Басты тақырып

БОЛМАЙТЫНДЫ БОЛДЫРҒАННЫҢ СОҢЫ

Микеланджелоның дұғасы: Жасаған Ие, жапырағыңдай жалғап ең, Енді неге елеусіздікте қалдым мен? Жасаған Ие, мен Саған не істемедім? Сен маған не істемедің? Андрей Вознесенский.

Өткен жиырмасыншы ғасыр-дүниені дүрліктірген екі бірдей дүниежүзілік соғыстармен, Ресей империясындағы саяси төңкеріспен таңбаланған уақыт. Ол сонымен бірге адамзатты екі бірдей жарқын, жасампаздық істердің үлгілерімен де таңдандыра білгені белгілі. Олардың біріншісі – 1928 жылдың 13 сәуірінде авиацияның әдіге қарқын алмаған шағында, кеміс Кель мен ирладиялық Фицимористің ұшақпен Атлантика мұхитын шығысынан батысына дейін ұшып өткендігі. Екіншісі – әліге аштықтан арыла қоймаған ауылдастарының, ауысса ел – жұртының нәпақасы үшін алпысқа таяған жасында егіс салуға шығып, соғыс жылдары өнім алуда өрлеуден өрлеуге жетіп, тары дақылынан дүниеде бұрын сонды болмаған көрсеткішке жетіп, 1943 жылы өмірден өткен Шығанақ Берсеев.
Кеңес Одағында «Сталинизм» деп таңбаланған 30-50 жылдар аралығы әсіресе Қазақстанда алапат ашаршылық жайлаған, отбасы сайын өзара жау іздетіп, қияметке толы қуғын-сүргін жүргізіп генодцид (грек, лат. сөздері -тұқым-тұяғымен құрту) жағдайын енгізді. Бұған ілесе келген екінші дүниежүзілік соғыс онсыз да қажыған жұртымыздың еңбекке жарайтындарын майданға алып, ауыл қаңырап қалды. Сонда жасы алпысқа толған Шығанақ ауылда қалған шал-кемпірлердің, әйелдердің, кетпен ұстайтындай әлі бар сирек қарасирақ жеткіншектердің қолдарынан келген көмегімен тары дақылын егуге шықты. Дақылдың тұқымы аз, егістік көлемін ұлғайтуға оны атқаратындай қол күші және жоқ. Осы жағдайда Шығанақта біз әліге көргенімізден жазбай, тек әйтеуірі айта салумен жалғасып келе жатқан «рекорд» ұғымы мүлдем болмаған, диханның бүкіл мақсаты-аз егістіктен мүмкіндігінше молырақ өнім алып, жан-жағын аштықтан құтқару еді. Сол мақсатпен соңғы төрт жылының әрқайсысында бірінен бірін оздырған көрсеткіштерге жетумен соңғы бесінші жылында өнімді «ғылымның болжауынан да асырып», дүние жүзінде енді қайталануы екіталай рекорд жасады. Ұлы шебердің жасампаз ісі де, өмірі де осымен аяқталды. Бұл рекордты төрткүл дүние түгел біліп, қазақ Шығанақ әлемнің сан-алуан тілдерде таңданумен аталып, құрметпен ұлықталды, кейін атақты адам алдымен қазақтың елі мен жерінде ұмыт қалды. Әңгіме енді елінің не айтуында, не атауында жоқ сол Шығанақ туралы.
Екінші дүниежүзілік соғыс аяқталғаннан кейін, Кеңес үкіметі елдің соғыс зардаптарынан арылумен, даму жолына түскендігін, дүниеге енді өрлеу туғандығын айғақтау мақсатында 1949 жылы Мәскеудің көрікті алқаптарының бірі – Останкинодан Бүкілодақтық халық шаруашылығы жетістіктері көрмесін ұйымдастырды. Осы жерде қысқа мерзім ішінде онсыз да ажары асып тұрған Мәскеуді сәнді ете түсетін ғимараттар, оранжериялар, басқа да көрнекі құрылыстар бой көтерген. Ең бастысы – әр республиканың жеке өзіне арналған павильондардың ашылуы қай ел үшін де елеулі жаңалық болды. Көрмеде дүниежүзі алдында кеше ғана сұрапыл шайқастан жеңіспен шығып, енді дамудың даңғыл жылына түскен Кеңес Одағының жасампаздық қарқынына көз жеткізу үшін елдегі ғылым мен техникада, білім, өнерде, тұрмыста жетістіктер мен табыстарды бейнелейтін экспонаттардың қатаң сүзгілерден өткізіліп қойылғандығында шүба болмаса керек. 1949 жыл – Иосиф Сталиннің мемлекет басшылығында отырған кезі, кешегі саяси қуғын-сүргін бәсендегенмен әлі аяқтала қоймаған еді, тәртіп қатал болған.
Қазақстандық павильонның кіреберісі алдында ұлттың екі ұлы перзенті Шығанақ пен Жамбылдың монумент статуялары тұрды. Көрменің жұмыс істей бастаған тек бірер жылдың ішінде Одақтың өзінен, шет елдерден үздіксіз келіп жатқан 1,5 миллион көрермендердің сонда қазақ павильонына келгендерді елдің еңбектегі жасампаздығының символындай болып Шығанақ Берсеев, мәдениетіміз бен өнеріміздің асқақтығын бейнелейтіндей жыр алыбы Жамбыл Жабаев ризалықпен қарсы алып, ізетпен шығарып салғандай қатар тұратын. Екеуі де Одаққа кеңінен мәлім тұлғалар: Жамбыл шығармалары әсіресе қырқыншы жылдары орыс тіліне аударылып ел басшылығына да, қалың бұқараға да кеңінен танымал болған. Ақынның Ленинград қаласы жау құрсауында қалғандағы «Ленинградтық өрендерім» деген өлеңі құрсаудағы қалаға жеткізіліп, көше сайын жарнамаланып, ілініп құрсаудағы қала жұртшылығына да, қаланы қорғаған әскерлерге жігер бергені Одақтың қай жерінде де, әсіресе Ресейде ұмытыла қойған жоқ-ты.
Жамбыл 1945 жылы өмірден өтті. Жыр алабына риза елі өлеңдегі өренін мәңгі ұмытпау мақсатында есімін елдің әртүрлі аймақтарына жайып ұлықтады. Содан бері Жамбыл — облыс, оқу орындары, аудандар мен ірі елді мекендер, республикалық өнер орталықтары сол атаулармен келеді. Ал Одақтан да асып, бүкіл шетелдерге мәлім болған Шығанақ есте жүрер есім ретінде елдегі ресми атауларда қалмағаны таңдандырады.
Ол кезде үкімет басшысы Нұртас Дәпдібайұлы Оңдасынов еді. 1904 жылы туып, өзі де жасында таршылық пен жоқшылықтың тауқыметін тартып өскен, не бәрі 34 жастағы жас адам ел билігіне келген күннен бастап елінің жоғын түгендеуге белсене кіріскені белгілі. Оның биліктегі он үш жылдың ішінде жүзеге асырған, бағыт берген қызметтерінің игіліктерін арада қаншама уақыт өтсе де жұрты әлі көріп келеді… 1943 жылы Нұртас Оңдасынов ауырып жүрген Шығанақтың жағдайын, дәрігерлерге қаратудың жайын білейін, қарастырайын, диханның шаруасын өз көзіммен көрейін мақсатымен екі қанатты аэропланмен дихан егіс салған қиандағы Ойыл ауданының Қарасу деген жерінде далалыққа келіп қонды. Дала желінің ұйтқу күші белгілі, агропланды құлатып кетпес үшін қанттарын қазыққа байлаттырып қойып, төрт жыл бойы жалғасқан рекордты өнім алудың қыр-сырымен жете танысты. Жоғары өнімнің жанқиярлық еңбекпен, нақ Шығанақтай «толық адамның» қажымайтын қайраты, мұқалмайтын жігерімен келетіндігіне көзін жеткізіп риза болған. Үкімет басшысы, ел билігіндегі аз уақыттың ішінде жігерлі қайраткерлігімен танылған парасатты адамның алдында дихан артық сөйлемеді, асып та, сасып та айтқаны жоқ. Осы алпыс екі жасына дейін алдымен отаршылдықтың, кейін төңкеріс пен елді ақ пен қызылға бөліп атыстырған, шабыстарған қырғынның, жиырмасыншы, отызыншы жылдардағы адамды адам жеудің, босудың алапатына тап болып, жаппай қуғын-сүргіннің құрсауында жүріп қисаймай, шашырамай, тоқырамай сау жүру өз алдына, адамдық қасиетінің бір тінін де жоғалтпай шыққан тұтас тұлғасын танып, әңгімелесуінде әрине ірі ойлар мен терең түсініктер ортаға салынды. Шығанақтың дана адам екендігіне көз жеткізді. Дихан еңбегі үкімет басшысына таңсық іс емес, өзі де жасында көзбен көріп, қолмен ұстаған дейтіндей шаруа болатын. Әкесі – Оңдасын (Дандыбай-атасы) кезінде ауыл аймағына шебер диханшылығымен, жайсаң қалпы, жайлы мінезімен қадырлы болған. Шығанақ мәнді ісі, өмірімен ұлық адам ретінде қалыптасқан тұлға екендігін танытты. Оның ұлылығын кезінде Одақтың көп жерлерінде «Берсиевшілдік» қозғалыс жасап ел мойындады, соғыс құрсауындағы ленинградтықтарға вогондап тары астығын апарған сапарында партия мен мемлекеттегі екінші адам Георгий Маленков тікелей өзі бірге жүрумен Кремільді, оның көрнекті орындарын аралатып құрмет көрсеткен. Алайда, сол Шығанақты сирек феномен, жарқын жаратылыс ретінде тану үшін оның кім, қайдан, қалай екендігін түсіну керек еді. Түсінудің қандайы да жеңіл-желпі болмайды, ал ол шынайы танымда өте күрделі. Қалай жеңіл-желпі болады, отыз алты жасына дейін оның елі, ата-баба жері Ресей империясының меншігіндегі жағдайда сол өз мекенінде табылғанын нәпақа етіп, қоныс аударушыларға жалданумен ғұмыр кешкен ауыр тіршілікте жүрді. Ұлы диханның өмірі қазақ тарихының драма мен трагедияға толы кезеңдеріне сәйкес келді, ол өмір кешкен он тоғызыншы ғасырдағы сексенінші жылдардың соңы мен екінші дүниежүзілік соғыстың арасы алпыс үш жыл еді. Отыз алты жасына дейін отаршылдық әкімшілік он тоғызыншы ғасырдың 68-70 жылдары қазақ жерін зорлықпен империяның меншігіне заңдастырғандықтан қазақ енді өз жерінде жалданып жұмыс істейтіндерге айналып, дәстүрлі мал шаруашылығының өрісі тарыла түсіп, мал азая бастады. Кеңестік насихат пен үгітте көп айтылып келген қазақтың кедейлігі нақ осы шамадан басталған. Оған дейін ауыл болып, қауым болып өмір кешкен жұртымызда кеңестік насихат айтқандай аса кедейшілік болмаған. Республикалық «Ана тілі» газетінінің 2021 жылдың 12 мамыр күні жарияланған материалында тарих ғылымының докторы, профессор Меруерт Әбусейітова былай деп жазады: «18 ғасырдың екінші жартысында жазылған «Сиюй цзюнь чжидада» қазақ байларының әрқайсысында он мың жылқы мен сиыр бар, ал олардың қойларына сан жетпейді. Кедей адамда бірнеше жүз жылқысы мен сиыры, бірнеше мың қойы бар, олар ұзақ өмір сүреді.»
Осы жолдарға қарағанда кешегі кедей деп жүргеніміз «бай емес» дегендей ғана ұғымды білдіретінге ұқсайтын секілді. Шынына келгенде, бұл ұғымның бүгінгі мәні кейінгі ұрпақтың отаршылдық тудырып, кеңестік өкімет күшейткен кедейлік екендігіне назар аударып жүрген жоқпыз. Шығанақ халықтың осы кедейлік кезеңіне тап болған адам. Бұл уақыт кәдуілгі «байдың» орнын «орта шаруалар» табы басып, мал – мүлкі аздары «байғұстарға» айналып, екі миллионға жуық қазақ қырылған ашаршылыққа, 125 мың адам қуғын – сүргінге айдалып, 25 мыңы атылған қасіретке апарды.
Оның диханшылыққа келуінің негізгі себебі әлгі айтылғандай жер империяның меншігіне өтіп, шөл мен шөлейт өңірде көп емес шұрайлы, құнарлы жерлерге отаршылдар иелік еткесін жайылым тарылды, көші – қон бұзылды, мал мен тіршілікке қауіп туды. Бұл кезге дейін балықшы, аңшы, қоғамдық қызмет орындарында қызметшілікте, қай істе де тиянақтылығымен, мұқиятшылығымен, ауызша есепке жүйріктігімен қай ортаның да қадіріне жете білген ол егіншілік бұл кезге дейін ауылдастарының тек ерінбегендерінің ғана ісі болған, негізгі шаруасы малшылық жұртының әлгідей жерден айрылу жағдайында күн көрісі күрт төмендегендіктен басқа шаруаның бәрін қойып тары дақылын, өзге де көкөністік өнімдерді өсіру ісіне кірісті. Оның ойында рекорд болған жоқ, оның ойлағаны – енді зорлықпен ортаға түскен малмен күнелтудің қиындағаны, отызыншы жылдардың ашаршылығын көрді, ендігі ашаршылық қаупінен тек дәнді дақыл ғана құтқаруы мүмкін екендігін сезінді. Ол диханшылыққа осылай келді. Материалдың басында айтылған «Сталинизм – КСРО-да 30-50 жылдары басқарудың әміршілік бұйрықтық тәсіліне, партиялық диктатураға, жеке адамға табынушылыққа және көсемнің шексіз билігіне, демократияны толықтай басып, жаншуға негізделген қоғамдық – саяси жүйе» («Культурология.Энциклопедический словарь» К.М.Хоруженко. Ростов-на-дону. «Феникс», 1997 г. 461 стр).
Бұл күні кеше дейтіндей Ресей империясының озбырлығында ұлттық ұстанымы тудырған табиғи қалпы тәрік етілген, енді большевизм әкелген алапат ашаршылық пен әр отбасына дейін бірін бірімен жауластырып жойқын қуғын-сүргінде адамнан адамдықты кетірген қасырет уақыты болды. Санаға терең орныққандықтан кесапаты әр істе әлі де қылық беріп қалатын сол үрейлі жағдайдан біржола арылу үшін ғылыми тұрғыда зерделеніп, ресми түрде баға берілуі тиіс еді. Ал әзірге қуғын-сүргіннің қияметі негізінен жалпыға мәлім атышулы «үштіктің» ісі секілді. Әрине,үштікті арашалау жоқ, алайда оны тудырған, соған мүдделі болған мемлекеттің өзі.
1938 жыл, қуғын-сүргіннің елде шарықтаған шағында, қаңтар айының 15-күні И.Сталин Кремельде жоғарғы Кеңестің депутаттарына қабылдау жасап, сөзін депутаттарға емес, большевизмнің талаптарына сәйкес қуғын-сүргін күрестерін жүргізіп жатқан ЧК-төтенше комитеттердің қызметтерін мақұлдауға, мадақтауға арнап, жүздеген мың адамдарды түрмелерге айдап атып жатқан ондаған мың чека кометкерлері мен ішкі істер халық коммиссаратының басшысы Ежов үшін деп төс көтерді. Оны ел халқының атынан сайланған депутаттар, ел басшылығы ұуғын-сүргінді одан әрі күшейте түсуге нұсқау деп қабылдады. Онсыз да дүниеге зорлықпен келген большевизм өзін өзі әшкерелеумен өмір сүрген жүйе. Әшкере деген сол, әлемге әйгілі жаратылыстанушы ғалым, академизь Вернадский (1863-1945): «Біз психоздықта өмір сүрдік» деп жазса, кәнігі революционер, В.Лениннің сенімді серітерінің бірі болумен 60-жылдарға дейін Кеңес Одағын басқарудың ең биік сатыларында жүрген Анастас Микаянның естеліктерінен қуғын-сүргін жылдарында «біз бәріміз де тыңшы болып, жаппай қырағылық көрсетуге тиіспіз» деген сөздің, ал елуінші жылдары жеке адамға табынушылықты жөн қажеттігі туғанда «біз бәріміз де ол кезде жексұрын болдық» деген сөздерін оқуға болады. Бәріміз де басшы да, қосшы да. Яғни, сау адам болмаған Шығанақ осылайша жаппай психоздықтан (психоз-грек сөзі:ессіздік, ылығу) қалың тұманында барша жасампаздық, жарқын болмысымен жарқырап көрінген сәуле секілді.
Қазақ тұрмысына қай жағынан да жасалған қалың қысымшылық, тұтас алғанда ұлттың, жекелей алғанда әр адамның тіптен басқаны былай қойғанда, өзін-өзі тануын шектеп, санаға шабуыл жасады. Ондай қашаннан ауыл, ағайын болып ынтымақтаса ғұмыр кешкен елді сөз тасушыға, тыңшыға, жала жабушыларға айналдырып аз бауырын өздері талаған қорқауларды шығарды. Елді азып, тоздырған құрылымнан жасампаз Шығанақ шығады деп ойлай да алмайсың. Отыз жеті жасына келгенде, уақыт үшін ол уақыт өмірден қажудың басталатын кезі, тек империяны ғана емес, «бүкіл дүниені дүр сілкіндірген» Қазан төңкерісі, бір елді, бір ауылды, бір отбасын бір-бірімен соғыстырып қойған азамат соғысы, отызыншы жылдардың алапат ашаршылығы, әр отбасының қасыретіне айналған айдау мен ату жаппай қуғын сүргініне ұласып, тек елуінші жылдары ғана бәсеңдегені белгілі.
Осындай заманақырлық ортадан Шығанақ болып, ұлық болып шығу мүмкін бе? Түсіну қиын. Көпшілігінің дүниетанымдық көзқарасы төмен, не арнаулы оқуы жоқ, не үйренген тәжірибе, тағылымы жоқ, негізгі шаруасы мал соңында жүріп, аракідік ауылдағы ықылас білдірген шағын топпен шағын жерге дән сеуіп, шамалы өнім алса алған шығар, Қарасулық кішкене ауыл өзге өнімділікті көрген жоқ. «Талайғы кәрі дүниенің» homo sapiensi аяғына тұрып, ендігі тіршілігін терімшілдікпен жалғағанда аузына түскен алғашқы дән басқа да жабайы, жеуге жарайтын дәнді, тамарлы өсімдіктермен бірге тары дақылы болған. Осы жерде көне, өте көне Қытай мифологиясындағы тарыға байланысты аңыз еске түсіп тұр. Қытай жұрты аңыз – әңгімелерінде дақылдарды өсіріп, таратушыларды батыр ретінде құрметтеп, қадірлеген. Солардың ең алғашқысы — егіншіліктің бастауы болған Хоу — цзы (Патша — Тары).
Аңыз болғанмен тіршіліктің басы, аяғын философиялық тұрғыда меңзейтін оны, шағындап айтқанда, адамды алғаш өмірге әкелген Ілкі Ана Құдай ғарыштан жерге келіп, сәбиін қалдырып кетеді. Бұл бір сулы, нулы, жайлы жер екен делінеді, жазда жайылымға шыққан сиыр тұқымдас буйволдар өзенге суатқа келгенде әлгі сәбидің қатты жылаған даусын естіп келіп емізіп жүрген. Содан бала жылауын қояды, ал буйволдар болса, күздің салқыны түсе жылы жаққа ауатын болғанда сәбиді алып кетуге қолдары жоқ, амалсыз қыймастықпен қоштасады.
Бала қайта жылаумен дауыс шығарады. Оны естіген күзгі жортуылда жүрген қасқырлар тауып келіп енді ауыздарын аша бергенде жоғарыдан аяқтары ұзын екі дәу құс келіп, баланы көтеріп әкетеді де ұясына апарып салады. Ұяда беретін тағамы — құстардың даладағы дақылдардан жинаған дәндері. Сәбиді осылайша бағып күтумен құстар бір оралғанда бала ұяда жоқ болып шығады, жан жағын шолып қараса бала жерде бір тұрып, бір еңкейіп қолдарындағы ағаш бұтағының сынығымен жер шұқылап жүргенін көріп, бала тіршілікке бейімделген екен деумен орман үстінен тағы бір айналып, аппақ қанаттарын желпумен қоштасып кете барады.
Сөйтсе бала қолындағы ағаш бұтағымен топырақты қопсытып құстар әкелген дәндерді сеуіп жүр екен. Ілкі ана Құдайдан тараған адамдар да көбейсе керек, тағамдық азық табу қиын, олар бала тұрған жерге келгенде алқапқа таңданыспен қарайды, егістіктің жан жағында жалау секілденіп мәулеп бұршақ өскен, әріректе сары түсті асқабақ, қатарласа тізілген алтын бидай жайқалады, егістік кенешөп те сарғайып қалған. Әсіресе тары дақылы көркімен көз тартады. Масақтпен масақ, дәнімен дән иықтасқан. Қос дәнді қара тары, қою масақты қызыл тары. Ақ тары көз жауын алғандай. Әлгі адамдар бұл дәнді өмімдерді білмейді емес. Алайда олар негізінен қалың шөптесін араларында сирек кездескендіктен таптыра бермейтін. Енді міне, арамшөптерден тазарған егістікке таңданыспен қарап тұр. Сәлден соң тары алқабы екі жарылып ашылды да арасынан ғайыптан тайып бала шыға келгенде егістікке тамсанып тұрғандар: «Хоу — цзы! Хоу — цзы!» деумен шулап дүрлігеді. Ол қытай тілінде «Патша — Тары» деген сөздің бұл егістіктегі әлгі айтылғандай, өзге өнімдерге емес, нақ тары дақылдарына телінуі назар аудартады. Содан да болу керек, Қытау — күні бүгінге дейін тары дақылының отаны есебіндегі ел. («Книга для чтения по истории древнего мира». Москва. «Просвещение», 1981. стр. 106.)
Аңызда осылайша, алғашқы адамдардың шағын тобын Тары — Патша — Хоу – цзы егін өсірудің қыры – сырына үйретті делінеді. Ал XX ғасырда орасан мол өнім алумен бүкіл дүниені таң – тамаша қалдырған Тары – Патша Шығанақтың қайталанбас ісі «Берсеевшілдер» атуымен бүкіл Кеңес Одағында жаппай өрістеді. «Тары». Алғашқы қауымдық қоғамда терімшілдіктің нысанасына айналып, кеңінен пайдаланылған. Ол гректер мен Цезарь заманындағы римдіктерге де мәлім еді. Страбон бұл дақылдың Галлияда оның аштыққа қарсы сенімді дақыл болғандығын еске салады. Плиний де нақ осы пікірде болған («Словарь античности» из-во Прогресс, Москва, 1988 г.стр.466). Сонда үш мың жылдан астам тарихы бар тары дақылын өсірумен айналысатын дүниенің үш құрлығында тек Ойыл ауданының Қарасу аталған шөлейт топырақты шағын алқабынан дүние жүзінде бұрын-соңды болмаған жоғары өнім алуға алпыс жастан асқан қарапайым қазақ шалы қалай жеткен? Мұны дүниетанымы тар көпшілік әрине түсінбейді. Үлкенді, кішілі биліктің басында отырғандардан да түсінік дәметпейсің. Түсінуге деңгейлері жетпеді. Осылайша елдегі билік әліге дейін ұлтымыздың мақтанышына есте жүрерліктей бір дұрыс атау табуға жарамай, «болмайтынды болдырған» ұлы адамды өзі де ұмытып, өзге жұртты да ұмыттырумен келеді. 1943 жылы дихан соңғы рекорттық өнімін алғанда Кеңес Одағы ғылым академиясының академигі, биолог және агроном ғалым, Одақтағы өсімдіктер ғылыми академиясының президенті Трофим Лысенконың Шығанаққа жеделхатында «сіз ғылым болжағаннан асып өнім алдыңыз» деуі біздің әрқайсымызды «ғылымның болжауынан» деген не екенін ойландыруға тиіс еді. Оны академик түсінді. Оны түсініп атақты неміс ақыны, драмматург Бертольд Брехт Германияда жүріп таңданумен «Тары» деген дастан жазды. Түсінгесін Ресей жазушысы Шығанақ туралы эссесіне, назар аударыңыз, «Болмайтынды», иә «Болмайтында болдырған адам» деп тақырып қойды.
Иә, олар түсінді. Біз әлі түсіне алмай келеміз.
И.Сталиннің Шығанаққа телеграмма арқылы шайқастағы армияға көмек ретінде көп көлемдегі астық бергені, самолет, танк колонасын жасақтауға 50 мың сом ақша бергеніне алғыс айтатыны да осы 1943 жыл. Сталин алғысын шашыратпаған көсем еді. Дихан бұдан да бұрын, шамамен 1940 жылы, өнім алудағы екінші рекорды елдегі ең жоғарғы награда – Ленин орденімен марапатталып, «Правда» газетінде көлемді мақала жазылғаннан кейін атағы Одаққа тарап, көп жерлерде тары дақылын өсіру «Берсиевшілер қозғалысы» атауымен кеңінен өріс алған болатын. Осылайша, жаппай жігер тудырған ізгілікті өрлеудің әсіресе, Ақтөбе өңіріндегі көріністері Шығанақтық рекордқа жетпегенімен қарқындылығымен сүйсінтті. Диханға алғыс айтып, тәржірибесін бөлісуді сұраған хаттардан осы жылдары бір үзіліс болмаған. Шығанақтық тары ашыққан елге азық болды.
Сол 1943-тің жазында үкімет басшысы Мәскеуге Шығанақпен өзі бірге барып, диханның денсаулығын Кремльде тексерткенде дәрігерлер Нұртас Дәндібайұлына сырқаттың дендеп кеткендігін, енді бой бермейтінін айтқан. «Біз бұл жағдайды күйзеліспен қабылдап, диханға басқаша айтудың амалын таппай «дәрігерлер қорқынышты ештене жоқ, дейді, жазып берген ем-дәрісімен жақсарып кетерсіз» деп қимастықпен мұнайып елге шығарып салдық, дейді Оңдасынов естелігінде. Ол елге оралғаннан кейін көп ұзамай орылған егін, диханның соңғы егісі гектардан 201 центнерден алынған өнімді көрсетіп, бұл туралы хабар тез тарап, дүниені дұр еткізді. Мәскеулік қаламгер Геннадий Фиш Шығанақтың таңғаларлық табысына таңдай қаққандай етіп «Болмайтынды болдырған адам» деген очерк жазып, әлемнің көп елдері атақты неміс ақыны драматург Бертольд Брехтың «Тары» деген дастанын оқыды. Америка хабарларында Шығанақты «тары докторы» деп атады. Бүкілдодақтық ауылшаруашылығы ғылымы академиясының президенті, академик Т.Лысенко диханға жолдаған жедел хатында «сіз алған өнім ғылымның болжауынан да асып кетті» деп жазды, дедік жоғарыда.
Осылайша Кеңес Одағының басылымы Шығанақты айдай әлемге «Болмайтынды болдырған адам» деп жазса, есімі дүние жүзіне мәлім академик дихан өнімнің түсімі «ғылымның болжауынан да асып кетті», ал алыстағы Америкада оны «тары докторы» десе, осы адамға бір дұрыс атау беруді қимайтындай біздің елге не көрінген? Феноменнің табиғатын танып, тап басып айтуға біздің біліктік деңгейіміз жетпеді… Үш ғасырлық патшалық пен қызыл езгідегі санада әлі жүрміз. Бұл екі пікірді де тегін айтылған дей алмайсың. Бірі — ірі державалы елдің өсімдік әлемі ғылымының жетекшісі, солай айту керектіктен айтқан. Екіншісі-Америка Құрама Штаттары — ғылым мен техникада дүние жүзіндегі ең озық ел, көптеген өзге жұрттың үлгі алар жері осы АҚШ. Бүгінгі ұрпақ біле бермеуі мүмкін, ол әрине ғылымның есебінде, өткен ғасырдың жиырмасыншы жылдары дүние жүзі бойынша пайдалы өсімдіктер тұқымдарын жинау, сақтау және пайдалану мақсатында жүргізілген экспедициялардың алғы шебінде болған нақ сол американдықтар. Олар Шығанаққа теліп «доктор» деген дәрежені, атақ пен мәртебені тегін айтпаса керек. Өсімдіктің құнын білетін ел. Соның бір мысалы елдің әйгілі ботаник ғалымы Рок алапес ауруын емдейтін өсімдіктің барын естумен осы кезге дейін ақ адам аяғы баспаған алыс Сиамның (қазіргі Таиланд) таулы, шатқалды жерлерін қауіп-қатерге қарамастан аралап, әлгі өсімдікті тауып оралған.
Бұлар Шығанақтың тары дақылын өсірудегі теңдессіз көрсеткішінің растығын мойындаған шетжұрттың шынайы лебізі екендігін еске салу. Сонда, сөз жоқ, дихан өсімдіктер академиясының президенті, одақтық ғылым академиясының академигінен, дүниедегі ең озық ел Америка тарапынан әлгідей бағалауға қалай жеткен деген сұрақ тууы әрине орынды. Ондай сұрақ жоқ. Жоқ екендіктен айтайық-мұндай сұраққа бір ғана жауап сөз шығады, ол – таным. Осы сөзбен байланысты италияндық ақын Франческо Петрарканың (1304-1374): «Танымнан өзге ләззат бар деп білмеймін.» — деген сөзі еске түседі. (Петрарка, «Росад». Москва. 1997 ж.). Осы ұғымды бекіте түсетін тағы бір дәйек — белгілі жазушы-журналист, қоғам және мемлекет қайраткері, академик Бауыржан Омаровтың Қаныш Сәтбаев туралы жазған «Қаныштың құпиясы» материалындағы ежелгі латын мәтелі еске түседі: «Тамшы тасты теседі күшпен емес, көп тамып, адам ғалым болады күшпен емес көп танып» («Егемен Қазақстан». 12 сәуір, 2025 жыл). Ол атыздардың бойында күні бойы кетпен арқалаумен егістікте тек қара күшпен күн кешкен шаруа емес, оның үлкен ұлы инженер Махмудтың естелігі бойынша жазылған «Шығанақ Берсиев» кітабында айтылады, өзге жазбаларда кездесе бермейді: ол егінді баптау, күтудің генетикамен, биологиямен, математикалық есеппен, селекциямен, тыңайтқышты үстеумен байланысты ғылыми норамаларды, тәсілдерді туабітті зерде, зейін қуатымен игерген адам. Селекциялық тәсілдің нәтижесінде дақылдың «Шығанақтың ақ тарысы», халық арасында «Ақбикеш» атауымен тарының жаңа сорты пайда болды. Салмақтылығынан басын әзер көтеріп тұратын келдектің біреуін қолмен үгіткенде бес мыңнан астам дән шықты. Орта есеппен екі мың дәнді кез келген келдектен алуға болады» («Қазақ әдебиеті». 4 том. 587 бет. Алматы. 1979 жыл).
Шығанақ егінді күту, баптау барысында күннің сәулесін, айдың жарығын, ара-тұра Каспий теңізі жағынан соғатын шынбын-шіркейлі желді де есепке алған. Дихан осы секілді өзге де ТАНЫМДЫҚ, тәжірибелік сыннан өткен істерін үнемі жетілдіру арқылы жылдан жыл өткен сайын өнімді ұдайы молайта түсумен 1943 жылы «болмайтынды болдырып» дүниеде енді қайталануы сұрақ тудырған рекордқа жетті. Ал бізге, кейінгі пенделерге, ол еңбекке жарамдының барлығы соғыста, ауылда қалған азын-аулақ, белдері бүгілген кемпір, шалдар мен кетпенді қолдары шаққа көтеретін балалардың істері сияқты көрінетіні таңдандырады. Шығанақ тек соларды бастап қана жүрген секілді. Ең өкініштісі осылай пайымдаудың үлкенді-кішілі биліктің басындағыларда да бар екендігі қайран қалдырады.
Ел ішінде «қазақтың қара шалы» деген сөз тіркесі сирек кездеседі, бірақ айтылады. Сиректік себебі ол тек әйтеуірі айтыла салуға жатпайтын ұғым. Ұмытылса бүгінгі цифрлық, информациялық жасанды интеллект, бір күнінен бір күні жылдам зырлап өтіп жатқан заман енді қажет етпегендіктен ұмытылған болар. Ал өткен уақыттарымызда «қара шал» хан, би түсіп ақылдасатын тұлға болған. Бұл тіркестегі «шал» сөзінің мағынасы баршаға мәлім – қариялық жастағы адам.«Қара» көп мағыналы сөз ретінде мұнда мысалы, түсті білдірмейді, «күш, қуат, молшылық, көптік» сияқты көтеренкі айтылатын мағыналарға меңзейді. Ал ол мына тіркесте ақыл, ес, қайрат, қуаты қалпындағы шалды бейнелейді.
Шығанақтың кім екендгін кәдуілгідей үйреншікті бір тұжырымға сыйғызып айту мүмкін емес. Оның білімі, болмысын, табиғатын тануға философияның пайымдары ғана көмектесетінге ұқсайды. Жоғарыда айтылғандай, Шығанақ туылымынан сабырлы, қандай жағдайда да асықпайтын, аптықпайтын, ойлап сөйлеп пішетін алысты да, жақынды да тең көріп қарайтын, әділдігі әр ісінен аңғаралатын тұлға болып қалыптасқан адам. Оның өмірін зерттегеннің осыған көзі жетер еді. Осы реттердің есебімен келгенде, ол философиядағы стоицизмді еске түсіреді. Біздің жыл санауымыздан бұрынғы 3 ғасырда өмірге келген ілім әлі күнге дейін өмірдің қандай күрделі, қатал жағдайларында да азбай, тозбай, қалыпты өмір сүре білудің сабақтарын үйретумен келеді. Бұл диханға үйренумен келген ілім деу емес, ол философия пәнін мүлдем білмеген адам, оның әлем таныған Шығанақ болып қалыптасуына жаратқан о баста дарытқан әлгідей стойіктік мінезбен қандай жағдайда да ауытқымай өмір сүргендігін көрсететін сипат.
Көне замандағы ұлы грек Гераклит (540-480 жж.) айтқандай: «мен ешкімнен ақыл алған жоқпын, өзімді өзім зерттедім, өзімнен өзім үйрендім» сөзін агробилогия, агротехника, ботаника ғылымдарын оқулықтар арқылы игермеген Шығанақ айтқан екен десе де артықтығы жоқ. Айта кету керек, стоицизмге (сірә оны қазақшылағанда «орнықтылық» деуден алшақтығы жоққа ұқсаса керек) даралық іс, адамгершілігін жетілдіре беру мақсаты тән ілім. Большевизмдік қасырет тұсында сол орнықтылықтан аумай, адамгершіліктің нысаналары: қарапайымдылықты, шашырамауды, шалдықпауды, өзгермеуді, әділетке деген бейімділікті, қолға алған ісіне деген табандылықты сақтап қалу ойланғанға оңай істер емес екендігі белгілі. Баласы инженер Махмудтың естелігі бойынша жарық көрген кітаптан басқа жерде жоқ, Шығанақ өз білігін айналасынан үйренген адам емес, өзінің рухы арқылы тапқан. Стонцизм орнықтылық іліміне сәйкес жақсылық пен жайлылыққа жеткізетін жол екеу ғана: философиялық тағылым, яғни адами ерік-жігерлі ақыл-ес, сосын руханилық. Диханда осы екеу де болғандығын кітаптан табылады. Ғалым болу ғылымда оқып-білуден десек, дана болу адамның өз табиғатыннан. Шығанақтың өміріне көз жібергенде танымдық-тарихи осындай бірер сәйкестілік көлденеңдей беретін секілді. Сәйкестік-салыстырылмалы ұғым, оның шекарасы жоқтықтан танымы алыс, уақыты ой да жетіп болмайтындай ұзақ болуы әбден мүмкін. Біздің әңімеміздің өрісіне байланысты бұдан елу ғасыр – 5 мың жыл бұрын тастан тұрғызылған Египет пирамидалары еске түседі. Осы кезде жоғарғы және төменгі делініп екіге бөлініп келген Египет бірігумен жер бетіндегі алғашқы өркениетін бастағанда елдің патшасы-фараон Джосер Құдай деп танылумен құдайлық істерге кіріскен. Бұған дейін ағаштан, қамыстан, шикі және күйдірілген кірпіштен салынған үйлер енді бұл өңірде бұрын соңды болмаған Джосер фараон-Құдайды бейнелейтіндей тастан тұрғызылған ғаламат құрылыспен таңдандыру керек болды. Жаппай діни наным-сенімнің уақыты-фараон — Күннің ұлы, Гор құдайдың жер бетіндегі көрінісі, Осирис (Өсіріс) Құдайдың жердегі ізбасары-ойға алған құрылыс осыншалық ұлылықтың таспен қаланған көрінісі ретінде керек болған.
Ол заманда үйлерінің сиқы әлгідей, құрылыс өнері жеке адамдардың ойы, сезімінде болмаса, жүйелі оқуда, үйренуде, ғылыми тәсілдермен ұштасқан тәжірибеде мүлдем жоқ іс екені мәлім. Алайда елге бір емес үш Құдайды бейнелеп келген фараон «болмайтынды болдыра алмаса» қай жері Құдай, өзінің қолынан келмесе дананың қолынан келеді, ел ішінен сұңғыла жандар табылмай қоймайды, табылады.
Сөйтіп, адамзат тарапында сірә, алғаш рет «дана» деп айқындалған тұлға пайда болған, ол – Имхотеп – ақыл мен істе жан-жақты даналығымен кейінге таңбаланып жеткен жоғары деңгейдегі діни қызметкер, білігі жазушылықта, медицинада да дәуірлеумен екі рет Құдай атағында болған адам. Джосер патшаның тұсында барлық пирамидалардың құрылысына басшылық еткен нақ осы Имхотеп. Әрқайсысының салмағы 2 тоннадан асатын қашалған, тегістелген тас бөліктерін 147 метр жоғарыға көтерумен, арасынан пышақтың жүзіп өтпейтіндей шеберлікпен қиыстыра қаланған құрылысты атқарудың тәсілдері бес мың жылдан бері «ғылымның болжауына да дес бермей» аңыз күйінде қалып келеді.
Реті келгесін айта кету керек болып тұр-біз, қазақтың перғауын деп жүргенінің пирамидаға да, фараонға да қатысы барға ұқсайды. Пирамиданың ілкі атауы пер-о египетінің «үлкен үй» деген ұғымынан пайда болған-перғауын. Ал Осирис құдайыдың есімі дана Олжасымыздың зерттеп, дәлелдеуінде түбірі «өс», одан ұлы лингеист-ғалым оны зерттеудің барысында аудара қарап, ақтара тексерген әлемдік сөздіктерде бұл сөз қазақтан өзге бір де бір тілде кездеспеген яғни, қазақтың төл сөзі.
Екінші сәйкестік жоғарыда айтылған әлгі стоицизм, үшіншісі – Ватикандағы Сикст капелласындағы көркем өнердің ғажайып туындысы – Микеланджело Буонароттидің Інжіл тақырыбындағы фрескалары. Рим папасы «мен суретші емеспін, мүсіншімін» деп тартынғанына қарамастан күмбезді көркемдеуді Микеланджелоға тапсырған еді. Сол күрделі іске 33 жасында кіріскен ұлы шебер биіктігі отыз метрге жуық ғимараттың күмбезіне төрт жыл бойы тік тұрумен суретті ұдайы шалқалап салғасын 37 жасында буын ауруы, омыртқалардың қисайуы, жоғарыдан ұдайы тамған бояу тамшыларымен құлақ ауруларымен шықты. Төрт жыл бойы шалқайып сурет салғандықтан басы төмен қарауға игілікпей шалқайып отырып оқитынға тап болған… Содан бері бес ғасыр өтті, көркемөнердегі шедевр адамзатта таңдандырумен әлі тұр. Шығанақ о бастан диханшылықтың адамы емес еді. Ел ара-тұра отырықшылыққа ауысққаныннан кейін күн көріс көзінің бір амалы ретінде Ойылдың қуаң даласында климаттық жағдайында бірде өнсе, бірде өнбейтін тары дақылын ашқұрсақ ауыл тұрғындары шағын қырлық алқапқа өсіретін. Кейін, етектегі Ойыл суын түйешығыр арқылы жоғары көтерудің мүмкіндігі табылғанда егіс көлемі ептеп ұлғая бастаған. Енді суарма жағдайында өнімнің молаятынын көргеннен кейін Ақтөбе қаласынан су шығаратын құрылығыға қолы жеткенде барып, дақылды өсіріру мен өндіруге түбегейлі кіріскен. Арғы жағы белгілі… Италияндық шебер әлемді тандандырған шедеврді әлгідей ауруларды жамап төрт жылда аяқтады. Шығанақ «болмайтынды болдырып», «ғылымның болжамынан да асып» америка тарапынан «тары докторы» деген атаумен бесінші жылды әлемді тандандырған ең үздік рекордпен, өте ауыр сырқатпен аяқтап, келесі 1944 жылдың көктемінде өмірден өтті. Тары дақылын өсіруге 60 жасында ғана ден қойып айналысқан қазақтың қара шалы не бәрі бес жылдың ішінде дүниеде бұрын сонды болмаған көрсеткішке жетіп әлемді елең еткізген «Дана шал» атанып өткенде енді оны ел есінде сақтау мақсатында Нұртас Ондасыновтың басшылығымен мемлекеттік комиссия құрылып, бірқатар шараларды жүзеге асырудың міндеттері белгіленген болатын. Шаралар соғыстың төртінші фазасындағы елдің аса ауыр жағдайын есепке ала отырып жасалғандықтан, республика деңгейінде де, жергілікті жағдайда да орындалу мүмкіндіктеріне негізделген еді. Алайда, 1951 жылы Нұртас Дәндібайұлының басқа қызметке ауысуымен ол шаралар шикілі-пісілі күйімен қала берген.
Сол қала берудің ақыры бүгінде атақты диханды елде ұмыттыруға әкеліп отыр. Бүгінде Шығанақ есімі аталғанда еске түссе екі дерек қана еске түсуі мүмкін. Оның бірі – кітап-жазушы Ғабиден Мустафиннің «Шығанақ» романы. Екіншісі – рекордтық өнім алынған далалықта – кезінде «Қарасу» деп аталған егіс алқабындағы жалғыз тұрған, белгілі сәулетші Төлеу Бәсеновтың жобасымен 1947 жылы салынған «Даңқ мұнарасы». Содан бері сексен жыл өтті. Ол сәулетшінің пайымы бойынша теңдессіз өнім алынған жердегі еңбектегі биіктікті бейнелейтіндей мағыналы ескерткіш ретінде тұрғызылған. Оны жоғарылап көтерілу үшін жасалған айналма баспалдақ бір жағынан диханның рекордқа жетуіне өрлеуді меңзесе, екінші жағынан атышулы аңыз – тарих Зиккурат мұнарасын еске салатын сәулеттік өнер. Сол қайран ақшаңқан ескерткіш ешкім бармайтын, ешкім келмейтін күйінде айдалада, шөптесін жазықта сексен жыл шамасынан бері қалқиып жалғыз тұр. Далада тұрған тарихи – сәулеттік ескерткіш емес, қашан тұрғызылғаны, қалай, кім тұрғызғаны бимәлім ұмыт қалған көне мазар секілді. Ешкім тәу етіп бармайды, ешқандай жол жоқ. Осы жерге, жоғарыда айтылғандай, екі қанатты қарапайым аэропланмен әдейі келіп, диханмен пікірлесіп, кейін ол өмірден өткенде оны есте қалдыру үшін өзге де шаралармен бірге осы «Даңқ мұнарасын» тұрғызуға тәртіп берген қайран Нұртас Оңдасынов — сол кездегі үкімет басшысы еске түседі. Бүгінде ол ескерткішке тіпті ауылдық округтің басшысы да аяқ баспайды. Иә, бүгінгі елдің басшылығы да, қосшысы да Шығанақ феноменін мәнгүрттіке салынып ұмытумен келеді. Роман сол жарық көрген қырқыншы жылдың өзінде елеулі сынға ұшырады. Оны автордың өзі де мойындады. Бұл пікірлер 2005 жылы Ақтөбе қаласындағы «Нобель» баспаханасынан жарық көрген «Шығанақ Берсеев. Тағдыры мен тағылым» деп аталған кітаптың 129-бетінде берілген. Тоқетерін айтқанда, романда большевизмнің насихатындағы еңбекқор, «социалистік жаңа қоғам шаруасының алдыңғы шебінде» жүрген Шығанақ бар секілді, алайда қалайша «болмайтынды болдырып» әлемді таңқалдырған, көркемдік қуатпен лайықты сомдалған Шығанақ мүлдем жоқ. Бірақ бұл пікірді тек тұлғаны толық сомдау деген үміттену, дәмелену тұрғысында ғана айтуымыз керек шығар. Әйтпесе қазақ көркем әдебиетінің бүкіл тарихында Абайдың концепциясындағы Шығанақ сияқты «толық адамды» толымды етіп бере алудың мысалы әзірге жалғыз. Ол дана Мұхтар Әуезов, «Абай жолы» эпопеясы. Заңғар жазушы Мұхтар Әуезовтың эпопеясы ұлы Абайдың биік поэзиясы мен терең ойшылдығын талдауға арналған шығарма емес, олар әдебиеттану, философия ғылымдарында Зерттеліп, зерделеленген, жазушының мақсаты – кемеңгерліктің сыры мен сипатын көркемдік қуатпен ашуында. Тарихты жасайтындар көпшілік емес, өмірге сирек келетін көрнекі перзенттер. Сондықтан да қазақ дегенде Абай еске түседі. Халық серкесі барын сезінгенде ғана түзу жолын көріп, жөнге түспек. Сойып келгенде, тарих дегеніміз адам, адамдар-ұлттың ұлық перзенттері. Халқымыз Абайын тапты, алайда ұлы ақын жалғыз емес, болмас білімі Абай тектестікте ашылуға тиіс көрнекті перзенттеріміз дана Мұхтар сипаттағандай көркемдік күш-қуатпен ашылуын күтулі. Олар елге, тарихымызға, ұрпаққа керек: ғылымда-Шоқан, ағартуды-Ыбырай, батырлықты-Бауыржан Момышұлы, елдік сарында-Өзбекәлі… Шығанақ осы қатарда. Шығанақ тақырыбы әліге ашық тұр. Елде, өңірде «шығанақтанушылар» жоқ, ұлы адам еді деп даталы кезеңдерін атап өту де көрінбейді. Осыдан жиырма жыл бұрын бір топ жанашырлардың диханның туғанына 125 толуын атап өту жөнінде мәселе көтергені есте. Өңір билігі оған да назар аударғаны шамалы еді, тек республикалық «Егемен Қазақстан» газетінде, 2005 жылғы 24 тамыз күнгі санында «Шығанақ ол – қазақ елінің еңбек паспорты» деген көлемді мақала жариялағаннан кейін ғана мойын бұрған. Сол шараның өту барысында Ойыл ауданы орталығындағы музейге диханның есімін беру мен егін салған Қарасу жеріндегі шағын ауыл мектебіне оқу құрал-жабдықтарын тапсырудан өзге есте қаларлықтай шаралар көрінбеді. Ал Ақтөбе қаласындағы ауыл шаруашылығы колледжіне Шығанақ есімін беру ұсынысы араға он алты жыл салып барып орындалып, кеуде мүсініне облыс орталығы алаңдары бірінен орын табылмағандай қаланың шығыс шетіндегі елеусіз түкпірге апарылып қойылды.Ұлы адамның ескерткіші бұлайша түкпірде тұрғаны елден ұят, жарқын жарық жерге шығару керек деген ұсыныстар кезектесіп келген бес әкімдер қатысқан жиналыстарда айтылғанымен, әлі сол түкпірде тұр. Өзімізге өзіміз «қандай елміз,ә?» деп сұрақ қойғандаймыз. Астана да бір көшесіне есімін беруді қимай келеді.
Шығанақтанушылар, зерттеушілер болған емес. Жазушы Ғабиден Мұстафиннің романы қашан, қайда, қалай жазылғанын көп оқырманның біле бермесі анық. Еске сала кетуге болады, жазушы дихан қайтыс болғаннан кейін 1944 жылы кітап жазуға арнаулы тапсырмамен Ойыл ауданына жаз айында келеді. Бұрын көрмеген өңір, жұртының таныстығы жоқ. Соғыс әлі өршіп тұрған шақ, шал, кемпір, әйелдер, бала-шағадан басқаның бәрі майданда. Аудан басшылығындағылар қуғын сүргінде әлі бірі кетіп, бірі келіп жатқан жылдар. Жазушының дихан туралы сұраған сұрақтары осы ортада. Олар алапат ашаршылықтан азып, тозумен шыққан, елде қуғын – сүргіннің қалың бұлты әлі тұтасып тұрған қатерлі шақ, саясатпен үйлеспейтін артық – ауыс сөз үшін айдалып, атылып кетіп жатқан уақыттың адамдары жазушының сұрақтарына күдікпен қарап жартымды дерек бере алмаған, оның үстіне, әрине жазушының ойынан шығатындай пікір айту сірә жоқ. Осы жағдайда ел ішінен естілгенін, білгенін жинақтаған жазушы бар болғаны екі ай шамасы жүріп, жылдың қалған төрт, бес айында жазуды аяқтап, 1945 жылы баспадан шығарады. Яғни романда назар аударлықтай татымды деректер жоқ деген сөз. Осындай себептердің де әсері болса керек «шығанақтанушылық» осы кезге дейін дербес зерттеу ретінде көрінген жоқ. Әрине танымдылық-біліммен айналысу, алдымен ғылыми тәсілді қажет ететіні белгілі. Бүгінде оқырманның қолына тиіп отырған «Тары тарих қаты» деген кітаптың дихан туралы өзге басылымдардан ерекшелігі-алғаш рет оны ғалымның дайындауымен жарық көргендігінде. Филология ғылымының докторы Бейімбеттанушы жазушы-журналист, қоғам қайраткері Серікқали Байменшеге Шығанақ танымдық жағынан да, тақырып жағынан да жақын. Ол сексенінші жылдары Ақтөбе облыстық газетінде қызмет істеді. Елдегі басқамыз не енжарлықтан, не ауырсынғандықтан 1948 жылы Одақтық «Огонек» журналында орыс тілінде жарияланып, содан бері қазақшасы болмаған Ресейлік жазушы Геннадий Фиштің Шығанақ туралы жазған көлемді көрнекі очеркін 1986 жылы алғаш рет С.Бәйменше тәржімелеп айналысқа енгізді. Кейін шығармашылық ғылымдық, мемлекеттік жоғары лауазымды қызметтерде жүргенде қандай ісінде де елдікке мән берумен келе жатқан тұлға. Мәскеуде Бүкілодақтық статусымен жұмыс істеген әйгілі көрме екі рет жабылып, үшінші рет енді Ресей федерациясының өз меншігі ретінде жиырмасыншы жылдары бұрынғыдан да көріктендіріліп қайта ашылғанда бұрынғы Қазақстан павильоны аталған енселі ғимараттың алдыда Шығанақ пен Жамбылдың монументальді статуяларының сол бұрынғы көптің көзі үйренген қалпында тұрғызылуында, сөз жоқ, сол тұста Қазақстанның Ресей Федерациясы елшілігінде жауапты қызмет атқарған ғалым, қайраткер Серікқали Баймешенің еңбегі бар. Шығанақ дана, даңқтың туғанына 145 жыл толуы қарсаңында дихан өмір сүрген кезеңде дихан турасында әртүрлі басылымдарда жарық көрген, бірақ осы кезге дейін бимәлім материалдарды араб, латын тілдеріндегі мәтіндерден аударып, жинақтап шығарған жаңа кітап сонылығымен, ұлы диханның есте қалмаған өмір жолдарын зерттегенге, зерделегенге мүмкіндік мол екенін аңғартатын туынды.
Ал әзірге әлемге айтулы еңбекті қазақтың қара шалы болып бастап, өмірін тану, тоқу арқылы ғалымдыққа жеткізіп, дүниені дүр еткізіп таңдай қақтырумен аяқтаған дана шалды ұмытумен келеміз. Неге екені белгісіз, алайда бізден басқа тіптен алыс елдер оны ұмытпайтынға ұқсайды. Ұмытпағандықтан Германиядан 2006 жылы Ойылға Шығынақты іздеумен екі зерттеуші келді. Олардың сонда егістікте тарысы жоқ бұл жақтан не көріп, нені түсініп, қалай оралғандарын еш адам білмейді. Дүниеде тары дақылының 400 түрі бар екен, олар Азияның, Американың, Африканың қоңыржай климат белдеулерінде өседі. 2023 жылдағы тамыз айында Жапониядан Ойылға Шығанақ феноменін қырық жыл зерттеумен айналысып жүрген «Осака Гакуин» университетінің профессоры, этноботаник ғалым Эмика Такеи келді. Осака – жан – жағындағы аралдардағы он бес миллион тұрғындары бар шағын қалалар мен ұсақ елді мекендерді агломерацияға біріктірген, көлемі мен экономикалық қуаттылығы жөнінен Токиодан кейінгі екінші ірі орталық. Аталған университеттің профессоры, өсімдік әлемі бойынша халықтық білім, ілімді жинақтау мен жүйелеу ісінің маманы, этноботаниктің бес мың жарым шақырымнан ұшақта он сағат отырумен Алматы — Ақтөбе қаласына, одан Ойыл ауданына жеткендегі мақсаты – өзі қырық жыл бойы зерттеумен келе жатқан, шығанақ өсіріп даңққа бөленген тары дақылын өсіру мен жинаудың дихандық тәсілі мәліметтерімен жете танысу екен. Әйтпесе, құрамынан протейн, крахмал, ақуыз, май мен қант заттар бар, өңделгенде қалдықтарына дейін мал азығына пайдалы, бөккенде алты есеге дейін ұлғайып тоқтық ететін тары дақылын өсіру мен жинаудың агрохимиясын, агротехникасын іздеп келмеген. Содан ол Ойыл ауданынан нені көрді? Ештеңе. Шығанақтың есімін әлемге әйгі еткен егістігі шөптесін өсімдіктермен мүлгіп жатты. Ғалым сол ұзақ жылдардан бері даңқты диханың елі мен жерін көріуді, ол жақта дақылды қалай өндіріп, қалай жинайтынын көруді арман етумен келген екен. Бұл дерек облыстық «Актюбинский вестник» газетіндегі он төрт жолдық информациядан ғана мәлім болды, басқа республикалық, облыстық басылымдарда мұндай хабар кездеспеді. Ал оған республика, облыс билігінің мән бермегеніне таңғалу жоқ,меніреулік қашаннан үйреншікті жағдай. Тары сөктік қалпынан тағам болып ауызға түскенше, мысалы, ұнға айналғаннан кейін тағам боларлық бидайдай емес, уақыт пен еңбекті қажет етіп бірнеше өңдеуден өткізілетін дәм екендігі болмаса, қоректігі, елуден астам түрлі тағам жасалатындығы жағынан, оның үстіне бұзылмайтын ас ретінде құндылығы қайсысынан да артық болмаса, кем емес дақыл. Біріккен Ұлттар Ұйымы 75-сессиясында 2023 жылды «Тары жылы» деп қабылдады… иә, біз ұмытып жүрміз, нені, кімді ұмытып жүргенімізді білмеумен келеміз.
Отаршылдықтың ауыр қамытынан шыққан, Кеңес Одағы деп аталған саяси құрылым елге большевизм деген зорлық – зомбылық қамытын кигізумен өткізген жетпіс жыл өз құрамында құрсалған ұлттар мен ұлыстарды ашаршылықпен, қуғын – сүргінмен, дамуы жоқ жоспарлы экономикасы тудырған тоқырау, дағдарыстармен елді қан қаксатып кетті. Шығанақтың бүкіл өмірі сол жүйенің драмасы мен қасіретінде өтті. Жүйе тудырған азаптың бәрін де басынан өткерді, сөйте тұра адамгершіліктен, әділдіктен, ақыл – естен таймай, ауыртпалықтың қандайына да илікпей, биік адамдық, жасампаздық қалпын сақтап қалғандығы таңдандырады. «Тәжірибеде көрінгендей, табиғат дарынды етіп жаратқанын да, ерекше сұлулық бергенін де бақытсыздыққа душар етеді. Өйткені екеуі де поэтикалық жаратылым». (Дени Дидро «Солон 1767 года»).
Бүгінгі түсінік бойынша жуйелі ғылыми оқуы жоқ, енді ғана есігін ашатын орта ғасыр әлі ұзақ алда, алыста сол ерте уақытта инженериялық істер мен ойды тек басында ғана ұстаған дана Имхотептің нұсқауы, басқаруымен тұрғызылған ғаламдық ғажайып құрылыс-пирамида әліге сол қалпында – бес мың жылдың шежіресі. Тағамдық құндылығы тас ғасырларынан ізделетін тары дақылы бұдан он мың жыл бұрын адамзат тіршілігінің терімшілік тұсынан күні бүгінге дейін үш құрлықтың ондаған елдерінде әлі жалғасын үзбеген дақылдың Шығанақ алған өнімі еш уақытта, еш жерінде қайталанбай әлі тұр.
Дүниеде мәңгілік жаратылым жоқ. Бәрінің де шегі бар. Мәңгіліктен үміткер египет пирамидаларының да тозатын уақыты келетін шығар. Ойландыратыны бұл емес, ойландыратыны-күрделі теория, теоремалар, формулалар арқылы жүргізілуге тиіс құрылыс өнерінің – оқуы, білімі, тәжірибесі жоқ алыс, өте алыс заманда ғалымға ғана тән тәсілімен мінсіз атқарылуы жұмбағында. Сөйтсе, ой жетіп болмайтын есептер, таңқалғандай тәсілдер мен айқын ережелер жазуға, сызбаға түспес бұрын қайда да, қашан да сирек даналардың басында болады екен. Имхотеп біздің ұғымымыздағы «ғалым» емес, оқу, тоқу көрмеген, тәжірибелерден өтпеген, бар білігі бір басында жүрген Дана адам, білімнің байлығын сәті түсіп керек болған жағдайда, керек жерде ашты-жұмбақ шешілді.
Адамзаттың бүкіл тарихындағы ең көне және сол күйінде сақталып қалған жалғыз ғаламат құрылыс-египет пирамидаларымен теңестіріп салыстыратындай өзге мысалы жоқ екендігі белгілі. Бұл әңгімеміздің атақты дихан Шығанақ тақырыбына кірістірілуі салыстыру емес, пирамида қайда, қуаң дала Қарасудың шағын егіс алқабындағы рекорд деп жүрген өнім қайда – мәселе ғылымда да емес, ғылымды тудыратын Даналықта-бұдан елу ғасыр бұрын сол «болмайтынды болдырған» не бәрі діни қызметкер Имхотеп пен осы заманда да «болмайтында болдыра білген» қазақтың қара шалы Шығанақтың туа бітті даналығының мәніне меңзейтін сипатында, қазақ ұлтының мерейінде.
Сөйтіп ұлы тұлғаның жұртшылықтың талабымен жасалған кеуде түкпірге, адамның өзі түсе бермейтін қалтарысқа қойылып, елде Шығанақтың елесі қалды. Мәдени вандализм деген осы.
Идош АСҚАР,
Ақтөбе қаласы.

Related Articles

Back to top button