмеде VR көзілдірікті мультимедиялық технология, сандық сторителлинг, 3D-mapping, жасанды интеллект арқылы жасалған голограмма, т.б. бар.
— Батыр қызымыздың өмірбаяны мен ақтөбеліктердің Екінші дүниежүзілік соғысқа қосқан үлесі, жалпы қазақ халқының ерлік жолы айтылатын экскурсияға қызығушылық күннен-күнге артып келе жатыр. Балабақша тәрбиеленушілері, оқушылар мен студенттер, қала тұрғындары мен қонақтары көптеп келеді. Бүгін, міне, Ақтөбе қаласындағы №19 орта мектептің 2-сынып оқушыларына арналған экскурсия ұйымдастырылды, — дейді Сәулеш Тажбенова.
Кішкентай көрермендерге Болат Шамшиевтің «Мергендер» фильмі, «Әлия Молдағұлова – «жауқазын ғұмыр», «Қаһарман қыз» деректі фильмдерінен үзінділер көрсетілді.
Мәдениет қызметкері жыл басынан бері «Әлия — қаһармандық дастаны» жылжымалы көрмесі қаламыздың білім беру ұйымдарында да ұйымдастырылып келе жатқанын атап өтті. Онда Ә.Молдағұлованың балалық шағынан бастап, туыстары, майдандағы командирлері мен замандастары, соғыс кезіндегі құжаттары мен жазған хаттарының көшірмелері, т.б. бар.